«Ұран» тобы Қазақстанның «мұнайлы астанасы» атанған Атырауды қызыл автобуспен аралап шықты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.
Тұрғындардың жан-айқайын бейнекамераға жазып алған «ұрандықтар» облыс әкімдігіне барып аймақ басшысымен кездесе алмаған соң, қала әкімі Қайрат Оразбаевпен кездесті. Көптеген сауал қойылып, жауап та, уәде де берілді. Мәселен, алдағы жылдары 1500 жаңа пәтер тапсыру арқылы өңірдегі апатты үй тұрғындарының мәселесі түбегейлі шешу жоспарланған. Осы мақсатта жыл соңына дейін Атырау қаласындағы Молдағалиев көшесі 30, 33 А және Төлебаев көшесі 44 мекен-жайындағы жатақхана тұрғындары баспанамен қамтылады.
Басқосуда көтерілген өзекті проблемалардың бірі – Атыраудың экологиялық ахуалы. Бүгінде Атырауда қоршаған орта проблемаларын кешенді шешуге арналған «Жол картасы» жасақталды. «Жол картасына» сәйкес, ауаға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін облыс аумағында 300 мың тоннадан 264,3 мың тоннаға дейін азайту көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл қаланы жаппай көгалдандыру жұмыстары басталды. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Ал, атыраулық қоғам белсенділері бірқатар проблемалардың жылдар бойы жалғасып келе жатқанына тоқталды. Кездесу барысында «Ұран» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Файзолла Қаменов жергілікті билік пен қоғам белсенділерін өткір мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.
Айта кетейік, «Ұран» бірлестігінің облыс әкімдігі алдында түсіріп таратқан видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған боалтын. Бұған байланысты Атырау облысы әкімінің баспасөз-хатшысы Ержан Қалымбайұлы түсінік берді.
– «Ұран» бірлестігінің Атырау облысының әкімімен кездесуі жоспарланбады. Бірлестіктің баспасөз хатшысы 30 қараша күні түске қарай хабарласып, аймақ басшысымен кездескісі келетіндерін білдірді. Жұмыс кестесі алдын ала жоспарланатындықтан, ол күнге уақыты болмайтынын айттым. Сондай-ақ, олардың көтеріп жүрген мәселелері қалаға қатысты болғандықтан, қала әкімімен кездесуді ұйымдастырып бердік. Сағат 15.30-да қала әкімімен кездесетін болып жоспарланды. Алайда, сағат 15.00-де бірлестіктің хатшысы облыстық әкімдіктің алдына келіп тұрғандарын және облыс басшысымен кездескісі келетіндерін айтты. Әкімнің жұмыс кестесі тығыз әрі кездесу жоспарланбаған соң, алдында келіскеніміздей оларды қала әкімі күтіп отырғанын жеткіздім, - деді ол.