БҮГІНДЕ «ЖАЛҒЫЗДЫҚ», «ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ» ДЕГЕН ҰҒЫМДАР ҚАЛЫПТЫ ҚҰБЫЛЫСҚА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАНДАЙ. КЕЗІНДЕ АТАҚТЫ БЕРНАРД ШОУ «ЖАЛҒЫЗДЫҚ ДЕГЕН – ҰЛЫ НӘРСЕ, ТЕК ӨЗІҢ ЖАЛҒЫЗ БОЛМАҒАНДА» ДЕГЕН ЕКЕН. БАТЫСҚА ЕЛІКТЕУШІЛІК ПЕ, ӘЛДЕ ЕКІНШІ АДАМНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУ МА – НЕ ДЕГЕНДЕ ДЕ, ШАҢЫРАҚ КӨТЕРУГЕ АСЫҚПАЙТЫН КӘРІ ҚЫЗДАР МЕН ҚЫРМА САҚАЛ ЖІГІТТЕР КӨБЕЙДІ. БҰЛ, ӘРИНЕ, ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ГӨРІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚҚА КӨБІРЕК ҰҚСАЙДЫ. ҚАЛАЙ БОЛҒАНДА ДА, «БАС ЕКЕУ БОЛМАЙ, МАЛ ЕКЕУ БОЛМАЙДЫ» ЕМЕС ПЕ?
Аталардан қалған осы бір ауыз сөзге біразымыздың мән бермейтініміз рас. Себебі, күнделікті күйбің тірлік жан-жағымызға бажайлап қарауға мойын бұрғызбайды. Жұмыс пен үйдің арасы, одан қалса айналадағы жағдай қу жалғанның пендеден қалай алыстап бара жатқанын байқатпайды да.
Үлкендер де, інім де өмірден өтті. Сіңлім отбасымен өзге қалаға көшіп кеткен. Мені әлеуметтік қызметкер күтеді. Шынында, бұл – өте қиын жұмыс. Қартайған адамдардың мінез-құлқы да түрліше келеді ғой. Түске дейін жайма шуақ, түстен кейін бұлттанып дегендей. Осының бәрін көтеретін, барынша олармен тіл табыса білетін адам керек. Мен өзімді күтетін Жанарға ризамын. Дәрі-дәрмегімді, тамағымды жеткізіп, уақытылы үйімді тазалап береді. «Шаршадым» деп, қабақ шытқанын байқамадым. Осылай деген 72 жастағы Елизавета Исқалиеваның қазақша түсінетінін, бірақ әңгімелесуі қиындау екенін білдік. Күнбе-күн төрт қабырғаға телміріп отырудан жалыққанда Николайқызы құрбылары – Алма мен Диляраға телефон шалады, оларды үйіне шақырады, болмаса ептеп өзі барады.
Гүл де адам секілді...
Әлеуметтік қызметкердің көмегіне сүйенетін мүмкіндігі шектеулі жанның бірі – Қайрат Жанғалиев. Ол 1955 жылы Дамбы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен ауру-сырқаулы болыпты. Өзінен басқа бауырлары шаңырақ көтеріп, түтін түтеткенінде, Қайрекең анасының қасында қалған. Жас күнінде шаруашылықтың түрлі саласында жұмыс жасап, бригадир де, күзет қызметінің бастығы да, ревизор да болады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, бұрынғы дертіне ұршығының ауруы қосылады. Сөйтіп, ота жасатады. Қазір ІІ топ мүгедегі, сүйеніші – таяғы.
– «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген ән жолдары қалайша дәл айтылған десеңізші. 2015 жылы анам өмірден өтті. Менің жападан жалғыз қалуым осыдан басталды. Қатты қиналдым. Әрине, ешкім де ата-анасын жанына байлап жүрген жоқ қой. «Туу – хақ, өлу – хақ» дегендей. Дегенмен, жалғыз қалу өз отбасы мен бала-шағасы жоқ жанға аса ауыр соғады екен. «Неғып кезінде үйленбедім?!» деп өкінген күндерім аз болмады. Қартайған шағымда бала-шағам, немере-жиендерім келіп тұрса, соның өзі рухани күш береді емес пе?! - дейді Қайрат аға екеуара әңгіме үстінде.
Бүгінде оны Жанаргүл атты әлеуметтік қызметкер күтеді. Сөз жоқ, әркімнің жанына жақын, айналыспаса отыра алмайтын сүйікті ісінің болатынын білеміз. Соның ішінде, сұлулық пен әдемілікті көре білу де – өнер. Мұны жанның тазалығы, сұлулығы десе де болар. Үйге кіргеннен байқағаным, шағын ауланың іші-сырты тал-терек, шырмауық пен гүлдерге толы. Бөлмелердегі терезенің алдында да, босағада да ерекше күтіммен өсіп тұрған бөлме өсімдіктері. Өзім де гүл өсіретін болғандықтан, мына әдемілікті сөз етпей отыра алмадым. Байқасам, осының бәрін ағаның өзі баптап, күтеді екен.
– «Бөлме өсімдіктері иесінің көңіл-күйіне байланысты өседі. Егер сіз ауырып-сырқасаңыз немесе көңіліңіз жабырқау болса, олар да сола бастайды. Гүл өсірушілер осыны естерінде ұстауы керек»,-дейді Қайрекең.