МАЛ ПАТШАСЫ САНАЛАТЫН ЖЫЛҚЫ – СЕЗІМТАЛ, ҚАСИЕТТІ ЖАНУАР. ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ІШІНДЕ БАҒЫП-ҚАҒУЫ АСА ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРМАЙТЫНЫ ДА ҚЫЛ ҚҰЙРЫҚТЫ ЕКЕН. СҰХБАТТАСУШЫМЫЗ – ИНДЕР АУДАНЫ КӨКТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ МҰРАТ ШАПИХОВ ОСЫЛАЙ ДЕЙДІ...
Қамбар ата ұрпағын Ұлы даланың өзі асырайды. Иесі тек сырттай бақылап, жайылымдық жері мен су ішетін суатын қамтамасыз етсе болғаны.
– Əуелгі кезде жылқы шаруашылығымен айналысамын деп ойлағаным жоқ. Жай ғана қызығушылықтан туған бастама еді. Кейін Ресейден асылтұқымды ағылшын айғырларын əкелдім. Оларды жергілікті қазақы жылқымен будандастыру арқылы бəйге мен көкпарға жарамды асылтұқым алуды ойластырып отырмын. Осылайша, қызығушылықтан басталған іс қазір қосымша табыс көзіне айналып отыр, - дейді жылқышы.
Жылқы ішінде жүйрік көп...
Жылқының жүйріктігі бəйгеге келгенде сынға түсетіні белгілі. Олай болса, асыл тұқымды ат алу үшін селекциялық жұмыстарды жүргізудің жөні бөлек. Бүгінде əлемде жылдамдығы жөнінен ағылшындық таза тұқымды тұлпарлармен ешқайсысы тең келмейді. Оларды білікті атбегілер де мойындайды. Дегенмен, бұл жергілікті жылқының тұқымы нашар дегенді білдірмейді. Атбегі мамандар жергілікті жануар бəйгеде оза шаппағанымен, оның өте төзімді, қаны таза болатынын айтады.
– Жылқы малы өзге түліктен тектілігімен жəне ақылдылығымен ерекшеленеді. Айғыр өзінен тараған ұрғашы құлынды бір-екі жылдан кейін үйірінен шығарып жібереді. Осылайша, тұқымының тазалығын сақтайды. Мұны тұяқтының тектілігі демей көріңіз. Қазақ та жеті атаға дейін қыз алыспайды ғой. Ендеше, жануар бола тұра жылқы да қан тазалығына ерекше мəн береді. Екіншіден, айғыр өз үйірін қасқырға бермейді. Өзінің ұрпағын сақтау үшін арамдық ойлаған адамға да шабуға дайын, - дейді Мұрат Шапихов.
Қамбар ата түлігін түлеткім келеді
Əңгіме кейіпкері «өрісті малға толтырамын дегендерге барлық жағдай бар» деген пікірде. Мемлекеттік бағдарламалар да осы мақсатта жасақталған еді. Болашақта Мұрат осы жүйе арқылы пайызы төмен несие алғысы келеді. Осылайша, алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр. – Егер қыс кезінде қар жауса, жылқы судан таршылық көрмейді. Ондайда, су іздеп ауылға да келмей, қаһарлы қысты қырда өткізіп шығатындары бар. Бұл ретте, жердің құмды болуы да оң əсерін тигізіп отыр. Ал, қар жаумаған жағдайда каналдан суат ойып, малды содан суарамыз, - дейді ол.
Иə, сұхбаттасушымыздың əңгімесінен атакəсіппен айналысудың өз қиындықтары болатынын ұғындық. Бірақ, Көктоғай ауылының азаматтары жұдырықтай жұмылып, Қамбар ата түлігін көбейтуге бар күштерін салуда. Барлығы бірігіп қырдан аула салғандарын айтады. Малға зиян тигізер ит-құстарды ату мəселесі өз шешімін тапқан. Бұдан да басқа бірлесе атқарылған жұмыстар көп-ақ.
Жастарға жетіспейтін мінез
Бүгінде жылқы шаруашылығында жаңа технологияның жетістіктері қолданылып отыр. Соның бірі – арнайы GPS құрылғысы. Оның көмегімен мал иесінің ұялы телефонына дер кезінде хабарлама келіп тұрады. Осылайша, иелігіндегі малдың қайда жүргенін нақты біле алады.
– Телефон демекші, бүгінде балалар оған күндіз-түні телміреді. Одан соң бос уақыттарын қалай өткізерін білмей, келеңсіздіктерге кезігіп жатады. Ал, сол 100-200 мың теңге тұратын телефонның орнына балаңызға тай алып берсеңіз, оның бойынан оң өзгерістер байқар едіңіз. Кішкентай кезінен тайды тізгіндеп, жылқының жалын тартып мінген бала өр рухты, ержүрек болып өседі. Біздер батыр бабалардың ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Аталарымыз ат үстінде жүріп елін, жерін қорғады. Соны жас буынға кеңінен насихаттау, үлгі ету – бүгінгі мақсатымыз, - деді Мұрат Шапихов.
Атбегінің айтуынша, мұнайлы мекенде бəйге, көкпар тарту секілді ұлттық ойындар кенжелеп қалған. Соңғы жылдары ғана Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен мереке күндері ұлттық ойындардың осы екі түрі ұйымдастырылып жүр. Соның əсері шығар, кейбір ата-аналар балаларына «темір тұлпардың» орнына тай алып беруде. Осындай жандар қатары көбейсе, бұрынғы тайжарысты қайта түлетуге болады. Демек, дəстүрді дамыту өз – қолымызда. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі ұрпақ ұлықтамаса, ертең ұмыт болады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазақтың жылқы мінезді халық екені ескеріліп, алдағы уақытта аймақтан ат спортына баулитын мектеп немесе жылқы шаруашылығын жүргізуге үйрететін арнайы алаң ашылса, артық етпес еді. Оның үстіне, бүгінде бие сүтінен жасалатын саумал мен қымыздың адам ағзасына қаншалықты шипалы екенін коронавирус пандемиясы айқын аңғартты. Олай болса, жылқы баптап, бизнес бастауға да мүмкіндік мол. Соған тек құлшыныс танытсақ екен...
*Сіз не дейсіз?
Амандық КМЕКҰЛЫ, ат спортының жанашыры:
– Қазір қаламызда ат ұстап жүрген жігіттер көбейіп келеді. Оны əлеуметтік желіден жиі байқап жүрмін. Кейбірі ауыл ішінде міну үшін жалға жылқы беріп, кəсіп етіп жүр. Бірақ, бағасы қымбат. Осы орайда, «Құлагер» шаруа қожалығы мен Геологтағы атқа міну базасы мектеп оқушыларына жеңілдік жасаса деген ұсынысым бар. «Қазақтың тарихы – жылқының тұяғымен жазылған тарих» деген қанатты сөз бар. Олай болса, жас ұрпақ санасында ұлт тарихын жаңғыртамыз десек, оларды алдымен жылқы жануарымен таныстыруымыз қажет. Ұлы Даладан, ата-бабадан қалған жалғыз мұра да, аманат та – сол.