Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, өзен бассейіндерін сауықтыру бойынша екі ел ғалымдары жұмылып, сарапшылық орган құру жөнінде шешімге келген. Бұл ретте, жергілікті жұртшылықтың жалғыз таза су көзі болып отырған өзеннің экожүйесін сауықтыру мен судың ағынын зерттеу шаралары қолға алынбақшы. Осы орайда, қос тарап сәуір айының соңына дейін орган құрамын нақтылап айқындауға уағдаласты.
«Қазір Жайық пен Ертіс өзендері бассейіндерін эко-сауықтыру мәселесі өткір тұр. Бұл бойынша арнайы бағдарламаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жайықтың гидрологиялық режимін зерттеу жайы да күн тәрітбінен түспейді. Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл шаралардың бәрі де қазақстандық-ресейлік комиссия арқылы жанданатын болады», - деді Мырзағалиев.
Сайып келгенде, бұл уағдаластық екі елдің су шаруашылығындағы ынтымақтастығын күшейтіп, трансшекаралық сулардың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізбек.