RSS лента

Ерінбесең, егін ек! Үшінші бөлім

  • 21.05.2020, 17:50,
  • 1 174
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Shutterstock

Ендігі мәселе – «жолы болмаған» жергілікті өнімдер жайы. Оларға бізден басқа ешкімнің жаны ашымайтынын әлі де түсінбей келеміз.

Отандық өнімді өгейсітпейік

Жақында супермаркеттердің бірін аралап жүріп картоптың астындағы жазуды көріп, шошып кеткеніміз бар. «Египеттен әкелінген сапасы жоғары картоптар» деп жазылған маңдайша қақ төрде «менмұндалап» тұр. Масқара емес пе? Сонда қалай болғаны, экономикамызды осындай деңгейге дейін құлдыратып алғанымыз ба?

Күні кеше ғана әлеуметтік желілер мен телеарналардан сөйлеген белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила қоғамның ақырындап шырылдауық шегірткеге айналып бара жатқанын сынға алған еді. Әрине, сөзінің жаны бар. Расымен де, отандық өндіріске кішігірім көз жүгіртіп көрсек, өзіміз өндіріп жатқан ауыз толтырып айтардай ештеңе көрінбейді. Қазір ХХІ ғасыр. Демек, шегірткедей шырылдап жаз бойы жайраңдап жүретін уақыт емес. Оның үстіне, тұтқиылдан тап берген коронавирус пандемиясы аз да болса ел экономикасын есеңгіретіп жіберді емес пе?

Қазыналы аймақтың ауылшаруашылық саласына көп жыл жетекшілік жасаған Серік Сәрсекеновтің айтуынша, импортқа икемделгеннен гөрі экспортқа басымдық берген жөн. Мәселен, жуырда жергілікті кәсіпкерлік палата мамандары скринингтік сауалнама жасаған екен. Оның қорытындысы бойынша бір жылдың ішінде шет елден әкелінетін алманы ғана алып қарайтын болсақ, 816,5 миллион теңге қаражатты құрайды. Бұл не деген сөз? Демек, осыншама қаржы басқаның қалтасына құйылып жатыр. Сонда біз шетелден тартуға тиіс болған инвестицияны соларға кері салып отырмыз. Әділетсіз бе? Әрине!

Өзімізде өндірілген 107 тонна алманы айтпағанда, бізге әлі де қалыпты көлем есебінде 30,3 мың тоннасы қажет. Ал, шетелдік алмаға келсек, оның қалай өсірілгені бізге беймәлім. Өздері жемейтін болған соң, өзгеден несін аясын шетелдіктер? Бұл жерде біз алмаға құрт түспеу үшін және оны ұзақ уақыт сақтау мақсатында қолданылатын улы химиялық қоспалар мен басқа да толып жатқан зиянды заттарды айтып отырмыз. Сол «сырты бүтін, іші түтін» алмаларға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтыны да сондықтан ғой, - дейді білікті маман бізбен әңгімесінде.

Алма демекші, Елбасының өзі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп, жергілікті жеміспен денсаулықты жақсартуға шақырды емес пе? Ал, сапалы тағам тұтынғымыз келсе, жер бетін жасыл баққа айналдыру қажет.

Балконда бақ өсе ме?

Егінді айтпағанда, қарапайым көгалдандыру жайы қозғала қалса, «бұл үшін арнайы егіс алқабы» керек деген уәждер айтыла бастайды. Осы орайда, алыстағы ауыл-аймаққа бармай-ақ, қаланың қақ ортасында егін егіп отырған жандар барын еріксіз еске салуға тура келеді. Тіпті, балконда да бақ өсіріп жатқандарды көргенде, сүйсінбеске шараң қалмайды. Балконды былай қойғанда, көпқабатты үй тұрғындары өз ауласында бір-бір жеміс ағашын жайқалтуына болады ғой!

Міне, сондай жандардың бірі – Қайырғали Смағұлов көшесіндегі №56 үйдің тұрғыны – Қазимаш Сабырова. Ол аядай аулада өсіріп жатқан гүл бағын күн сайын күтіп-баптап отырады. Жасы сексенге жақындаған ардагер ұстаз әлі де тың. Кезінде білім беру бөлімдерін басқарып, мектеп директоры болған ол зейнет жасына жеткен соң гүл өсіруді қолға алғанын айтады.

Жалпы, жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, денсаулығы жақсарады, көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Өйткені, олар көп уақытын ғимараттар мен кеңсе ішінде өткізеді. Тіпті, сол кеңседегі гүлдердің өзін суаруға уақыт таппай жатады.

Ал, бұрынғы кездері кеңсе жұмысшылары бір сәт кабинеттен шығарылып, табиғат аясында арнайы үзіліс жасалушы еді. Қазір ондай жоқ. Өйткені, уақыт тапшы. Сондықтан, демалыс күндерін үйде емес, сыртта, әсіресе, тал-теректің саясында өткізген тиімді. Мәселен, біз отбасымызбен бос уақытымызды гүлдерді күтіп-баптаумен өткіземіз. Тоқсан жасқа таяп қалған жолдасым екеумізді осы маңдағы тұрғындардың бәрі біледі, - дейді ол.

Балкон дейміз-ау, бір бөлменің ішінде құлпынай құлпыртып, жапырақ жайқалтып отырғандар да бар. Тек терезеден күн сәулесі түсіп тұрса, соның өзі жетіп жатыр. Осындай игі істі иіріп отырған Атырау қаласының тұрғыны Гүлнұр Бақытжанқызы құлпынаймен қатар авокада мен лимон өсімдігінен де өнім алады екен. Оның айтуынша, сырттан саудаланып жатқан жеміс-жидекті өзімізде де өсіруге болады.

Иә, ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді. Бұл ретте, біреулер «пәтерде піскен жеміс дәмсіз болады» деп мұрнын шүйіруі де мүмкін. Әйтсе де, мұны біз мысал ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал, оның қасында қала тұрғындары жылыжайдың да жемісін жеп отырған жоқ па? Олай болса, егін еккісі келген жан жөнін табады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қалай десек те, алдыңғы толқын аға-апалар кейінгі кіші буынға үлгі көрсетуі тиіс. Себебі, нарықтың шырмауына шырмалған бүгінгі ұрпақ жерге дән егіп, қашан жеміс піскенін күткісі келмейді. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп үйренген олар ауадан ақша жасауға үйір. Сондықтан егін егу мен жасыл желек жайқалтуға тек кәсіп ретінде ғана қарамай, отбасылық құндылыққа айналдырған абзал. Уақыттың өзі бізге мұны мойындатып отыр.
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости