RSS лента

Үйінің ішінен мұражай ашқан тұрғын жұртты таңқалдырды (+фото)

  • 06.12.2020, 20:00,
  • 947
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Сәуле МАҒАУ

Атыраудағы ірі аудан саналатын Құрманғазының тұрғыны Ғалымжан Мұқашев үйінен көне бұйымдар музейін ашты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«Анам Молқұйма Құспанғалиева тұтынған бұйымдарды көненің көзіндей сақтадым. Соғыс ардагері, ішкі істер саласының үздігі, әкем Батырғали Мұқашевтың бұйымдарын да көзімнің қарашығындай көрдім. Есепші болып зейнет демалысына шықтым. Үйімде теңгенің алғашқы нұсқалары, мыс пен жезден, ағаштан жасалған көне заттар, телефон мен фотоаппараттың сан түрі, білте шам, үтік, құман, диірменнің тасы, теледидар, радиоқабылдағыш пен басқа да музыкалық аспаптар секілді тұрмыстық бұйымдардан музей жасақтала бастады. Музей қорын ауыл азаматтарының бұйымдарымен толықтырдым.

 

Қазір 1960-70-ші жылдардағы бұйымдарды жинап жатырмын. Кейбірінің, тіпті, ғасырлық тарихқа да куә. Ән жазылған пластинканы айналдыратын ескі патефонды табу қиын ғой. Іс тігетін машинка, радионың бірнеше түрі – көне жәдігер. Кейбірін ағайын-туыстардан, достарымнан сұрап алдым. Белгілі қаламгер Рахмет Иманғалиевтің жазу машинкасын балалары тапсырды. Идаят Қуанғалиев деген көршімнің транзисторын ағаның көзіндей сақтап отырмын» дейді ол.

 

Зейнеткер қолы қалт еткенде көне бұйымдарды қалпына келтіріп, кейбірін қайта өңдейді екен. Жарты ғасыр бұрынғы патефон мен радио-транзисторлар әлі де жұмыс жасап тұр. Енді ол мұражайды кеңейтіп, жұртшылыққа таныстыруды көздейтінін айтады. Жәдігерлердің тұсына атауы мен шыққан уақытын жазып қоймақ.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости