RSS лента

Бетпердесіз шындық

  • 14.08.2020, 09:50,
  • 984
  • 0
  • Автор:

Атырау қалалық әкімдігінің жанынан құрылған мобильдік топ күн сайын рейдке шығуда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Олардың мақсаты – облыс орталығындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бағамдау, аймақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысындағы талаптардың орындалуын қадағалау. Осы топтың құрамында кезекті рейдке қатысқан «turantimes.kz» сайтының тілшісі қазіргі ахуалды өз көзімен көріп қайтты.


Көзбояушылық кімге керек?


Бұл күнгі рейд Атырау қаласындағы Құрманғазы көшесі, 11 мекен-жайында орналасқан «Авангард» әмбебап сауда кешенінен басталды. Мұнда келушілердің қарасы көп көрінді. Сауда да қызу жүріп жатыр. Байқағанымыз, сатушылар да, тұрғындар да тек бірен-сараны болмаса, көпшілігі тиісті талаптарды сақтамаған.


Топ құрамындағы телеоператорларды көргенде ғана әлгілер қалталарындағы бетперделерін шығарып, тағып алып жатты. «Мұндай көзбояушылық кімге керек?» деп ойладық осы сәтте. Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Бақытбек Хамза базар әкімшілеріне бұл жағдайдың талапқа сәйкес келмейтіндігін түсіндірді.


Санитарлық талаптар тек тексеріс үшін ғана сақтала ма? Бұл жерде бір емес, бірнеше заң бұзушылық орын алып отыр. Біріншіден, кіреберіс қақпаның қасында тұрған кассир көлік иелерінен бетперденің болуын талап етпестен, базар аумағына кіргізіп жатыр. Яғни, заң тілімен айтқанда, еліміздің Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген 21-қосымшасына 3-қосымша арқылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың екінші тармағы бұзылған.


Екіншіден, кешен аумағында орналасқан «Самса», «Донер», «Шайхана», «Салқын сусындар» секілді қоғамдық тамақтану орындары келушілерге тікелей қызмет көрсетуде. Ал, мұны қадағалап жатқан базар әкімшілігі байқалмайды. Осылайша, министр бұйрығымен бекітілген санитариялық қағиданың тиісті талаптары бұзылып отыр, – деді басқарманың бас маманы.


Базар әкімшілеріне бұл көрініс үйреншікті болып кеткен секілді. Олар қаулы талаптарын орындаудан гөрі, мобильді топ мүшелеріне түрлі себептер айтып, ақталумен болды. «Бұл жерге адам да, көлік те өте көп келеді. Бәріне «бетперде тағыңыз» деп айтып жатырмыз. Бірақ, әр адамның сана-сезімі мен таным-түйсігі әртүрлі ғой. Біреулер бетпердемен кіреді де, шешіп, қалталарына салып қояды немесе иегінің астына ысыра салады. Барлығын бірдей бақылап отыру мүмкін емес» деді олар.


Мобильді топтың құрамындағылар қалыптасқан ахуалға түсіністікпен қарайтындарын жеткізді. Дегенмен, заң бәріне ортақ болғандықтан, ол мүлтіксіз орындалуы тиіс. Осыны айтқан мобильдік топ жетекшісі Ернар Әбілқайыров базар әкімшілеріне оларға қатысты тиісті құжаттар толтырылып, құзырлы органдарға жолданатынын ескертті.


Асханада – адам көп


Келесі нысан – «Дина» базарына барғанымызда, жұмыс жасауына уақытша тыйым салынған жеке тұлғалардың сауда-саттықпен емін-еркін айналысып отырғаны белгілі болды. Әсіресе, көлік генераторы мен стартерін жөндейтін жігіттердің бірде-бірінің бетпердесі жоқ. Ал, кезекте тұрған көлік иелерінің қарасы көп еді. Осындай олқылық жұқпалы дерттің қайта өршуіне себепші болмай ма? Рейд кезінде күтпеген жағдайлар да орын алды. Бетперде кимеген бір тұрғын «мені суретке неге түсіресің?» деп операторға тап берді. Оның түсіндіруінше, бұл – заңсыздық, адамның жеке басына қолсұғушылық екен. Алайда, оның өзі неліктен қаулы талаптарын орындамайтынын түсіндіріп бере алмады.


