«Шопан деген кәсіп емес, ол – өнер. Қанға сіңген өнер. Қойшының қараша үйінде дүниеге келдім. Сонау атадан балаға қалыптасқан өнер» деп тыңнан түрен салып, толғана сөйлейтін қазақ киносының жауһары – «Гауһартас» көркем фильмінің бас кейіпкері Тастан шопанды біздің буыннан көрмеген жан кемде-кем... «Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деген Қазыбек бидің сөзі де санаға әбден қатталып құйылған ұлағат. Кеңшарлар таратылып, мал да, техника да үлеске бөлінген 1997-1998 жылдардан соң шопандық кәсіптің де қадірі кете бастады. Жекешелендіруден кейін дәті мықтылар ғана қолындағы барымен жеке қожалық құрып, дені өкіметтің мүлкін өзіне тапсырып, қол қусырып қалды. Сондықтан болар, жастар ата таяғын ұстағаннан гөрі, орталыққа барып жан баққанды жөн көрді…
Шопанның баласы
Қазір мал басын өсіру деген қисынсыз əңгіме болып қалды. Бүгінде ауыл шаруашылығы сол олқылықтың орнын əлі күнге толтыра алмай келеді. – Бүгінде ауыл шаруашылығында ет өндіруден Қазақстанды 102 пайызға қамтамасыз етіп отырған – тек қойдың еті. Ірі қара 80 пайызын қамтиды, 20 пайыз жетпейді. Ал, жылқының етін, тіпті, қазы жасайтын ішекті де Бельгия, Аргентина елдерінен əкелгенін көріп жүрміз. Қазақстанда бүгінде 19 миллион қой бар. Біздің алдымызға қойған мақсатымыз – алдағы 10 жылда қойдың санын 36 миллионға жеткізу, – деп бастады əңгімесін талдықорғандық шопан Алмасбек Садырбаев.
Біздің Талдықорғандағы А.Садырбаевқа хабарласқан мақсатымыз – оны дəріптеу емес. Атыраудан дəл осы бағытты ұстанып, мал шаруашылығына мұндай жанашыр көзқараспен жұмыс жасап жатқан жанды іздеп таппағанымыз рас.
Өңірдің статистикасына көз жүгіртсек, жыл басындағы есеп бойынша Атырау облысында 579 698 қой-ешкі бар. Оның ішінде асыл тұқымдысы 10 пайызға да жетпейді.
Ал, біздің кейіпкеріміз жуырда гемпшир тұқымдас бір қошқарды 1 млн. 300 мың теңгеге сатқан. Осы сомадан-ақ аймақтағы асыл тұқымды қойдың ахуалын бағамдай беріңіз. Қой өсіріп, оның дамуына үлкен үлес қосып, ұсақ жандықты тек бағып қана қоймай, кəсібіне жаңа заманауи əдісті енгізіп, қазақ жастарын соған баулып жүрген Алмасбек те шопанның баласы. Бірақ Алатау баурайының ауасы таза, жазы жайлы болса да, əкесі оны жайлауға бір-ақ рет апарып, қыстауды мүлдем көрсетпепті. Бəлкім, өмір бойы мал бағып, жиған-тергенін өкіметке өткізген əке ұлының шопан болғанын қаламаса керек. Алайда, əкесі дүние салған соң қорада қалған 14 қой оның өмірін түбегейлі өзгертті деуге болады. Сатып жіберейін десе, елдің сөзіне қалады. Ақыры, көп ойланып, алдымен досына қосады, кейін өзі іске білек сыбана кіріседі. Бүгінде 2000-нан астам гемпшир тұқымдас қойдың иесі.
Сиыр vs қой
Қой өсіру – өз күшімен дамып жатқан сала. Дүниежүзілік банк қызметкерлері мал шаруашылығы бойынша ең пайдалы үй жануарының рейтингін шығарыпты. Сонда көш басында тауық тұр. Неге? Өйткені, құс 45 күнде өсіп, өз өнімін бере бастайды. Екіншіден, шошқа жарты жыл сайын балалайды. Үшінші орында – қой, төртінші – жылқы, бесінші – сиыр. Ал, Қазақстанда субсидия негізінен сиырға беріледі.
