RSS лента

Атыраулық шеберлер кәдімгі киізден соңғы үлгідегі сәнді киімдер тігеді

  • 19.03.2021, 11:27,
  • 535
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Түрлі-түсті тақия, бояуы қанық бас киімдер, заманауи шәркей мен бөбектерге арналған байпақ. Бұл – ұлттық дәстүрді ұлықтаған «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы құрамындағы шеберлердің басын қосқан клуб мүшелерінің жұмысы, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бәрі де киізден жасалған. Көрсең көз тояды. Табиғи, таза. Аса пайдалы. Өйткені, жылуды сақтап, суықты өткізбейтіні өз алдына, қой жүнінің өзге де артықшылықтары бар. Сұранысқа ие өнімдердің авторлары – атыраулық шеберлер. Көнені жаңғыртып, білгенін басқамен бөліскен қолы алтын жандарды бір орталыққа топтастыру арқылы ұлттық құндылықты дәріптеуді мақсат тұтқан «Елсана» қауымдастығы Наурыз мерекесі қарсаңында тағы бір жағымды жаңалықты жария етті. «Ақ сәуле» ұлттық қолөнер орталығының тұсауы кесіліп, төл өнеріміздің тың серпінмен дами түсуіне оң қадам жасалды.

 

Орталықтың атауы өзіндік мәнге ие. Жақсы істердің жаршысы болып, ұлттық дәстүрді дәріптеген «Елсана» қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетовтың айтуынша, «Ақ сәуле тегіннен таңдалған ат емес. Орталықтың атауы күннен түскен сәуле, нұр деген мағынада қойылды. Яғни, дәстүрімізді дамытуды көздейді. Жалпы, «Елсана» құрамында осыдан біраз жыл бұрын дәл осы атаумен алаң ретінде ашылды. Бүгін орталыққа айналып отыр. Бұл – ұжымдық үлкен еңбектің жемісі, ұлттық дәстүрімізге деген құрметіміздің куәсі». Орталық жұмысының бастауы ретінде киіздің таңдалуы да негізсіз емес.

 

Осыдан біраз жыл бұрын, «Сарайшықтан – Астанаға» деген республикалық экспедиция барысында өңірдің өткені таразыланып, дәстүрі де терең зерттелген. Бұл өнер көнеден бері сақталып келеді. Ел ішінде қолы алтын шеберлер де жоқ емес. Алайда, олардың ауыл-аймақтарда, әр тарапта болуы себепті, кейінгі уақытта ұлттық дәстүрдің ұмытылу қаупі де бары жасырын емес. Сондықтан, қабілетқарымы, «білсем, үйренсем» деген ниеті бар жандарды бір орталыққа топтастырып, ұлттық мүдде жолында жұмыстану – «Ақ сәуленің» айқын бағытының бірі.

 

Алматыдан арнайы шақыртылған қолөнер шебері, этно дизайнер, «Асыл мұра» ұлттық шеберханасының басшысы Ұлболсын Дәуленованың шеберлік дәрістерін меңгерген атыраулық мамандардың да бұл күнде қатары көбейіп келеді. Алғашқыда 10 адаммен басталған дәрісті кейін 75 адам меңгерген. Екі жылдың ішінде өз істеріне сүйіспеншілігі мол, талап үдесінен шыға білген шеберлер тобы қалыптасып үлгерді. Олардың қатарында зейнеткерлер, түрлі сала мамандары, бала күтіміндегі аналар да бар. Ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерді дәріптеген шеберлердің ең үлкенінің жасы 70-тен асқан болса, ең жасы 30-да. Қазір орталықта 7 шебер бар. Тек Атырау қаласы емес, алыс-жақындағы ауыл тұрғындары да тартылған. Орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде шебер аналар арнайы марапаттарға ие болды.

 

    – Киіз басып, көне дәстүрді жаңғырту арқылы біліктіліктерін арттырып қоймай, шеберлердің өз кәсібін бастауына мұрындық болу да – біздің мақсатымыз. Өнім шығару ісі жолға қойылып келеді. Сұраныс бар. Әр шебердің жеке белгісімен арнайы қорапшаға салып, дайын өнім ретінде ұсынуды қолға алудамыз,-дейді Нұрберген Дәулетов бізбен әңгімесінде.

 

Бұл ұсынысты қолдаушылар республика бойынша табылуда. Яғни, басқа облыстың шеберлері де атыраулық орталыққа өз өнімдерін жолдау арқылы бірлесе жұмыс жасауға ниетті. «Ақ желкен» шығармашылық үйінде жұмыс жасайтын «Ақ сәуле» орталығының арнайы шеберханасы да бар. Бір арнаға тоғысқан шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар «Сатылым галереясына» қойылып, халыққа ұсынылады. Бағалары да қолжетімді. Шикізат әзірге жергілікті өнім емес, өзге өңірден өңделген, дайын күйінде жеткізіледі екен.

 

Майра ҚОЖЫРАҚОВА, «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы алаңдарын қалыптастыру, ұйымдастыру департаментінің басшысы, қолөнер шебері:

 

    – «АҚ СӘУЛЕ» ШЕБЕРЛЕР АЛАҢЫ 2019 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛДЫ. ОСЫ МАҚСАТТА АРНАЙЫ МАМАН ШАҚЫРТЫЛЫП, КИІЗ БАСУ ІСІНІҢ ҚЫР-СЫРЫН ТОЛЫҚ МЕҢГЕРТУГЕ МҮМКІНДІК ЖАСАЛДЫ. БҰЛ АЛАҢДА 70-ТЕН АСТАМ АДАМ ДӘРІС АЛДЫ. УАҚЫТ ӨТЕ КЕЛЕ, ӨЗ ІСІНЕ ШЫН БЕРІЛГЕН, НАҒЫЗ ШЕБЕРЛЕР, АТАДАН БАЛАҒА МИРАС БОЛҒАН ДӘСТҮРЛІ ІСТІ МЕҢГЕРГЕНДЕР ҒАНА ҚАЛЫП, ІРІКТЕЛДІ. ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАР СҰРАНЫСҚА ИЕ. ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ҚОЛДАНЫЛАДЫ. ЕҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМ – ТАҚИЯ. БҰЛ ЖЕРДЕ ДЕ ЕР-АЗАМАТТАР РОЛІ ҚАШАН ДА ЖОҒАРЫ ДЕГЕН ҰСТАНЫМҒА САЙ, АРНАЙЫ ТАҢДАЛДЫ. ОСЫДАН БАСТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ДАМЫП, ҚАЗІР 20-ДАН АСТАМ ӨНІМ ТҮРІ ДАЙЫНДАЛАДЫ. ЕКІ ДЕҢГЕЙ БОЙЫНША ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫ ӨТЕДІ. БІРІНШІСІ, ТӨСЕНІШ ЖАСАУ, ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙДЕ ҰСАҚ БҰЙЫМДАР ЖАСАЛАДЫ. КИІЗБЕН ЖҰМЫС ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ ДЕП АЙТА АЛАМЫЗ. ЕНДІГІ МЕЖЕ – ҚҰР, БАСҚҰР, АЛАША ТОҚУ. ЕЛ ІШІНДЕ БҰЛ ІСТІҢ ҚЫР-СЫРЫН ТОЛЫҚ МЕҢГЕРГЕН ЖАНДАР ЖЕТЕРЛІК. СОЛАРДАН ДӘРІС АЛЫП, АЛҒА ҚАРАЙ ДАМЫТСАҚ, ЖОСПАРЫМЫЗҒА БІР ТАБАН ЖАҚЫНДАЙМЫЗ. МЕН ДЕ АТАЛҒАН ДӘРІСТЕРДІ МЕҢГЕРІП, ТАҚИЯ ТІКТІМ.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости