Үйде той жасаған тұрғындарға қандай шара қолданылады? Біз бұл сауалды Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы міндетін атқарушы Бақытбек Хамзадан сұрастырып білген едік.
– Үйде той өткізу карантин талабын бұзу болып саналады. Демек, қасақана құқықбұзушылық болып табылады. Жергілікті сандәрігер қаулысына құлақ аспаған жеке тұлғалар 83 мың теңге, ал, жеке кәсіпкер есебінде тіркелгендер 600 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл ретте тек той иесі ғана емес, оны ұйымдастыруға атсалысқан асаба, фотосуретші, өнер көрсетушілер мен басқа да тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Жуырда ғана осындай үш жағдай анықталған екен. Карантин тәртібін бұзған бір той жүргізушісіне еліміздің әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік іс қозғалған. Ал, қалған екеуінің ісі әлі қаралып жатыр.
Ал, атыраулық асаба Дәурен Тілеков өзінің әріптестерін карантин талаптарын сақтауға шақырады.
– Коронавирус инфекциясын жұқтыру деректері әлі де тіркеліп жатыр. Сондықтан той-садақа өткізуден уақытша бас тарту керек деп ойлаймын. Өкінішке орай, тығылып той жасайтындар тыйылмай тұр. Олар той өткізіп қана қоймай, соны ұялы телефон камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жүр. Оны көргеннен кейін басқалардың да ойы бұзылады. Тіпті, кейбір той иелері төлейтін айыппұлдарын алдын ала дайындап қоятын көрінеді. Бұл не масқара? Халықтың денсаулығы әрқайсымыздың өз қолымызда екенін естен шығармайық, – дейді ол.