– Құс өсірумен айналысып, үлкен фабрика салатын қазақтың қаржысы жетпейді. Шошқамен айналыспайды. Сонда қазақ үшін өсімтал, өте тиімдісі – қой. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп ата-бабамыз босқа айтпаған. Ірі қарамен салыстырғанда, жылқы ұзынаяқты мал, алысқа жайылады. Оны ұрлап кетуі де ықтимал. Сиыр жылына бір рет төл береді. Оны жыл бойы бағып, баспағын 120-150 мыңға ғана сата аласыз. Ал, енді есептейік. Бір сиырдың құны он қойға тең. 10 қойыңыз 10 қозы береді. Оны үш ай емізіп, енесінен бөлгеннен кейін əрқайсысын 30 мыңнан сатасыз. Нəтижесінде, сиырдан бір жылда 150 мың, қойдан 3-4 айда ғана 300 мың табасыз, – деді Алмасбек.
Бордақыдан табыс көп
Жөн-ақ, қой өсірген дұрыс делік. Енді оны қалай баққан тиімді? Мал бағу үшін не істейміз? Тəжірибелі шопан А.Садырбаевтың айтуынша, алдымен халық əкімшілікке барып 1000 гектар жер сұрайды. Сосын оның құжатына жүгіреді. Үй-жай салады, жарық, жылу тартады. Оның барлығы қып-қызыл шығын. Қазақша мал жаю, бағу – экстенсивті, яғни ескі əдіс. Əлемде дамығаны интенсивті, соның ішінде қойды бордақылау өте пайдалы əдіс екен. Қалада тұрсаңыз да, ауылда болсаңыз да ұсақ жандыққа жыл он екі ай бойы жайылымның қажеті жоқ. Биыл 10-15 тоқтыны қораға ұстап бордақыласаңыз, бір жылда сіздің алдыңызда 30-35 қой, қалтаңызда əжептəуір ақшаңыз болады. Бордақы малға төбесінен су өтпейтін, асты саржамбас болмас үшін шатыр (навес) ғана жеткілікті. 10 сотық жерде 100-200 бас қой бағуға болады.
Мысалы, Алматыда 1 гектар жерде 10 мың қойды құнарлы азықпен өсіріп отырғандар да бар екен. Былтыр жазда Атыраудан жеке ұшақпен ұшып барған мұнайшылар Алмасбекке: «қалай мал ұстаймыз?» деген бір-ақ сұрақ қояды. Ол мұндай əрекетке таңданысын жасыра алмай, мұнайдың жайын сұрайды. Сонда: «Мұнай да мəңгілік емес екен, басынан бағы тайып жатыр. Бізге болашаққа мал шаруашылығы керек» депті біздің жерлестер. Озат шопанмен бір күн отырып, бизнес жоспар сызады.
– Олар 3 миллион АҚШ доллары шамасындағы қаржымен іс бастағалы отыр. Егер бордақылау алаңын салып, бір жыл жұмыс істегенде, айналымы үш есе болады. Себебі, бір жылда 4 рет бордақы жасауға мүмкіндік бар. Бүгінде ауылда да, қалада да семіз қой жоқ. Өйткені, жер қуаң, шөп жоққа тəн. Ал, бізге союға, жеуге семіз мал керек. Малды бағу өз алдына, оны бордақылау мүлде басқа бизнес. Салымды қойға салсаңыз, банктегі депозиттен гөрі əлдеқайда мол табыс табасыз. Мəселен, бір қозыны 30 мың теңгеге алып, екі айдай жемдесеңіз, кемінде 10 мың теңге пайдаға шығасыз. Осындай бордақымен айналысатын алматылық Ахат ағамыз пандемия кезінде дағдарысқа қарамастан 5000 бас қойдың үстіне 3000 бас пайда тапты. Еріншектің ертеңі таусылмайды, «оның жемшөбін жазда дайындау керек, пəлен-түген» деген сылтау ғана. Жазда бастаймын десеңіз уақыттан ұтыла бересіз. Қазір бастаңыз, – деп, Алмасбек аға ойланыптолғанып жүргендерге мотивация берді.
Біздегі бес кедергі
– Жалпы ауыл шаруашылығының дамуында 5 кедергі бар, – деп ашынды Алмасбек аға. – Оның негізгі үшеуі – жер, құрал, ресурс. 10 сиыр, 40-50 ешкісі бар қарапайым қазақтың жерге де, ауыл шаруашылығына арналған несиеге де, субсидияға да қолы жетпей жүр. Төртіншісі – білім. Бізге əр сала бойынша кəсіби білім керек. Бесінші – қазақы стереотип. Ештеңеге сенбейміз, ескі тəсілді пайдаланудан қайтпаймыз. Көзіміз жетіп тұрса да, біреулер бастап жатса да «жоқ, ол болмайды екен» деп кертартпалық жасаймыз. Жаңашылдыққа ұмтылыс төмен. Сосын малшы таппаған соң, күнін көре алмай жүрген қаңғыбасқа мал бақтырады. Ал, ол істің жөн-жосығын білмейді, бар малды өсірмейді. Сондықтан, ондайдан аулақ болып, заманауи түрге көшу керек.
Мал бағудың жаңа әдісі
Талдықорғандық шопан «ескіше мал бағып, кəсіп жасау бүгінде мүмкін емес» деп есептейді. Қазір ешкім 200-300 мың теңгеге малшы болғысы келмейді. Себебі, малшының өмірі ауыр. Жазғы аптап ыстық пен қыстағы ақтүтек боранда айдалада жүреді. Сондықтан, малдың кəсібі де заманауи болуы тиіс. Ол үшін білім керек. Еуропада 15-20 гектар жерді қоршап, арнайы 25 жыл шығатын көпжылдық шөбін егіп, жерін төртке бөледі де, əр 7 күн сайын малдың орнын ауыстырып отырады екен. Оны «ротациялық жайылым» дейді. Мұны атам қазақ жақсы білген.
– Еуропадағы фермер сағат 10-да тұрып, кофесін ішеді. Баласын мектепке апарады. Өйткені, ол малды бақпайды, тек ақсап немесе ауырып қалғанын қарайды. Ал, малдың соңына түсіп, таңнан кешке дейін арып-ашып жүретін біздің қазақ қана. Оны мойындау керек. Сондықтан, мал шаруашылығына ешкім бармайды. Біз түлік өсіру жолындағы кедергілерді жою мақсатында заманауи білім берумен айналысамыз. Даладан қалаға көшу үрдісін тоқтатып, жастарды ауылға тарту керек, – деп Алмасбек аға өзі басқаратын «Қазына» онлайн-мектебінде сұранысқа ие 4 мамандықты оқытып отыр.
Сала маманы шаруашылықты дамыту үшін бір-бірімен тығыз байланысты үш бағытты атап көрсетті. Біріншісі – селекция. Генетика – ұрықтандыру, тұқымын асылдандыру, яғни түрлендіру. Екінші, жем-шөп – азығы құнарсыз болса малдың да күйі төмендей береді. Үшіншісі – менеджмент, малды емдеп күту, баптау, сату.
Малдың генетикасы мен жем-шөбі жақсы болып, денсаулығы дұрыс қаралмай қалса немесе дұрыс сата алмасаңыз, пайдасы да аз болады. Алмасбек ағаның онлайн-мектебі селекционер-техник, ветеринарлық санитар, сұрыптаушы (бонтировщик) жəне ЭЕМ операторы (субсидия жөніндегі маман) мамандықтары бойынша білім береді. Бұл мамандықтарды Қазақстанда соңғы рет 30 жыл бұрын оқытқан. Қазір сұраныстың артқаны сонша, республиканың əр түкпірінен мыңдаған қыз-жігіттер онлайн білім алып жүр екен. Мұнда бұрын арнайы жасақта қызмет еткен Қайрат есімді жігіт оқығаннан кейін күніне кемінде 35 мың, тіпті, 200 мың теңгеге дейін табыс тауыпты. Қалай дейсіз ғой? Бір күнде 2000 теңгеден 20 бас малды ұрықтандырып, 150 бас жылқыға азотпен таңба басқан.
– Қазақ баласы ауылдағы кəсіптен қашпауы керек. Шын мəнінде, қазақтың ел мен жерге ие болуы малдың арқасы. Бұл іске жаңаша көзқараспен қарауымыз керек. Ауылда да ақша табуға болады. Қалада 70-100 мың теңгеге арба сүйретіп не күзетші болғанша, жақсы кəсіпті меңгеруге болмас па?! Біреудің малын емдеп, біреудің малын ұрықтандырып берсе, кəсіптің көзі сол, – дейді Қайрат.
Қой баққанға көмек бар
Қазақстанда қой өсіруге мемлекеттен субсидия беріледі. Егер қой саны 300-ден асып, оны ұрықтандырса, қазынадан қыруар қаражат төлейді. Ал, асыл тұқымды қой сатып алғанға əр басына 15 мың теңгеден көмек бар. Бірақ Алмасбек ағамыз əу бастан асыл тұқымды малмен айналысуға кеңес бермейді. Себебі, асыл тұқымды мал қымбат, шығынның қайтарымы ұзаққа созылады екен. Алғаш бастағандардың алдымен қарапайым малды бордақыдан бастауын дұрыс көреді. Егер соны 50-100 басқа жеткізіп, мал танып үйренгенде ғана үлкен шаруашылықты жүргізуге болады екен. Ерекшелігі сол, Атырау облысында жемшөпке субсидия беріледі. Өкіметтен ондай көмек кейбір өңірлерде жоқ. Бұл жөнінде бұған дейін де айтқан едік.
Қазақ ұлына не қалдырады?
Бұл өмірде қандай кəсіп жасасаңыз да, бəрі уақытша. А.Садырбаев 17 жылдан бері шаруашылықпен шұғылданып келеді. Оған қоса кірпіш шығаратын зауыты, шұжық дайындайтын цехы, бірнеше дүкені де болған. Мемлекеттік қызметте де жасаған. Алайда, жаратылыстың заңдылығы бойынша, кез-келген дүниенің басы, шарықтау кезеңі жəне соңы болады екен. Кеңседегі қызметті мал шаруашылығына алмастырып, бизнесі бəсеңдеген оның тек малы ғана қалыпты.
– Атам қазақ «мал-жан аман ба?» деп тегін айтпаған. Бірінші малдың жайын сұраған. Оның түбінде терең философия жатыр. Сіздерге айтарым – қазір кəсібіңіз, басқа табысыңыз бар шығар. Бірақ қызметті не бизнесті бала-шағаңызға қалдыра алмайсыз. Қиналсаңыз, өкіметтен берілетін көмек мардымсыз. Сондықтан, əр қазақтың қорасында қой қоздап, түйе боздап жатқаны қандай жарасымды. Мұнайдан табыс тапсаңыз да, қолдағы малды үзбеңіздер. Бұған дейін ата-бабамыз мың жыл малмен күн көрсе, бұдан кейін де ғасырлар бойы төрт түлікпен көсегесі көгереді, – деді Алмасбек аға.
Рас-ау, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен адамнан артық не айтуға болады. Біздің мақсат – оқырманға ой салу, бағыт-бағдар беру. Кейіпкеріміз айтпақшы, ең бірінші бізге білім керек. Таң бозарып атқаннан күн қызарып батқанға дейін қой соңында жүру – ескі түсінік, қате ұғым. Енді «Қазына» онлайн-мектебі сияқты тың тəжірибелер қажет. Көп балалы ата-аналар мен көп балалы отбасыдан өскен жастарға жеңілдіктер арқылы бағдар берілсе, төрт түлікті өсірудің де əдіс-амалы жеткілікті. Мұндай мүмкіндікті пайдаланған жөн. Сөйтіп, ата кəсіп пен қаймағы бұзылмаған атажұртты сақтап қалайық!