Біз әріптесімізбен телефон арқылы тілдескенімізде, ол санитарлық талапты бұзбағандарын айтады.
«Қауіпсіздік ережелерін толықтай сақтап отырып жұмыс жасадық. Қажетті қорғаныс құралдары да, жұмыс орнынан анықтама да болды. Сұхбат берушілер де бетперде мен костюм киген. Біздер бекер айыпталып отырмыз. Себебі, ауруханада карантин жарияланғаны ресми хабарланбады. Бұл туралы бұйрық шыққандығынан дәрігерлер де хабарсыз. Аурухана аумағына бақылау-өткізу нысаны арқылы кірдік қой, сол кезде неліктен бізге ешкім ескерту жасамады? Полиция бөлімшесінде хаттама толтырылған соң, мені «Береке» ықшамауданына карнтинге, ал, дене қызуы сәл көтерілген (37,1*С), операторымды провизорлық орталыққа орналастырды», - дейді телеарна тілшісі.
Атыраудағы ең негізгі емдеу мекемесі саналатын ауруханадағы жағдай өте алаңдатырлық. Мұндағылар халық арасында «берекесіз Береке» аталып кеткен жаңа ықшамауданда тұрғылары келмейтіндерін айтады. Тілшілерді шақырғандағы мақсаттары да соны жергілікті әкімдікке жеткізу еді.
Осы орайда, біз аймақтағы Төтенше жағдай (ТЖ) режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб өкілдеріне де хабарласып көрдік.
«КТК» телеарнасының тілшісі мен операторы карантин және төтенше жағдай режимін бұзды. Олар Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 3 сәуір күні карантин жарияланған аурухананың карантин аймағына заңсыз кіріп, бейнетүсірілім жасаған. Екеуіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің «ТЖ режимін бұзу» деген 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан басқа, олар ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі қаулысының 31-тармағын бұзды. Бұл бойынша карантин нысандарына бөлінген медицина мекемелерінде фото-бейнетүсірілім жасауға тыйым салынған. Бұдан басқа, БАҚ өкілдерінің заңсыз іс-әрекеттері салдарынан оларды ұстаған полиция қызметкерлері де инфекция жұқтыру қаупіне ұшырап, карантинге орналастырылды және коронавирустың бар-жоғына анализ тапсырды», - деді штаб мамандары.
Абырой болғанда, әріптестерімізден коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін тест алынып, ол теріс нәтиже көрсетті. Сөйтіп, қауіпті індет белгілері әзірге анықтала қоймады. Бүгін түстен кейін олар карантиндік және провизорлық стационардан шығып, үй карантиніне жатқызылды.
Бұл мәселеге қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова да өз ойын білдірді.
«Рас, қазір карантинге орналастырылған медициналық қызметкерлерге қатысты министрлікте де, әлеуметтік желіде де арыз-шағымдар көбейіп кетті. Осыған орай, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары Жандарбек Бекшин бүгін Атырауға келіп, орын алған мәселенің мән-жайына қанығуда. Ақ-қарасын ажыратқан соң, тиісті шаралар қолға алынатын болады.
Ал, атыраулық дәрігерлерге келсек, олар жайлы қонақүйлер мен тұрғын үйлерге орналастырылған. Әйтсе де, бұған қарсылық танытып жатқандар да жоқ емес. Олар карантин енгізу жөніндегі бұйрықтан әлі күнге дейін бейхабар болып келгендеріне және санаторийдің орнына жайсыз үйге қоныстанатындығына наразы. Арыз-шағымның бәрі егжей-тегжейлі қаралатын болады», - деп сендірді ол.