Өйтпегенде ше? Жергілікті тұрғындар күнге күйіп, желге тоңғысы жоқ. Барлығы бастық, мұнайшы болғысы келеді. Қожалық иелері ұсынатын 100-200 мың теңгені де аз көреді. Ал, мал шаруашылығымен мүлдем айналысқысы келмейді.
Жалпы, Атырауда шаруа қожалықтары жергілікті жұмыс күшінің тапшылығын бұрыннан да өткір сезініп келеді ғой. Ал, коронавирус пандемиясы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Қазіргі жастар малды бұрынғыдай итпен емес, тіпті, «джиппен» бағуға да ерінеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат «Атырау-Ақпарат» серіктестігіндегі өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифинг барысында осы мәселеге тереңірек тоқталды.
«Арнайы комиссия шешімімен биыл жергілікті шаруа қожалықтарындағы көктемгі егістік жұмыстарға көршілес елдерден 602 шетелдік азамат тартылып отыр. Бұл жұмыс күшінің тапшылығын жоюдың бірден-бір жолы. Ал, мал шаруашылығында дәл осы мәселе өте өткір тұр. Жергілікті басқарушы органдар өз кезегінде бұл проблеманы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтарды тарту арқылы шешіп көрмекші. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да, бұл да аталған мәселені толығымен шеше алмайды» дейді ол.