RSS лента

Қазақстанда таксист көбейіп, малшы азайды...

  • 19.08.2024, 12:44,
  • 184
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

«Мал баққанға бітеді» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Алайда, қазір өз ісін бес саусақтай білетіні былай тұрсын, тіпті, мал бағуға келісетін адамның өзін табу қиынға соғып тұр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Соның ішінде, атакәсіпке бет бұрған жастар жоққа тән. Оған не себеп – ауыл тірлігінің ауырлығы ма, әлде төленетін жалақының тым аз болғаны ма?

 

Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала, бұл – ауыл, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Рас, қазір адамзат баласының дүниетанымы өзгерді, оған нарық заманы өз өрнектерін салуда. Бірақ, «өркениетті елдер қатарына қосылдық екен» деп өткеннен бас тартуға болмайды ғой. Президенттің өзі «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деді емес пе? Жастар «малдың соңында жүргіміз келмейді» деп мұрындарын шүйіреді. Ал, аштық пен зұлмат жылдарында қынадай қырылған қазақ сол малға зәру болғанын ұмытып кетсе керек. Болмаса, тарихты білмейді. 

 

Бұл ретте, мал шаруашылығымен көз ашып, әлі күнге дейін төрт түліктен табыс тауып отырған Мақат ауданына қарасты Бәйгетөбе ауылының байырғы тұрғыны Шияп Хамзаұлының да өз айтары бар.

 

– Өкінішке орай, қазір шопан таяғын ұстап қалар малшы қалған жоқ. Жастар ат ауыздықтап, мал баққаннан гөрі темір тұлпар тізгіндеп, «клиент» баққанды жөн көреді. Енді қайтпек керек? Бұрындары кеңес үкіметі кезінде кәсіптік-техникалық училище деген болды. Меніңше, соны ауылдардан ашатын мезгіл жеткен сияқты. Мәселен, облыс орталығында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын аграрлы-техникалық колледж бар. Онда экономист, есепші, электрик, механик, технолог, кеме жүргізуші, құрылысшы, фермер, балық өсіруші, ветеринарлық фельдшер мамандықтары оқытылады. Тым болмаса, соның жанынан малшы, шопан, жылқышы, қойшы бөлімдерін қосымша ашуға болады ғой. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе, - дейді ол.

 

Кезінде «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз» деген Қаздауысты Қазыбек бидің осы бір сөзін уысымыздан шығарып алғанға ұсқаймыз. Мұны малдың еті мен сүтін, одан қалды жүні мен терісін кәдеге жарата алмағанымыздан да аңғаруға болады. Тері демекші, оны өңдейтін цех тағы жоқ. Мәселенің мәнісін ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев былайша түсіндіреді.

 

– Қой жүні өңделмес бұрын жік-жікке бөлінуі тиіс. Ал, бұл үшін өрістегі қойлар өз тұқымдарына қарай бөлек-бөлек жайылуы керек. Яғни, асыл тұқымды мал өзге тұқымдастармен араласып, сіңісіп кетпеуі тиіс. Әйтпесе, жүннің сапасы да өзгеріске ұшырайды. Әйтсе де, бүгін қойды қалай өсірмек түгіл, оны бағатын адамның өзін шам жағып іздесек те, таппай отырмыз, - дейді ол.

 

Енді төлдің еті мен жүнін бірдей пайдаға жарату үшін нарық сұранысына сай ақ түсті биязы жүнді қой өсіру қолға алынып отыр. Бұл орайда, үкімет жартылай биязы жүннің келісіне 100 теңге көлемінде субсидия бөлмек. Ал, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған жүн өңдеу фабрикасы – «Caspiy Lana Atyrau» серіктестігі шикізатты Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарынан әкелуге мәжбүр. Себебі, атыраулық қойдың жүні жарамсыз, өңдеуге келмейді. Яғни, түбіті аз да, қалдығы көп. Дегенмен, оған көрші елдерден сұраныс бар. Сондықтан ол тазаланып, эксопртқа шығарылып жатыр. Сайып келгенде, бұл қойды тұқымына қарай бағатын малшы мамандардың жоқтығынан туындап отырған мәселе.

