RSS лента

Ат баптайтын бойжеткен жұртты сүйсіндірді

  • 22.11.2021, 02:03,
  • 1 007
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

15 жастағы атбегі қыз Атырауда орналасқан Тасқала ауылында тұрады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде «Садақшы қыз» атымен танымал  Дария Болаттың ең сүйікті ісі – атбегілік.


«Атқа міне бастағаныма  2 жылдан асып жатыр. Неге екенін білмеймін, кішкентайымнан жылқы малына үйір болдым. Атқа қызыққаным сондай, ата-анам мен ағайындарымның қолдауымен ақша жинап, 2 тай   сатып алдым. Олар үйірде жүрген асау тайлар еді. Қорықсам да, батылдық жасап, асауды үйреттім. Қазір  жамбы ату жарысына қатысамын» дейді ол.


Дария атқа мінуді ешкімнен үйренбеген, еліктемеген де. Керісінше, қауіпсіздігіне алаңдаған ата-анасы, туыстары басында оны бұл райынан қайтарғысы келіпті. 

«Асау үйретем деп саусағымды да сындырып алған кездерім болды.  Оны көрген ата-анам қорқып: «Сенің ажалың осыдан болмасын, енді атқа мінуші болма!» деп қатаң ескертті. Алайда менің жылқы малына деген құштарлығыма ол да кедергі бола алмады. Сөйтіп атқа қатты бауыр басып кеттім» дейді атбегі қыз.


Жануарға деген құрметі бөлек Дария тіпті аттарымен адам секілді тілдесіп, бір-бірін оңай түсініседі екен.

«Жылқы малы адал ғой. Сөйлеген сөзіңді тындайды, естиді, адам сияқты түсіне біледі. Иә, олармен кәдімгідей тілдесемін. Ал, атқа мінсем, қайсарлығым арта түседі» дейді қарындасымыз.


Дарияның бұған дейін Әдемі, Тұмар деген екі аты болыпты. Оларды өзекке апарып шомылдырып, баптау да өзінің мойнында.

«Қазір ол екеуі де жоқ. Біреуі көз тиді ме білмеймін, бір күнде жоғалып кетті. Ал, екіншісін осы жақында ғана сатып жібердік. Әкем басқа жылқы алып беремін деп отыр. Жақын күндері таңауға барамыз» дейді ол. 


Аттың жемін беріп, қорасын тазалап, өзі баптайтын Дария кішкентайынан әжесінің қасында жүріп қой қырқып үйреніпті. Оның төрт түлікке деген қызығушылығы сол кезден басталса керек.


Дарияның достарының көбі ер балалар. Оған еліктеген  13 жасар сіңілісі де атқа мінеді. «Қазіргі таңда атқа мінетін жастарымыз көбейіп келеді. Соған байланысты болашақта демалыс орнын ашу ойымда бар. Мысалы, ол орынға барған адамдар саумал ішіп демалса деймін. Ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық ойындарын қайта жаңғыртсақ несі жаман? Бір жағынан атқа отыру - көп ауруға ем. Соның ішінде ДЦП дертінің бірден-бір дауасы атқа міну деп естимін.  Қысқасы, ат спорты арқылы науқас жандарға көмектескім келеді» дейді он бес жасар атбегі.


Дария әлеуметтік желі арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттағысы келеді. «Несін жасырайын, бүгінде маған қатарластарымыздың  бәрі қызығады. Бұл маған ұнайды» дейді «Садақшы қыз».

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ:
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости