«Еңбек» бәрін де жеңбек
Жалпы, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіптен нәсіп көріп жүрген жандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Оку курсынан өтіп жатқандардың қай-қайсысы да грант алуға үміткер бола алады. Мұны түрлі сала өкілдерінен құралған арнайы комиссия талқыға салып, бірауыздан шешім қабылдайды. Сол комиссияның құрамында журналист ретінде біз де бар едік. Ақпарат алу кәсіби әдетке айналып кеткен соң ба, әлгі үміткерлердің бизнес бастамаларымен біз де тереңірек танысып, мән-жайына қанығып алдық.
Жуырда ғана «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде өткен брифингте журналистерге сұхбат берген Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов 7 мыңға жақын кәсіпкер барын атап өтті. Соның 6 мыңы – нақты жұмыс жасап жатқандар екен.
– Кәсіпкерлік қызметтің дені мұнай саласына қатысты болып келеді. Бұдан бөлек, ауылшаруашылық және тұрмыстық қажеттіліктегі өнімдерді шығаратындар да бар. Биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы 102 адамға грант берілді. Оның 80 пайызы жұмысын бастап кетті. Олардың арасында күнделікті сұранысқа ие шаштараз, наубайхана, асхана, тігін цехын ашып жатқандар жетерлік, – дейді ол.
Айтпақшы, жоғарыда атап өткен «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын «Бастау-бизнес» оқу курсы ұйымдастырылып отырады. Бұл да қазір екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар бизнеске бет бұрсын деген оймен жасалып отыр. Осы орайда, былтыр 300-ден астам аудан тұрғыны аталған курсқа қалмай қатысып, соның 108-і қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ендеше, «не деген батпан құйрық, далада жатқан құйрық» деп сыныққа сылтау іздеп жүрген жастардың құлағына алтын сырға!
Коронавирус кәсіпке кедергі емес!
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облысы бойынша Жылыой аудандық филиалының директоры Ерболат Төлендиевтің сөзіне сенсек, жағадан алған жұқпалы дертке қарамастан биыл да жап-жақсы мүмкіндік жалғасын тауып отыр. «Шілде мен қазан айлары аралығында 118 адам ойдағыдай оқып шықты. Соның 83-і грант ұтса, алтауы жеңілдетілген несие алды. Бәрі де бастаған істерін дөңгелетіп отырған жайы бар. Сондай-ақ, «Бизнес-кеңесші» деген бағдарлама бойынша да 95 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, 25-і бизнес бастап жатыр. Сондықтан жақындап қалған жаңа жылда да тағы 300 адамды оқыту ойда бар» дейді ол.
«Бастау-бизнеспен» бизнесі алға басқан Айжан Қалбенова Құлсары қаласының қақ ортасынан сұлулық салонын ашыпты. «Салонда шаш қию, сәндеу және маникюр қызметі көрсетіледі. Қай жұмысты да құштарлықпен жасама, жемісін жей қою екіталай. Ал, бұл – менің ең сүйікті ісім. Мұны, тіпті, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ армандаған едім. Бұдан басқа, жергілікті қыз-келіншектерді осы қызметтің қыр-сырын үйретумен де айналысамын. Осы мақсатта шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамын» деген ол келешекте кәсібін кеңейту мақсатында жаңа нысандар ашуды да жоспарлап жүргенін жасырмады.
Біз бұл ретте тұтынушыларды да сөзге тартып көрдік. Құлсары қаласының тұрғыны Марина Әмиева шаштараз нысандарының көбейіп жатқанына дән риза. Бағасы да қолжетімді екенін айтады. «Кәсіп ашып, табыс табамын деген аудан жастарына қазір мүмкіндік мол. Тек соны уақытында пайдаланып қалған дұрыс қой. Әйтпесе, тегін құйрықтан құр қалып қойған соң «битке өкпелеп тонын отқа жағатындар» бар. Ешкім де көктен топ етіп түспейді, бәрі де еңбектің арқасында ер атанып отыр» дейді ол.
Үйден шығатын шұжық
Келесі кейіпкеріміз үйде отырып-ақ толықтай табиғи еттен жасалатын шұжық дайындауды қолға алған. Ол оқу курсына қатысу арқылы грантқа ие болыпты. «Табиғи және адал асқа сұраныс қашан да жоғары. Соны негізге алып, шағын ғана пешпен шұжық пісіруді бастаған едім. Енді 555 600 теңге грант сомасына жаңа үлгідегі құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазір қажетті пеш пен тоңазытқышым бар. Бұл уақытымды үнемдейді, әрі өнім де жоғары сапада дайындалады. Тұтынушылар үйге келіп алып кетеді, кейде өзім де өнімімді сауда орындарына жеткізіп жатамын» дейді кәсіпкер Гүлжаһан Аязбаева.
Бір қызығы, шұжықтың сыртқы қаптамасы Алматыдан әкелінеді екен. Ал, ет жергілікті жерден алынады. Сол секілді, екі жыл бұрын массаж бөлмесін ашқан Майра Жолдығұлова да қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Ол астеохондрозбен ауыратын адамдар үшін таптырмас емдік құрылғы сатып алғанын айтады. Тіпті, әжімдерді кетіруге де септігі мол. Яғни, терідегі кез келген тыртықты түзеп жібереді. Емделушілердің айтуынша, заманауи құрал денеге ине қадалғандай әсер береді екен. Бұл бір ғана зат емес, бірегей кешен. Сондықтан, бағасы да қалтаға соғады. Кәсіпкердің алдағы арманы – алып кәсіпорын «Теңізшевройл» ұйымдастыратын грант байқауын ұтып алу. Сол қаржыға жеке ғимарат салғысы келеді. Ал, әзірге мұнайлы ауданда массаж орталығы жоқ.
Тегін оқытып, шәкіртақы төлейді
Былтыр Дилдора Тәңірбергенованың да айы оңынан туып, 500 мың теңгеден астам грант жеңіп алды. Сөйтіп, түрлі тігін машиналарын сатып алып, шеберхана ашқан.
– «Бастау-бизнес» жайлы естіген бойда дереу қатысуға асықтым. Алдымен бір ай сабақ алдым. Сол үшін шәкіртақы да төленді. Көп кәсіпкерлерді қинайтын бизнес-жоспар жасауды үйреніп, оны сәтті қорғап шықтым. Кейін телефон шалған ұйымдастырушылар «сіз грант ұтып алдыңыз» дегенде қатты қуанып кеттім. Жалға орын тауып, ателье аштым. Қазір түрлі стильде, әсіресе, әйелдерге арналған ұлттық киімдер, қазақы оюмен өрнектелген көрпе-төсектерді тігемін. Сонымен бірге, қыз жасауын да дайындаймын, – дейді ол.
Түйін
Біздің бір байқағанымыз, кәсіпкерлердің қай-қайсысы да сапаға қатты мән береді екен. Демек, олар бастаған бизнестің болашағы зор, қайтарымы мол болмақ. Ендеше, мемлекет тарапынан ұсынылып тұрған мол мүмкіндікті мүлт жібермейік!