 

Аталған кәсіпорында жүн алдымен тазаланады, кейін өңделеді. Сөйтіп, одан дайын өнімдер жасап шығарылады. Озық технологияның арқасында артық қалдық шықпайды. Бұл – ел аумағындағы әзірге бірегей орын. Қуатына келер болсақ, 400 мың метрге дейін түрлі жамылғылар шығаруға қауқарлы. Мұнда жылына 350 тонна қой мен 150 тонна түйе жүні өңделеді. Қалай десек те, фабрикаға биязы жүн керек.

 

– Қазір фабрика қой жүнін сапасына қарай сатып алып отыр. Ал, шетелде таза жүннен жасалған өнімге сұраныс жоғары. Мысалы, түйе жүнінен тоқылған жамылғы Италияда мың еуроға бағаланса, Моңғолияда 60, Ресейде 40 мың теңгеден кем емес, - дейді фабрика өкілдері.

 

Енді әр ауданнан жүн жинау нысаны ашылмақ. Атырауда жарты миллиондай қара қой бар. Оның әрқайсысынан екі келі жүн қырқылса, жылына мың тоннадан астам жүн жиналады. Мамандар ірі қылшықты жүндерге сұраныс аз болғандықтан, қоқысқа кететінін айтады.  Жүнді қырқудың өзі 100-200 теңгеге шығады, сондықтан оның бір келісін 25 теңгеге сату тиімсіз. Ол, тіпті, батпақты күндері шалғай Қызылқоға ауданына апарар жолға да төселіп келіпті. Енді қайтсін, бұл – жүнді ысырап етпеудің бір амалы болған шығар.

 

Бүгінгі таңда мал бағудан қашатын жастар үшін Мақат аудандық мәслихатының депутаты Азамат Дәулетқалиев та қынжылыс білдіреді.

 

– Қазір қарасаңыз, жастар түгіл, кей орта жастағы ағаларымыз мал бауыздаудың жөн-жосығын білмейді. Өзім мал бағып өскен ауыл баласы болған соң ба, бұған қатысты барлық салт-жоралғыны толықтай білемін. Біз өткенді өшірмей, келер ұрпаққа насихаттауымыз керек. Бұл ретте, оларға мал бағу ісін атакәсібіміз деп ұғындыру қажет. Бүгінде шопан деген өз алдына, зоотехник, механизатор, мал дәрігері секілді мамандар көзден бұлбұл ұшты. Елдің бәрі заңгер, есепші, экономист бола ма сонда? Қазақтың адал асы – ет пен сүттің қайдан келетінін ұмытпайық. Мәселен, арнайы техникасы жоқ ауыл тұрғындары жем-шөпті сатып алуға мәжбүр. Көпжылдық шөп еккісі келеді, бірақ, оны күтіп-бағатын адам тағы жоқ. Кеңестік кезеңде тері, жүн дегендер далада қалмайтын, текемет те, байпақ та басылды. Одан бұрын, Құнанбай атамыздың заманын алып қарасақ, үш мың жылқысы бар Оразбай деген бай Шұнай тауының сайына жылқысын толтырады екен. Сай толса, жылқы түгел. Сол кезде ел ауызында «Шұнай, Шұнайды маған берген құдай»  деген сөз қалыпты. Ендеше, осыны үлгі етіп, кеш болмай тұрғанда, жастарды атакәсіпке баулып, бағыт сілтеген жөн, - дейді ол бізбен әңгімесінде.

 

Аталған пікірлермен келіспейтіндер де бар. Мәселен, Доссор кентінде тұратын кәсіпкер Бексұлтан Мұханов кейбір жайлау-қыстақтарда жарық, су, газ секілді қарапайым қажеттеліктердің жоқ екенін алға тартады. 

 

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа тұрғандарға берілетін миллион теңгеге жетпейтін қаржыға үй сатып алу мүмкін емес. Ендеше, жастарды ауылға тарту үшін не істеу керек, осыны сала мамандары мен ғалымдар бірігіп шешуі тиіс. Соңғы кезде шағын кәсіппен айналысуға зор қолдау көрсетілді. Ал, соның қайтарымы қайда? Одан да сол қаржыны жастардың мал өсіруіне, егін егуіне, сол бағытта мамандық алуына жұмсаған тиімді болмас па еді? Өмірге деген көзқарасты өзгерту керек. «Үкімет көмектеседі» демей, баланы ерте кезден еңбекке баулыған абзал. Екіншіден, мал бағу үшін жаңа технологияны игерген дұрыс, - дейді ол.

