[media=https://youtube.com/shorts/GEVTt-ETLbQ?feature=share]
Ақтоғай ауданының полициясына ауыл тұрғыны тамыздың 19-нан 20-на қараған түні Ақжол ауылының маңында тұрған 8 бас жылқы ұрлағаны туралы хабар берді. Иесі келтірілген залалды 2 миллион 250 мың теңгеге бағалады.
– Дереу тәжірибелі жедел уәкілдер, тергеушілер және учаскелік полиция қызметкерлерінен топ құрылды. Бірнеше нұсқа пысықталды, барлық мал бағу нүктелері, ет қабылдау пункттері тексерілді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Полиция аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары өз нәтижелерін берді. Полиция қызметкерлері Ақтоғай ауылының маңында «Ленин-Ертіс» автожолында ГАЗ-330232 маркалы автокөлігін ұстады, оның шанағында ұрланған жылқылардың төрт басы болған. Иесі жылқыларын анықтады.
Полиция күдіктінің Павлодар қаласына төрт бас жылқы малын тасымалдағанын анықтады. Сонымен қатар ер адам бір жылқыны етке сойып үлгерсе, қалған үш жылқыны Ертіс ауданы ауылдарының бірінде жасырған. Бұл қылмыстың мән-жайлары мен себептері сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.