Негізі, жеке тұлғалардың бәрі бірдей заңсыз жұмыс жасап жатыр деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені, арасында келісім-шарт бойынша жұмыс бастағандары бар. Әйтсе де, олар халыққа бетперде тағып, қолғап киіп қызмет көрсетуі міндетті. Бұл орайда, тиісті талаптардың орындалмауына жұмыс беруші жауапты болады, – деді бас маман Бақытбек Хамза.


Вокзал маңы ықшам ауданындағы «Дәмді асхананың» алдына жұртшылықтың көптеп жиналуы мобильді топтың назарын аударды. Аталған нысанға дереу жетіп, тексергенінде, мұнда санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны белгілі болды. Асханаға осы маңдағы саудагерлер мен тұрғындар түстенуге жиналған екен. Ешкім де бетперде кимеген, арақашықтық сақтамаған. Тіпті, асхана ішінде ине шаншыр жер жоқ. Мұны көрген топ мүшелері өз саулықтары үшін алаңдай бастады. Ал, түстеніп отырғандар алдарындағы астарын тастап, лезде шығып кетті. Топ мүшелері асхана иесімен далада тұрып сөйлесті. Ал, оның ақталуға шамасы жоқ еді. Кісі көп жиналуға болмайтынын білсе де, заңбұзушылыққа жол бергенін растап, хаттамаға қол қойды.


Тығылып той тойлауда


Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілі Асылгүл Жұмашеваның айтуынша, өңірдегі эпидахуалға қарамастан, туған күн мен той тойлап жүргендер әлі бар. Мәселен, Атырау қаласына қарасты Тасқала мен Балауса мөлтек аудандарында үйлену және қыз ұзату тойлары тіркелді. Оларға жалпы көлемі 208 350 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, Жылыой ауданында өз үйінде той өткізген төрт тұрғын анықталды.


Біреулер жұқпалы аурудан айыға алмай жүрсе, екіншілері дүбірлетіп той жасап, халықтың денсаулығына қауіп төндіруде.


Жылыой аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және мобильді топ мүшелері сенбі және жексенбі күндері «той рейдіне» шығып тұрады. Соның нәтижесінде біраз адам тәртіпке шақырылды. Өтіп жатқан тойлар сол бойда тоқтатылып, көпшіліктаратылды.


Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабына сәйкес, хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Ал, Жылыой ауданының әкімдігі өз тарапынан Атырау облыстық полиция департаментіне қызметтік тексеріс жүргізу бойынша хат жолдады. Ағайынның алдында осылайша абыройдан айырылғанша, аймақтағы ахуал айыққан соң да той өткізуге болмас па? Тойға құмар тұрғындар айыппұл төлеуге де қарсы емес екендерін, «тек той өтсе болды» деген әңгімені де айтып қалады, – деді сұхбаттасушымыз.


Заң бәріне бірдей


Шектеу шаралары кезінде үйіне бір топ жігітті шақырып, сыра ішкен тұрғын да жауапкершілікке тартылды. Осындай онға жуық адамға айыппұл салынып отыр. Ал, демалыс күндері «Таң» және «Балқия» сауналары жұмыс жасап жатқаны анықталды. Олардың әрқайсысына 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.


Бұдан бөлек, 200-ге жуық әкімшілік іс қозғалды. Жергілікті полициядан жүздеген заң бұзушылық бойынша материал түскен. Айталық, 4 тамызда облыстық ішкі істер департаментінен жолданған 1310 істің 155-і бойынша хаттама толтырылды. Құрамында қылмыстық құрам анықталмаған 49 іс тоқтатылды. Міне, мұның бәрі – соңғы айда тіркелген жайттар. Айтпақшы, кейбір жағдайда айыппұл салу заң жүзінде мүмкін бола бермейтінін де ескерген жөн. Мәселен, күні кеше ғана барлық тұрғындарға көшеде бетперде киіп жүру міндеттелді. Бірақ, Жайықтың жағасында серуендеп жүрген тұрғындардың бәріне «бетперде кимедіңіз» деп айыппұл толтыруға болмайды. Өйткені, әкімшілік жазаның нақты алгоритмі әлі бекітілмеген. «Алдағы уақытта осы жағдай ескерілсе» деген ұсыныс айтқан мобильдік топ мүшелері кезекті рейдін аяқтады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости