RSS лента

Шетелдің тозған көлігіне қазақстандықтар неге қызығады?

  • 03.06.2022, 16:57,
  • 684
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Еуразиялық одаққа мүше емес елдердің, мәселен, Грузияның көліктерін тек сол елдің азаматы ғана жүргізуі керек. Бұл – мамандардың пікірі, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

КҮЛЕТІН ЖАҒДАЙ ЕМЕС, ДЕГЕНМЕН, ТАС ЛАҚТЫРСАҢ ЖАТ НӨМІРЛІ КӨЛІККЕ БАРЫП ТИЕТІНІ РАС. БҮГІНДЕ ШЕТ ЕЛДЕРДЕН КЕЛЕТІН КӨЛІКТЕРДІҢ САНЫ ЕДӘУІР АРТҚАН. СЫРТТАН КЕЛГЕН «ТЕМІР ТҰЛПАРЛАРДЫҢ» БАСЫМ БӨЛІГІ РЕСЕЙ, АРМЕНИЯ ЖӘНЕ ГРУЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ТИЕСІЛІ ЕКЕН. ШЕТЕЛДІКТЕРДЕН ҚАЛҒАН ЕСКІ КӨЛІКТІ ТӘУІР КӨРЕТІНДЕР ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АРҚЫЛЫ БЕРІЛІП ЖАТҚАН ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕГЕННЕН ГӨРІ, ӨЗГЕНІҢ ҚАҢСЫҒЫН ТАҢСЫҚ КӨРІП, ТАСЫП ӘЛЕК. ОНЫҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫНЫҢ БАЙЫБЫНА БАРЫП, БАСТАРЫН ҚАТЫРЫП ЖАТҚАН ДА ЕШКІМ ЖОҚ.

 

Заңдылығында шетелдік көлікті шетелдің азаматы жүргізуі керек. Бұл маман пікірі. Оның үстіне Грузия елі – Еуразиялық одаққа мүше емес.


– Халық заңсыз екенін түсініп отыр. Бізге келіп, кеңес алушылар саны да артуда. Оның үстіне, заңсыз көлік иелерін тексеру үшін рейдтік шараларды жүргізу жоспарланып отыр. Кеден заңдылықтарына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекетіне жатпайтын елдерден, мәселен, Грузия, Абхазия автокөліктері кедендік жолаушылар декларанты бойынша тіркеледі. Декларант дегеніміз – шет ел азаматы. Яғни, шетелдік көлік шетелдіктің иелігінде болуы тиіс. Ел ішінде «мұндай машиналармен бір жылға дейін жүруге болады» делінген әңгімелер бар. Алайда, бұл – қате түсінік. Ол ереже тек шетел азаматтарына арналған.


– Заң бойынша шетелдіктер ЕЭО-қа кірмейтін елдерде тіркелген автокөлікпен Одақ аумағында бір жыл жүре алады. Бірақ мұндай көлік құралын өзгеге беруге немесе сенімхат арқылы сатуға тыйым салынады. Сонымен қатар, мұндай машинаны шетелден әкелген адам өзі ғана жүргізуге құқылы, – деді кедендік әкімшілік басқармасының бөлім басшысы Рүстем Жайлашев.


Ал, уақытша кіргізу мерзімі аяқталғаннан кейін автомобиль Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан шығарылуы керек. Бұлар мәртебесі бойынша шетелдік өнім болып саналады және ЕАЭО тауары болып есептелмейді. Сәйкесінше, олар кедендік бақылауда болады. Рүстем Жайлашев ел арасында «әуелі әкеліп алайық, мемлекет қыруар қаражатқа алынған халық дүниесін далаға шығармас» деген пікір қалыптасқанын айтып қалды. Алайда, барлық уақытта бұқараның ығына жығылу мүмкін емес. Судың да сұрауы бар.


Шетелдік «шыттай» көлік әкелуді «кәсіпке» айналдырған Азаматтың айтуынша, Грузияда көлік бағасы Қазақстанға қарағанда 50-60 пайызға арзан. Қалтаға да қонымды және ол жақтағы «ағайынның» дені жаңа көліктерді тізгіндейді екен. Ол жақта еліміздегідей тозығыжеткен «темір тұлпарлар» жоқтың қасы көрінеді. Өкініштісі, мұндай көліктердің елде жүруі заңға қайшы келсе де оған «құда түсушілер» саны азаймай тұр. Дегенмен, қазақта «сырын білмегеннің сыртынан жүр» деген аталы сөз бар. Расында, сырты жылтырағанның бәрінің «алтын» еместігін түсінетін кез келді. Оның үстіне, заңға бағыну міндет екенін де ұмытпаған жөн.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости