ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНДА АМАНЖАН ҚҰСАЙЫНОВ ЕСІМДІ АЗАМАТ ЕРЕКШЕ ЕШКІ ТҰҚЫМЫН ӨСІРІП ОТЫР. ФРАНЦИЯДАН ӘКЕЛІНГЕН «АЛЬПІ» ТҰҚЫМДЫ СЕКСЕК АТА ТӨЛІНІҢ ҚАРАПАЙЫМ ЕШКІДЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ – ЖҮНІ ТЫҚЫР БОЛҒАНДЫҚТАН ТҮБІТІ ЖОҚ. ТІПТІ, МҮЛДЕ ҚЫРҚЫЛМАЙДЫ. ТАҒЫ НАЗАР АУДАРАРЛЫҒЫ, ЖЕГЕН АЗЫҒЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ СҮТКЕ КЕТЕДІ ЕКЕН. СОДАН БОЛАР, ОҒАН ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ҚҰНАРЛЫ АЗЫҚ КЕРЕК. СОНДЫҚТАН, АРНАЙЫ ГИДРОПОНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛҒЫДА АРПА ӨСІРІЛЕДІ. ОДАН ӨЗГЕ ЖҮГЕРІ МЕН СҰЛЫ ТАРТЫЛЫП БЕРІЛЕДІ. БҰЛ ТҮЛІКТІҢ ТАҒЫ ЕРЕКШЕЛІГІ – СҮТ БАҒЫТЫНДАҒЫ МАЛ БОЛҒАНДЫҚТАН, ЖЫЛЫНА БІР МӘРТЕ ҒАНА ТӨЛДЕЙДІ ДЕ, ОН-ОН БІР АЙ БОЙЫ САУЫЛАДЫ.
Аманжан ешкінің осы тұқымын өсірумен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Ілкіде Мəскеу арқылы Франциядан əкелген екі ешкі, бір текеден бүгінде шағын отар өсіп шығыпты. Айтқандай, асыл тұқымды түліктің тағы бір қиындығы – өз төлінен көбейгенімен, аталығын үнемі ауыстырып отыру керек. Сондықтан, қиын да, қызық шаруашылықты кəсіп еткен шаруагер жыл сайын алыс Еуропадан теке тасымалдап келеді. Бұл, бі ріншіден, зор шығын, екіншіден, ерекше еңбекқорлықты талап ететіні түсінікті. Əрине, пайдасы да бар. Мысалы, қазір жергілікті ешкілер күніне 1 литр сүт берсе, «альпілік» тұқымның өнімі одан үш еседей көп. Шағын шаруашылықта сүт өндіру толық автоматтандырылған. Сүт осы жерде өңделіп, одан балаларға арналған төрт-бес түрлі өнім шығарады. Бірақ, жаңалыққа жаны құмар шаруагер бұл тірлігін бизнес деп санамайтын секілді. Рас, жаңа сауылған сүтті жас балалы отбасылар таласып сатып алады дейді. Бірақ, дүкенбазарлардан Аманжан өндірген өнімдерді таппайсыз.
– Алғашында ешкі сүтін ұлымның емі үшін ғана пайдаландым. Кейін кəсібім отбасылық нəсіпке айналып кетті. Қазір келіншегім, балам жəне ініммен бірге осы ешкінің соңында жүрміз. Бірақ пайда таптым деп айта алмаймын. Бұл түлікті өсірудің өзіндік қиындықтары бар. Оның жем-шөбін, басқа да қосымша дəрумендерді еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті, шетелден тапсырыс арқылы алдырамыз. Ол өте қымбатқа шығады. Тағы бір кедергі – елімізде сүтті ешкі шаруашылығы туралы ақпараттың аздығы шаруаға кедергі келтіруде. Тіпті, осындай тұқым өсіріп отырған əзірге жалғыз мен ғана. Сол себепті алдағы уақытта ағылшын тілін үйреніп, Европадағы ешкі фермаларынан тəжірибеден өткім келеді. Біздің тірліктің қызығы да, қиындығы да осында, – дейді Аманжан.
Дегенмен, бұл – мұнайлы өңірдегі алғашқы ешкі фермасы емес. Осындай шаруашылық Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылында да бар, ол – кешенді сүт фермасы. Бүгінде іргелі шаруашылыққа айналған кешендегі асыл тұқымды ақ ешкілер де «альпі» тұқымды деп аталады. Тек олар Сербиядан əкелінген. 2013 жылы 150 бас шыбыштан көбейген шаруашылықта қазір 600-дің үстінде ешкі бар. Сауын мал көп болғандықтан, табыс та жаман емес. Тауарлы сүт фермасы айына 2 тоннаға дейін өнім өндіреді. Шаруашылық өнім көлемін азайтпас үшін селекциялық жолмен ешкілерді жыл бойы кезегімен төлдейтін əдіске қол жеткізген.
Əдетте, ыстыққа да, суыққа да төзімсіз келетін ешкіге ерекше күтім керек. Олар күтілетін жабық қоралардағы температура бірқалыпты сақталады. Жатар орны жылы болғандықтан жыл он екі ай бойы кезекпен төлдейтін ешкілердің лақтары тез аяқтанып кетеді екен. Бірақ, олар туған бойда енесінен ажыратылып, бөлек бағылады. Ал, сауын ешкілер күніне екі рет сауылады. Мал басы өскен сайын өнім көлемі де артатыны анық. Бұл ферма тəулігіне 250-300 литр сүт сауады екен. Сүт көп болған соң одан шығатын өнім де мол, əрі алуан түрлі. «Сарайшық» шаруашылығы ешкі сүтінен 12 түрлі өнім шығарып отыр.
Бүгінде облыста осындай 18 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Əсіресе, ет бағытындағы еділбай қойлары мен қазақтың ақбас тұқымды сиырына да сұраныс жоғары. Шығыны аз, өнімі мол түлік түрін көбейтуге биыл тағы 12 шаруашылық ниет білдіріпті. Оның ішінде тауарлы сүт өндіретін ешкі фермасы да бар. Енді жылыойлық Аманжан Құсайыновтың ерекше ешкілері көбейсе, жақын болашақта осындай тағы бір ферма құрылмақ.
Атамыз қазақта «есі кеткен ешкі жияр, ешкімен есін жияр» деген сөз бар. Бұл Сексек ата төлінің өсімталдығын меңзесе керек. Бүгінгі батыстан əкелінген мал тұқымының тұтынуы да, бағымы да бөлек. Бірақ бизнестің осы түрін бағындырамын деп белсенген жанға, соның іщінде малдың сыры тал бесіктен бойына сіңген қазақ баласы үшін түрі өзге болғанымен, түбі бір ешкі тұқымын өсіруге кедергі болмасы анық.