ЖОҒАРЫ БІЛІМІ БАР ЖАС МАМАН НЕГЕ ӨЗ МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖАСАМАЙДЫ? ӘЛДЕ БЕРІЛЕТІН ТӨЛЕМАҚЫНЫҢ КӨЛЕМІ АЗ БА? БҰЛ ПРОБЛЕМА ӘСІРЕСЕ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕДІ. ОҢАЙБАЙ КӨШЕКОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ АГРАРЛЫТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ИСЛАМ ЖАНҰЗАҚОВПЕН СҰХБАТЫМЫЗДА ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАМТЫЛДЫ.
– Аграрлық саладағы түлектердің біразы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұның себебі неде?
– Бұл өте күрделі сұрақ және оның бірнеше себебі бар. Алдыменен, көпшіліктің назарын ауыл шаруашылығы нысандарының материалдықтехникалық базасының төмендігіне аударғым келеді. Мәселен, біздің колледждің техникалық базасы әлі де толықтыруды қажет етеді. Мұны бір де с ек, екіншісі – бұл салаға мамандардың келмеуінде. Ауылдың баласы қалаға көшіп келген соң қайтып ауылға бару - ды қаламайды. Орталықтан да жұмыс таппай сандалып жүреді. Осындай жағдайлардан бүгінде 15 грантқа әрең дегенде студенттерді жинақтап отырмыз. Соңғы кездері осы салаға қатысты конкурстар да өтпейтін болды. Бұл саланы дамытудың мүмкіндігі аз. Сондай-ақ су тапшылығы және жердің құнарлығының нашарлығы, жеміс-жидектерді өсірудің қиындығы ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі деп ойлаймын.
– Білім сапасына қатысты не айтар едіңіз?
– Барлығы сапаға байланысты дер едім. Бұл сала бойынша сапалы оқыту үшін мәселен, ферма керек. Себебі, алаңға егін егіп, мал асыраймыз. Өзімізде шағын жылыжай бар. Бірақ, үлкен комплекстер қажет етеміз. Бізде білім сапасы жақсы болғанымен материалдық жағдай жасалмаған. Басқа қаладан қоныс аударған студенттерге арнайы жатақханалар жоқ. Оқу маңайында саябақтар, халық демалатын орындар аз. Осының барлығы қамтылса әр студентке ерекше көрініс сыйлар еді. Студенттер мемлекеттік грантқа түсу үшін конкурстарға қатысады. Оқуын аяқтаған түлектерді жұмыспен қамтуға тырысамыз.
Бүгінгі таңда түлектердің жұмыспен қамтылу көрс еткіші – 87%. Бірақ, материалдық-техника лық базаның төмендігінен өндірісті дамыта алмай отырмыз. Колледжге мемлекет тарапынан қаражат бөлінсе көптеген жетістіктерге жетуге болар еді.
– Ал, дуальды оқып жатқан студенттердің саны қанша?
– Біздің колледж – заманауи оқу орны. Бекітілген ережеге сай, 8 мамандық бойынша 500 студенттің дуальды оқу жүйесі қамтылған. Оқу орталығымызға білікті мамандар қажет. Ал, кәсіпкерлеріміз қайтарымы ұзақ уақытты қажет ететін инвестиция салуға дайын емес. Осындай себептерден кадр тапшылығы туындап отыр.
* СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Әнуарбек ҚАРЖАУЛОВ, Атырау аграрлы-техникалық колледжінің түлегі:
«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТҚЫМ КЕЛЕДІ...»
– Мен аграрлы-техникалық колледжде теміржол мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ, мамандығым бойынша жұмыс істегенім жоқ. Мұнда жалақы өте аз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласында білім алу туралы ойланып жүрмін. Cебебі, мал шаруашылығымен айналысатын арнайы мамандар тапшы. Осы салада еңбек етіп жүргендердің көбі – қарапайым ауыл тұрғындары. Ауыл шаруашылығын дамытсақ көп жетістіктерге жетер едік. Қарапайым мысал – күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы арзандайды.
Ербол ҚОШАНОВ, Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылының тұрғыны:
«ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ КӨЗҚАРАСЫМ...»
– Қазір нарықта шетелдік арзан әрі сапасыз тауарлар көп. Оның біразы іске алғысыз болып жатады. Дегенмен, оған ешкім тосқауыл қойып отырған жоқ. Мәселе тек қана шикізатта емес. Елімізде отандық брендтердің даму деңгейі төмен, әрі бағасы да қымбат. Өйткені, қажетті шикізат шетелден келеді. Қазір базардағы сөмке және сырт киім, аяқ киімдердің басым көпшілігі Түркияда өндіріледі. Осындай қарапайым дүниелерді өзіміз неге өндірмеске деген ой келеді. Ауыл шаруашылығының дамуында да проблемалар көп. Ол кәсіби мамандардың аздығы, шаруагердің жерге қол жеткізе алмауы, су тапшылығы, субсидияның айналасындағы қағазбастылық. Осындай салалық даму көрсеткіштерді жақсарту арқылы экономиканы дамыту мүмкіндігі туады.