 

Енді бір қызықты қараңыз, біздегі ірі қара малының салмағы 320 келі болса, дүние жүзі бойынша бұл – 520 келіні құрайды. Демек, малды асылдандыру ісін жолға қоятын кез жетті. Бәлкім, шетелден мал тасығанша, бір сәт өз төлімізді де асылдандырған дұрыс шығар? Бұдан қыруар пайдаға кенеліп отырған елдердің санатында Англияны атауға болады. Мұнда жылына бір сиырдан он тоннадай сүт сауылып, 20 млн. тонна қозының еті экспортқа шығарылады.

 

Ал, тағы бір аудан тұрғыны, бие байлап, саумал сауып жүрген Меруерт Асылай «жастарға жағдай жоқ» деген пікірмен келіспейтінін айтады.

 

– Бұрынғы «Путь Ильича» совхозынан қалған мал қыстақтары Көктоғай ауылына өте жақын орналасқан. Мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Жастар бұл мүмкіндікті неге пайдаланбайды? Малымызды өзіміз бақпасақ, ертең еттің өзін сырттан әкелетін боламыз. Қазір де, нарықтағы мал өнімінің сапасы, ол малдың қалай бағылып, немен ауырғаны, егілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Себебі, көбінің құжаты жоқ. Бағасы арзан болған соң, алуға мәжбүр боласыз. Міне, мәселе қайда жатыр. Екіншіден, біздің мұнайымызды арзанға алып, кейін өзімізге қымбат бағамен «қайтарып» жүрген алыпсатар елдер ертең біздің малымызбен де солай жасамасына кім кепіл? – дейді келіншек.

 

Жаңа технология дегеннен шығады, Сидней университетінің инженерлері әлемдегі тұңғыш бақташы роботты жасап шығарыпты. «Естімеген елде көп» демекші, төрт дөңгелекті құрылғы ойлы-қырлы жерде қозғалып, мал қайырып, бір жайылымнан екіншісіне айдай алады. Австралия – әлемдегі ең ірі мал экспорттаушы елдердің бірі. Алайда, ол жақта да жастар мал баққысы келмейтіндіктен, фермаларда соңғы кезде бақташылар жетіспейді. Сол себептен, ғалымдар осындай құлтемір ойлап тапқан. Ол адамның басқаруынсыз, өз бетімен жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, топырақ пен шөптің күйін, тіпті малдың денсаулығын анықтай алады.

 

– Орта есеппен алғанда, Австралиядағы әр фермердің 4 мыңнан 40 мың гектарға дейін жері бар. Оны екі-ақ адам – фермер мен әйелі бақылап жүреді. Автоматтандырылған жүйе арқылы шаруашылықты үйден шықпай-ақ қадағалайды, - дейді аталған университет профессоры Салах Суккариех. 

 

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалғанын, ендігі кезекте жергілікті жердегі әкімдер сапалы жұмысты ұйымдастыруы қажет екенін айтудан кенде емес. Ендеше, Президент тапсырмасы өңірлерде қалай және қаншалықты орындалуда? Атакәсіптен нәсібін теріп отырған қарапайым шаруаларды бүгінде не мазалайды?

 

Мақат ауданындағы Белқұдық деген елдімекенде «Ербол» және «Жұмақұл» деген екі бөлек шаруа қожалығы бар. Бір қызығы, біреуі әкімшілік аумағы бойынша Мақат ауданына, ал, екіншісі қырдағы Қызылқоғаға қарайды. Біз алдымен осында 2004 жылдан бері жылқы мен түйе малын өсірумен айналысып келе жатқан «Ербол» шаруа қожалығына табан тіредік. Оның иесі Ербол Ахметов осы жерде ширек ғасырдан астам уақыт тұрып келе жатқанын айтады. Жігіт ағасы тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асса да, әлі де жарық пен су мәселесінің шешілмегеніне іштей қынжылыс білдіреді.

