Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларымен қатар жиынға Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Беларусь Премьер-министрі Александр Головченко мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович бейнебайланыс режимінде қатысты. Бұл іс-шараны Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті Александр Шохин жүргізді.
Іс-шараға қатысушылар интеграцияны одан әрі дамытудың, Еуразиялық экономикалық одақ аясында энергетика, өнеркәсіп, көлік, қаржы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективаларына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін ЕЭО кеңістігіндегі өзара сауда-саттықты арттырудың перспективаларына және Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын жетілдіруге арнады.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық бірігу үдерісіне қатысушы мемлекеттер арасындағы еркін сауданы дамыту мақсатында тиісті жағдай жасау үшін құрылғанын айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақ күрделі геосаяси жағдайда өзінің тиімділігін көрсетті. Біз мұны көріп отырмыз. Еуропалық одақтағы және басқа да экономикалық ұйымдардағы сияқты бұл Одақта түрлі мәселелер туындап отыратынына таң қалуға болмайды. Әрбір мемлекет ұлттық мүддесін өздігінше көздейді. Әрбір мемлекет туындаған мәселені өздері дұрыс деп санаған пікірі бойынша шешілгенін қалайды. Бұл әрбір халықаралық, әсіресе саудамен айналысатын ұйымдарға тән жағдай, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі жөнінде де айтты. Оның пікірінше, Комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.
– Бүгінге дейін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында өткізілген консультациялар нәтижесінде кедергілердің 80 пайызы жойылды. Бұл күрделі жұмыс жалғасын табады деп үміттенеміз. Интеграция – көп еңбек сіңіруді және мүше мемлекеттер арасында ымыраға келуді қажет ететін үдеріс. Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның нақты нәтижеге жай сөзбен емес, нақты іспен қол жеткізгенін қолдайды. Кез келген мәселені іскерлікпен шешкен жөн. Себебі халықтарымыз бұл мәселелердің ұзақ созылғанын күтпейді, қазір шешілгенін қалайды. Олар мәселені шешудің дұрыс жолы осы деп санайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан еуразиялық интеграцияның іскерлік әрі прагматикалық негізде дамығанын жақтайды.