RSS лента

Жүз мың теңгеге телефон әпергенше, тай алып беріңіз балаңызға!..

  • 08.09.2020, 06:32,
  • 2 661
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Әлеуметтік желі

Атадан балаға мирас болған ұлы дәстүрді ұмытпай, салт сақтап, ат баптап келе жатқан жандар бар. Солардың бірі – Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай ауылының тұрғыны Мұрат Шапихов, дейдіTurantimes.kz тілшісі.


Ұлы даланың төл туындысы


Біз кейіпкерімізбен тілдесіп, жалпы, жылқы бағудың жай-жапсарын сұрастырып, біраз қызықты да құнды мəліметтерге қанықтық. Байқасақ, төрт түліктің ішінде бағып-қағуы аса қиындық тудырмайтыны – жылқы малы екен. Қыл құйрықтыны Ұлы даланың өзі асырайды. Иесі тек сыртынан бақылап, жайылымдық жері мен су ішетін суатын қамтамасыз етсе болғаны.

  • – Жылқы шаруашылығын дамытуға мемлекет үлкен қолдау білдіріп отыр. Осыны ескеріп, мен де Қамбар ата тұқымын көбейтуге өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Əуелгі кезде бұл тек жай ғана қызығушылықтан туған бастама еді. Кейін бір-екі жылдың төңірегінде Ресейден асыл тұқымды ағылшын айғырларын əкелдім. Оларды жергілікті қазақы жылқымен будандастыру арқылы бəйге мен көкпарға жарамды асыл тұқым алуды ойластырып отырмын. О бастағы қызығушылықтың қазір қосымша табыс көзіне айналған жайы бар, – деді Мұрат бізбен əңгімесінде.

Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек…


Жылқының жүйріктігі бəйгеге келгенде сынға түсетіні белгілі. Олай болса, асыл тұқымды ат алу үшін селекциялық жұмыстарды жүргізудің жөні бөлек. Бүгінде əлемде жылдамдығы жөнінен таза тұқымды ағылшындық тұлпарлармен ешқайсысы тең келмейді. Оларды білікті атбегілердің бəрі де мойындайды. Дегенмен, бұл жергілікті жылқының тұқымы нашар дегенді білдірмейді. Біз тілдескен атбегіміздің айтуынша, жергілікті жануар бəйге мен көкпарға озық болмаса да, қаны жағынан өте текті болып келеді.


  • – Жалпы, жылқы малы өзге түліктен тектілігімен жəне асқан ақылдылығымен ерекшеленеді. Айғыр өзінен тараған құлынды бір-екі жылдан кейін үйірінен шығарады. Осылайша, тұқымының тазалығын сақтайды. Мұны тұяқтының тектілігі демей көріңіз. Қазақ та жеті атаға дейін қыз алыспайды ғой. Ендеше, жануар бола тұра жылқы да қан тазалығына қатты мəн береді. Екіншіден, айғыр өз үйірін қасқырға бермейді. Өзінің ұрпағын сақтау үшін жыртқыштың аузына түсуге де дайын, – дейді Мұрат Шапихов.


Қамбар ата түлігін түлеткім келеді Əңгіме кейіпкері «өрісті малға толтырамын дегендерге барлық жағдай бар» деген пікірде. Мемлекеттік бағдарламалар да осы мақсатта жасақталды. Болашақта Мұрат сол арқылы қаржылай жеңілдіктерге ие болғысы келеді. Осылайша, алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.


  • – Осындағы каналға Жайық өзенінен су келіп тұрады. Егер қыс кезінде қар жауса, жылқы судан таршылық көрмейді. Ондайда, тіпті, су іздеп ауылға да келмей, қаһарлы қысты қырда өткізіп шығатындары бар. Бұл ретте, жердің құмды болып келуі де оң əсерін тигізіп отыр. Ал, қар жаумаған жағдайда каналдан суат ойып, малды содан суарамыз, – дейді ол.


Иə, сұхбаттасушымыздың əңгімесінен атакəсіппен айналысудың өз қиындықтары болатынын ұғындық. Бірақ, Көктоғай ауылының азаматтары жұдырықтай жұмылып, Қамбар ата түлігін көбейтуге бар күштерін салуда. Барлығы бірігіп қырдан аула салғандарын айтады. Малға зиян тигізер ит-құстарды ату мəселесі де өз шешімін тапқан. Бұдан да басқа бірлесе атқарылған жұмыстар көп-ақ.


Жастарға жылқы мінез жетіспейді


  • – Жылқы шаруашылығында біз жаңа технологияның жетістіктерін қолданып отырмыз. Солардың бірі – арнайы GPS құрылғысы. Оның көмегімен ұялы телефоныңызға дер кезінде хабарлама келіп тұрады. Осылайша, иелігіңіздегі малдың қайда жүргенін нақты біле аласыз.
  • Телефон демекші, бүгінде балалар оған күндіз-түні телміреді. Одан соң бос уақыттарын қалай өткізерін білмей, келеңсіздіктерге кезігіп жатады. Ал, сол 100-200 мың теңге тұратын телефонның орнына балаңызға тай алып берсеңіз, оның бойынан оң өзгерістер байқар едіңіз. Кішкентай кезінен тайды тізгіндеп, жылқының жалын тартып мінген бала өр рухты, ержүрек болып өседі. Біздер батыр бабалардың ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Аталарымыз ат үстінде жүріп елін, жерін қорғады. Соны жас буынға кеңінен насихаттау, үлгі ету – бүгінгі мақсатымыз, – деді Мұрат Шапихов.


Атбегінің айтуынша, мұнайлы мекенде бəйге, көкпар тарту секілді ұлттық ойындар біраз кенжелеп қалған. Соңғы жылдары ғана Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен мереке күндері ұлттық ойындардың осы екі түрі ұйымдастырылып жүр. Осының əсері шығар, кейбір ата-аналар балаларына темір тұлпардың орнына тай алып беруде. Міне, осындай жандар қатары көбейсе, бұрынғы тайжарысты қайта түлетуге болады. Демек, дəстүрді дамыту өз қолымызда. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі ұрпақ ұлықтамаса, ертең ұмыт болады.


Ат құлағында ойнаған…


Атырауда алғаш рет мектеп оқушылары үшін тегін ат спорты мен садақ ату клубы ашылады деген сүйінші хабар жетті. Нақтырақ айтқанда, оған Атырау қаласына қарасты елу мектептен əлеуметтік жағдайы төмен 100 оқушы тегін қатыса алады екен. Бұған дейін біз облыстық «Білім-инновация» лицейінің оқушылары үшін Жаңаталап ауылындағы «Құлагер» шаруа қожалығының базасында ат спорты клубы үйірмесінің ашылғанын жазған едік.


Аталған білім ұясының өкілі Амандық Есқалидың айтуынша, ондаған шəкірт шаруа қожалығына ай сайын 12 мың теңге төлеп, ат жалын тартып мінуді үйренді. Сөйтіп, бір оқу жылы ішінде олардың дене бітімі ғана емес, сана-сезімі мен мінез-құлқы түбегейлі өзгерді. Ата-аналары да алғыстарын білдіріп жатты. Ал, өткен жылы үйірменің үздік он оқушысы үшін «Бабалар ізімен» деген аттылы экспедиция ұйымдастырылды. Ол жеті сағатта 42 шақырымды бағындырып, батыр баба Махамбет Өтемісұлы жатқан Қараой жазығына да жетті. Осылайша, дарынды жастар дархан даланы дүбірге бөледі.


ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН


Қазақтың жылқы мінезді халық екені ескеріліп, алдағы уақытта аймақтан ат спортына баулитын мектеп, болмаса, жылқы шаруашылығын жүргізуге үйрететін арнайы алаң ашылса, артық етпес еді. Оның үстіне, бүгінде бие сүтінен жасалатын саумал мен қымыздың адам ағзасына қаншалықты шипалы екенін коронавирус пандемиясы айқын аңғартты. Олай болса, жылқы баптап, бизнес бастауға да мүмкіндік мол. Соған тек құлшыныс танытсақ екен…


  • *Сіз не дейсіз?


Амандық БАҒЫТҰЛЫ, ат спортының жанашыры:


  • – Қазір қаламызда ат ұстап жүрген жігіттер көбейіп келеді. Оны əлеуметтік желіден жиі байқап жүрмін. Кейбірі ауыл ішінде міну үшін жалға жылқы беріп, кəсіп етіп жүр. Бірақ, бағасы қымбат. Бұрын оқушылар айына 12 мың төлеп атқа мінсе, қазір «Құлагер» шаруа қожалығының бағасымен оқушылар айына 16 мың теңге төлеуі керек. Ал, Геологтағы атқа міну базасына айына төрт рет барсаңыз, 20 мың теңге бересіз.
  • Əйтсе де, жағымды жаңалық та жоқ емес. Күзде атыраулық жағдайы төмен отбасыдан 100 оқушыға тегін жəне қалғандарына қолжетімді бағамен «Күлтегін» ат спорты клубына қатысуға мүмкіндік беретін жаңа үйірме ашуды жоспарлап отырмыз. Сайып келгенде, «қазақтың тарихы жылқының тұяғымен жазылған тарих» деген қанатты сөз бар. Олай болса, жас ұрпақ санасында ұлт тарихын жаңғыртамыз десек, оларды алдымен жылқы жануарымен таныстырумыз қажет. Өйткені, Ұлы даладан, атабабадан қалған жалғыз мұра да, аманат та, ол – жылқы!
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости