Цой зертханалық зерттеулер қуатын күніне 40 мың ПТР-тест тапсыруға дейін ұлғайту туралы Мемлекет басшысы тапсырма бергенін еске салды. Бұл 100 мың адамға 215 тесттен келеді деген сөз.
Бүгінде, министрліктің мәліметінше, тестілеудің нақты қуаты тәулігіне 32 мың зерттеу жүргізуді құрайды. Сөйтіп, тәулігіне 8 мың зерттеу тапшы болып отыр.
«Мәселені шешудің келесі жолдары қарастырылды. Біріншісі – ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап ветеринарлық қызметтің зертханаларын пайдалану: күніне 5 200 зерттеу, арнайы қызметтің 67 маманын тартумен – ПТР-құрылғының 26 жиынтығын қамтамасыз ету. Оылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің зертханасы есебінен өңірлердегі тестілеу тапшылығы теңесетін болады» деп хабарлады министр.
Екіншісі – ПТР-құрылғының 20 жиынтығы мен 8 мобильді жылжымалы зертхана сатып алу. Оларды жеткізу осы жылдың 30 тамызына жоспарланып отыр.
Үшіншісі – ағымдағы жылдың 1 тамызына астана мен Алматыдағы модульді зертханалардың қуатын тәулігіне 8 мың тестке дейін арттыру.
«Сонымен бірге, жыл соңына дейін эпидемиологиялық ахуал болжам бойынша ПТР зертханалар қуатының ұлғаятынын ескеріп, ПТР тестілеу қызметіне төлеуге республикалық бюджеттен қосымша 42 миллиард теңге бөлу қажет. Сондай-ақ, зерттеуге тартылған ветеринарлық зертханалардағы 67 маманның іссапар ақысына 170 миллион теңге төленуі тиіс. Бұдан бөлек, облыс әкімдері ауыл мен аудандардан зерттеу материалдарын жеткізу үшін автокөлік бөлу мен қызмет ақысын төлеуді қамтамасыз етуі қажет» деп түйіндеді Цой.