«Қандай карантиндік режим болмасын, азық-түлік дүкендерінің қызметі тоқтатылмайды. Сондықтан, мессенджерлерде тарап жатқан фейк ақпараттардың салдарынан дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Атырауда азық-түлік қоры жеткілікті. Ал, мұқтаж жандарға «Біз біргеміз» акциясы арқылы көмек көрсетіп келеміз” деп нақтылады С.Шапкенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Сонымен, Атырауда карантиннің не себепті созылып отыр?
«Карантиннің өзі жеңіл, орташа, қатаң шаралардан тұрады. Қазіргі жағдайда бізге ең қатаң шараларды қолға алуға тура келіп отыр. Себебі, вирус кеңінен таралып жатыр. Атырауда вирустың таралуында өсім бар. Өкінішке орай, тұрғындар кей талаптарды сақтамай отыр. Вирустан қорғанудың ең басты жолы өз өзімізді оқшаулау. Мамандар вирустың инкубациялық уақыты он төрт күн екенін айтуда. Осы мерзімді біз үйде өткізсек, вирустың өршіп кетпеуіне жол бермейміз. Ал, ем алып жатқан науқастардың жағдайы жіті бақылауда. Аймақта қажетті емдік шаралар үшін қолданылатын дәрі-дәрмек қоры жеткілікті» деп нақтылады С.Шапкенов.
Ал, ертең, яғни, 17 сәуірден бастап Атыраудағы қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылады. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорын қызметкерлерін жұмыс орындарына тегін жеткізу мақсатында қала әкімдігі уақытша арнаулы бағытта жүретін 6 маршрут ұйымдастырды. Автобустарда «Тасымалдау әкімдіктен» деген жазу болады, маршрут нөмірі және барлық белгіленген аялдамалар арқылы маршрут бойымен өтеді. Қозғалыс аралығы – 20-25 минут. Жұмыс кестесі – 07:00-10:00 және 17:00-20:00. Жолаушылар тек жұмыс орнына және жеке басын растайтын құжат ұсыну арқылы тасымалданады.