– Қазір денсаулық тақырыбында сөз қозғамайтын адам кемде-кем. Оның ішінде вирустан қорғану жолдары иммунитетті күшейту, тамырларды тазалау, сарымсақ жеу сияқты тәсілдер туралы да айтылып жатыр. Сіздің ойыңызша, вирустан қорғанудың ең тиімді тәсілі не?
– Вирустан сақтанудың ең тиімді жолы – оны жұқтырмау. Ал оны жұқтырмау үшін не істеуге болады? Үйден шықпай отыра алмаймыз. Әлбетте, вирустан сақтанудың бірден-бір жолы – маска тағу. Мәселе оны қалай тағуда жатыр. Ауыл халқы базарға көп шыға бермей, сиырын сауып, сүтін ішіп, майын жеп, нанын пісіріп отырса, ол кісілерге сырттан келіп біреу жұқтырмаса, ауру жұқпас еді. Бірақ енді біздің қазақ той-томалақсыз отырмайды, қалаға барады, базарға кетеді — сөйтіп сырттан ауруды алып келеді.
– Бүгінде осы маскаға қатысты қауесет әңгіме көп. Соның ақиқатына көз жүгіртсек.
– Маскаға қатысты әлеуметтік желіде алып қашпа әңгіме көп. Маска зиян, Қытайдан алып келіп жатыр, оның ішінде уы бар, індеті бар, өздері жұқтырып жатыр деген сөздер көп таралып жатыр. Сондай-ақ, халық арасында көп айтылып жатқаны – біз бетпердемен демалғанда оттегіні өкпемізге сорып аламыз да, ішіміздегі көмірқышқылын шығарамыз. Маскада сол қалады да, біз демалып қайта ағзамызды улап жатырмыз деген уәж пайда болыпты. Болмаса біреулер ішімізден микроб шығады да ол маскаға жабысып, оны қайтадан жұтып жатырмыз деп дабыл қағып жатыр.
Енді мен түсіндіріп берейін, мысалы адам қайтыс болғанда бес минут клиникалық өлім деген болады. Сол бес минуттың ішінде ми қызметі өлмей тұрып, жасанды демалдыру амалдарын, жүрек массажын жасасақ, сонымен бірге өзіміздің өкпемізден шыққан ауаны аузына үрлесек, оның демалысы қалыпқа түседі. Мұны жаңағы маскіге қарсы шыққан адамдарға түсіндіру үшін айтып отырмын. Мына ауада 76 пайыз азот бар, 17 пайыз кислород (оттегі) бар, қалған құрамында газдар бар. Ал біз демалғанда сол 17 пайыз оттегінің 3-ақ пайызын қабылдаймыз. Сонда біз 14 пайызын қайтып шығарады екенбіз. Ал сол 14 пайыз оттегі өлім аузында жатқан адамға біздің үрлегеніміздің өзі жеткілікті.
Екіншіден біздің микробтарымызды софрапит дейді, біз сол микробтармен жүрміз. Ол микробтар біздің ағзамызға үйренген. Біз де ол микробтарға үйренгенбіз. Сондықтан ол микробтар басқа микробтарды кіргізгісі келмейді. Сол себептен оның біздің бетпердемізде қалып, қайта келгенінің ешқандай зияны жоқ. Бізге сырттан бөтен микроб келмесе болды.
– Ал бірақ масканың қазір түрі көбейді. Шүберектен тігілген, медициналық маска, тіпті түрлі-түсті әшекеймен жасалған маскалар көбейді. Соның ішінде қайсысы вирусты өткізбей ұстап қалады?
– Дұрыс айтасыз. Өкінішке қарай, сақтану жолдары масканың сапасына байланысты болады, біреулері микроб жібереді, кейбірі вирусты жібермей ұстап қалады. Әлбетте, ең тиімдісі – медициналық маска. Алайда оны да киюдің өзіндік жолдары бар. Масканы екі сағаттан артық киюге болмайды. Қолданып болған соң оны құрту керек. Біз не істеп жүрміз? Үйге келген соң бетпердені аламыз да қалай болса солай лақтыра саламыз. Тіпті оны қайта киіп алады. Сөйтіп өзімізді өзіміз құртамыз. Одан кейін біреуді кінәлап жатамыз. Масканы шешкен соң қолданылмайтындай етіп тастап жүрсек, оның еш зияны болмас еді.
Бірақ өкінішке орай дәрігерлердің қолдары тимейді оны түсіндіруге, халық оқуға ерінеді, сол себептен білмей сөйлегендердің қисық жолымен жүріп жатыр. Бүкіл әлем халқы ақымақ емес қой, бәрі де маска киіп жатыр. Кимегендерге айыппұл да салып жатыр. Сол себептен қашпа, дақпырт әңгімелерді қою керек. Дәрігерлердің айтқанын тыңдап, нұсқауларымен емделу керек. Бетперденің матадан тігілген түрлері бар. Оны да бір күн пайдаланғаннан кейін үйге келген соң кір сабынмен жуып, үтікпен үтіктеу керек.
– Бұл вирус сыртқы ортада тұрақты ма? Қоғамдық көлікпен жүретін адамдар көп. Олар қалай сақтана алады?
– Вирустың кіретін жолы белгілі. Ол шырышты қабаттар арқылы азуымызға, ернімізге тиеді. Тірі ағзадан тыс вирус сыртта көп өмір сүре алмайды. Коронавирус 56 градус ыстықта өледі. Осыған қатысты әртүрлі ғылыми еңбектер жазылып жатыр. Егер біз вирусты қолымызбен ұстап шырышты қабатқа тигізбесек ол жұқпайды.