«Жайық өзені бассейінің экологиялық сауықтыру және гидрологиялық режимін зерделеу жөнінде бағдарлама әзірленуде. Және ағаш егу арқылы орман қорын молайту, елді мекендерді көгалдандыру, Атырау қаласы аймағында «жасыл белдеу» құру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылуда» деді ол.
Осы орайда, «Жасыл белдеу» құру жобасына бірінші кезекте мұнай-газ саласындағы ірі табиғат пайдаланушы компаниялар тартылатынын айта кеткен жөн.
«Атырау қаласының сол жақ бөлігінде салынып жатқан кәріздік тазарту ғимаратынан шыққан техникалық суларды жасыл екпелерді суаруға пайдалану мәселесі де қарастырылып отыр. Және Желтау мемлекеттік табиғи паркін құру, Тасшағыл (Арал – Бәйтік) мемлекеттік табиғи қорығын құру, Балбұлақ мемлекеттік табиғи қорығын құру бойынша техникалық ғылыми негіздемелер жасақталуда» деді өңірдегі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан.
Мәслихат сессиясында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бұл бағытта жасалатын әлі қыруар жұмыс барын еске салды.
«Жайықтың сол жағалауында кәріздік тазарту ғимараты іске қосылады, нәтижесінде «Сасық сай» буландыру алаңы қалпына келтіріледі. Жайықтың оң жағалауында да осындай ғимарат салу жоспарлануда. Және Атырау қаласының оң, сол жағалауларында, облыстың алты ауданында, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешендері салынады» деп атап өтті ол.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында 46 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде еліміздің экологиялық заңнамасын бұзған 130 жағдай анықталған. Соған сәйкес, 88 миллион 422 мың 239 теңге айыппұл салынды. Айыппұл өндірілген компаниялар қатарында «Ембімұнайгаз», «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ, «Атырау су арнасы» мекемелері бар.