Шығынға батқан 15 шақты шаруаның бірі Айтқали Жалиев бұған дейін екі жылқысын жоғалтса, жуырда ғана бір түн ішінде төрт жылқысына оқ атылғанын айтады. Ұрылар малды сойып, етін әкетеді де, бас-сирағын қалдырып кетеді екен.
Атырау облыстық полиция депаратментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова берген мәліметке сүйенсек, малды бақташысыз жайылымға жіберген иелері ӘҚК-тің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Атакәсіптен нәсібін тауып жүргендер бұл мәселе жергілікті жерде шешілмесе, министрлікке шағымданатындарын жеткізді. Олардың сөзінше, атыраулық құқық қорғаушылар мал Батыс Қазақстан аумағында ұрланып сойылғандықтан, бұл іспен айналыса алмайтындарын айтады. Ал, керісінше, көршілес аймақ полицейлері мал иелері атыраулық тұрғындар екенін айтып ақталады. Сондықтан, бұл іс бір орыннан қозғалмай отыр.