 

– Бұрын біздің шаруашылық аумақтық бөлінісі бойынша Қызылқоға ауданына қараса, қазір Мақат ауданына ауысты. Сондықтан қандайма мәселе туындай қалса, Мақат ауданының әкімшілігіне хабарласамыз. Ал, мәселе бізде жетерлік. Оның бәрін тізбелей берсек, айтып тауыса алмаспыз. Сондықтан тек маңыздыларын ғана атап өтейін. Егер мал шаруашылығына ең қажеттісі жарық пен су болса, бүгінде оның екеуі де бізде атымен жоқ. Қазіргідей жаз мезгілінде судан тапшылық көрмейді деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі, ми қайнатар шілденің шіліңгір ыстығында мал суаратын құдықтың суы тез бұзылып кетеді. Оның үстіне, бұл – жер астынан шығып жатқан ащу су. Оны ішкен мал ауырмағанда қайтеді? Ал, оны емдеп алатын ветеринар тағы тапшы емес пе? Әйтеуір, мал аман болса, жан да тыныш болар деп жүре береміз. Әйтсе де, мәселені шұғыл  шешпесе, оның залалы мен зардабы ұлғая беретінін ескеру керек, – дейді ол.  

 

Білгенміздей, бұрын мұнда жерасты суына арналған қазаншұңқыр (котлован) болған екен. Бірақ, уақыт өте келе мал саны көбейіп, бәрі осы жерден су іше берген соң, бұл котлованның да көзі бітеліп, суы сарқылған. Өйтпегенде ше?! Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қазылған бұл шұңқырға енді ешкімнің өкпесі жоқ шығар! Бір жағынан, бұған кезінде қазаншұңқырдың айналасын қоршап, жалғыз су көзін сақтай алмаған тұрғындардың да немқұрайлығы кінәлі! Енді мал көбейген сайын су тапшылығы да өткір сезіліп отыр. Аталған ауылда атакәсіппен айналысып отырған онға жуық қожалық бар екен. Олардың жетекшілері де жергілікті жерде мал шаруашылығын дамытып, одан табыс тапқылары келетіндерін айтады. Ал, бұл үшін су керек. Өйткені, онсыз тіршілік жоқ. 

 

«Қазір мал бағатын адам жоқ дейміз, – дейді Ербол Еркінұлы. – Ал, мұның себебін іздеп, зерттеу жүргізген біреу бар ма? Меніңше,  кез келген адам ауыл шаруашылығымен алаңсыз айналысу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы тиіс. Рас, әркім кәсіпті өзі үшін ашып, өзі үшін кеңейтеді, көркейтеді. Өйткені, оның жемісін жейтін – өзі. Осы орайда, мемлекетке алақан жайған да артық. Әйтсе де, үкімет бір реттік болса да көмек ұйымдастыруы қажет сияқты. Жаңа әндердің бірінде «ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген тамаша сөздер бар. Ауыл – алтын бесік. Сондықтан оны көркейту тек сонда туып-өскендердің ғана міндеті емес. Ішерге су, жағарға жарық жетпей жатса, бәрімізге де сын деп қабылдауымыз қажет. Менің айтқым келгені, ауылға барып, еңбек еткісі келетін жандар жоқ емес. Тек оларды жазда жайлаумен, қыста қыстақпен қамту мәселесі ақсап тұр».

 

Иә, бір тамшы су үшін шаруаның шырылдауы өте орынды. Оның ойынша, мал ішетін суды құбыр арқылы жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз. Расымен де, құбыр тартып, шығынға бататындай бұл ауыз су емес қой. Сондықтан мал өсіріп отырған шаруалардың айтып отырған ұсынысы – шамамен жүз метрдей тереңдікте жатқан тұщы суды жер астынан шығару. Оның нақты қай жерде жатқанын білу үшін де ұңғыма керек. Ал, мұндай күрделі жұмыстарды ұйымдастыру санаулы шаруаның қолынан келе қоюы екіталай. Демек, бұған мемлекеттен қаржылай қолдау қажет деген сөз.  

 

Жоғарыда айтқанымыздай, ауылды атакәсіппен асыраймын деген жанның алдымен материалдық-техникалық мүмкіншілігін молайту керек. Соның ішінде, ең маңыздысы – инфрақұрылым жүйелерін жүргізу. Әсіресе, электр қуаты шаруашылық үшін ауадай қажет. Біз осы ауылға жақын жерде Жолдыбай кен орны бар екенін білдік. Ендеше, тоқтың тұмсығы тиіп тұрмаса да, оны тарттырып алуға тың технологияның мүмкіндігі жететін шығар?! Әлде, мемлекеттен еш қайран болмағаны ма?

 

Белқұдық тұрғындарының сөздеріне сенсек, жақын арада су мәселесі шешілмесе, шаруашылықтың күйі кетеді. Тіпті, күзгі соғымға сояр тұяқ табылмай қалса, таңқалмаңыз...

 

«Жалпы, Мақаттың өзінде мал өсіру мүмкін емес. Себебі, онда жол қозғалысы қызып тұр. Яғни, мал көлікке қағылып өледі. Сондықтан шаруалар малды қырда ұстауға мәжбүр. Ал, онда жарқырап тұрған жарық та жоқ, қарапайым қара судың өзі де тапшы. Сонда қайтпек керек? Шаруалардың әрқайсысы өсіріп отырған елу жылқы мен алпыс түйенің күйі кетсе, оларды кім сатып алады?» деп ашынады тұрғындар.

 

Ал, жоғарыда сөз еткен «Жұмақұл» шаруа қожалығы өз жұмысын осыдан ширек ғасыр бұрын бастаған екен. Қожалық жетекшісі Жұмақұл Жолдасқалиев жылқы, мүйізді ірі қара мен қой санын көбейтуді мақсат еткен.

 

– Шаруашылығым Мақат ауданында орналасқанымен, Мұқыр ауылдық округіне қарайды. Бізді де қинайтыны – су тапшылығы. Әсіресе, жаз мезгілінде су таппай сенделеміз. Мәселен, биыл су көп келді. Бірақ, келесі жылы қалай болады? Қай жерде мал іше алатындай тұщы су бар екенін де нақты білмейміз. Кез келген жерді қаза бермейміз ғой. Бағыт-бағдар алу үшін мамандардың да ақыл-кеңесі керек. Бір ғана шаруаның қолынан не келеді? Соңғы кезде жер асты суы да тартылып кетті. Бұл тек бізде ғана болып жатқан жағдай емес. Табиғаттың күтпеген «тосынсыйлары» өзге өңірлерде де байқалып жатыр. Жасыратын несі бар, Жайықтың жағасын жайлаған жұрт қазір таза судың бағасын білмей отыр. Ал, алыс ауылдағы біз секілді шаруалар мал ішетін қара судың қадірін енді түсініп жатқандаймыз, – дейді кәсіпкер.

 

Бір қуанарлығы, қысқы мал азығын дайындауда әзірге қиындық жоқ екен. Жайылымдық жер де, шабындық алқаптары да жеткілікті көрінеді. Керегі тек жарық пен су ғана. Ендеше, жергілікті әкімдіктегі жауапты тұлғалардың құлағына алтын сырға! Ал, қалғанын шаруалар өзіміз қатырамыз деп отыр.

 

...Көршілес Маңғыстау облысын алсақ, Қызылсығыр қыстағында румыниялық фирмамен бірлесіп,  еуропалық үлгідегі үш бөлмелі малшы үйі салынған. Онда желмен жұмыс жасайтын, күн сәулесінен қуат өндіретін және шағын дизельді электр стансалары бар. Үй осы энергиямен жарықтандырылып, жылытылады. Қора жанынан ұңғыма (тереңдігі 73 метр) қазылып, сорғы орнатылған. Міне, сол арқылы бір  отар мал суарылады. Осы мысалдан да мардымды үлгі алуға болады.

 

Қалай десек те, мал бағу мен оны өсіруге деген құлшыныс анағұрлым төмен. Себебі, ен далаға барып, мал бағудан гөрі, бәрі де тыныш ортада отырғанды қалайды. Бұл көбінесе жастарға тән. Ал, мал бағатындардың ең жасы алпыстан асты. Бұрын шопандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, еңбектегі жетістіктеріне қарай марапатталып отыратын. Қазір де соны қолға алу керек сияқты. Өйткені, жастардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, атакәсіпке оралу қиын.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости