Қазақ әдебиетіне жаңа леппен келген жас ақын, өсе келе қазақ даласына кеңінен жайылған әндердің мәтінін жазды.
Осыған орай, «Turantimes.kz» тілшісі сонау «Тамаша» ойын-сауық кешінде «Ғашықтар жырын» Сембек Жұмағалиевпен бірге алғаш орындаған Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовамен телефон арқылы тілдесіп көрді…
«Көп әндерін орындадым. Домбырамен «Ойлан, балам» деген әнін айттым. «Аққу сенімін» шырқадым. Соңғы рет шамамен бір ай бұрын бірге бір отырыста болдық. Оның көптеген әндерін біраз әншілер орындады. Әсіресе, лирикалық әндері халықтың жүрегінен ойып орын алды. Сазгер Питерцевпен бірге әсем әндер жазды. Қазір ғана сол кісіге хабарласқанымда, ағамыздың бауыр ауруынан көз жұмғанын айтты. Кеше әлеуметтік желіге «Әсеттің әсем әндері-ай…» деген әнін жүктеген едім. Соның сөзін жазған – осы Шөмішбай ағамыз. Қайран өмір-ай… Небір асылдар арамыздан кетіп жатыр. Иманы саламат болғай» деді ол бізбен әңгімесінде.
Анықтама үшін:
Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында дүниеге келген. Қамбаш орта мектебін бітірісімен, Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1970–1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған. 1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған.
«Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған. Фр.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (2003). «Тарлан» сыйлығының иегері (2004). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Шығармалары: Арайлы көктем. А., 1975; Теңізден соққан жел. А., 1975; Тағдыр. А., 1976; Заула тұлпар. А., 1979; Уақыт. А., 1979; Өң мен түс. А., 1980; Үш өлшем. А., 1982; Тағдыр жыры. А., 1984; Біздің ғасыр. А., 1989; Тамаша, Тамаша, Тамаша. А., 1989; Сағынышым-теңіз. А., 1994; Таңдамалы өлеңдер жинағы. І том. А., «Жазушы», 1992.