Ойлап отырсақ, расында да ардагер азаматтың сөзінің жаны бар. Оның айтуынша, ауыл еңбеккерлерінің төл мерекесінде осы саланың «сүт бетіндегі қаймақтары» марапатталады да, мал дәрігерлері, ветеринария саласының мамандары көп жағдайда тасада қалып қояды. Академик К.Скрябиннің «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адам затты емдейді» деген қанатты сөзін кезінде екінің бірі жатқа білетін. Алайда оның астарына ешкім терең үңіле бермейді екен. Бәлкім, содан ба, ақ халатты абзал жандарға қарағанда, қоғамымызда «адамзатты емдейтін» мал дәрігерлерінің қадір-қасиеті түсіп бара жатқандай көрінеді. Шынымен, ант қабылдамады демесеңіз, ақ халат киген ветеринар мамандарының атқаратын міндеті дәрігерлерден кем емес. «Ауру – астан» деп, төрт түлігінің саулығына айрықша мән берген қазекең үшін, ең алдымен, астың адалдығы мен аурудан адалығы, әрі тазалығы бәрінен қымбат. Ендеше, бұл жердем ал дәрігерлеріне жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Көп жағдай олардың кәсіби біліктілігі мен біліміне байланысты. Бірақ, біз жұмысты талап етеміз де, құрмет көрсету жағына келгенде кемшін түсіп жатамыз. Ветеринарияның өзге салалардан бір саты төмен тұратыны, көп ретте, осы мамандық иелерінің қоғам назарынан тыс қалып жатқанынан болса керек. Иә, ардагер азаматтың айтуы өте орынды. Мардымсыз жалақыға жұмыс жасап, ой мен қырда отырған малшы қосындарын дала кезіп, табанынан тозып жүріп аралайтын мал дәрігерлерінің еңбегі дұрыс бағаланбайды. Соның кесірінен бұл салада мамандар тұрақтамай тұр. Әсіресе аудандар да тапшылық қатты сезілуде.
Қазіргі жұмыс жасап жүрген жандардың басым көпшілігі аға буын өкілдері. Ертең олар зейнетке кеткен де тізгінді кім ұстап қалмақ ? Тым болмаса төл мерекеде ауыл еңбеккерлері мен бірдей ұлықталмаса, бұл мамандықтың қадір-қасиеті қала ма? Бұл жерде адамның денсаулығы көп ретте «адамзатты емдейтін» ақ халаттыларға да байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Ендеше, денсаулық сақтау саласы сынды мал дәрігерінің де мәртебесін көтеретін кез келген сыңайлы. Ол үшін, ең алдымен, ауыл шаруашылығынан «енші беріп», ветеринария қызметкерлерінің күнін белгілеуге әрекет етсек, нұр үстіне нұр болар еді…