RSS лента

Қазақстанда қайыр сұраушылар көбейіп кетті...

  • 11.10.2021, 17:58,
  • 956
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстанда қайыр сұрауға үйір адамдардың көбейгені байқалады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қайыр сұрап жүрген кімдер?

 

...Ол бүгін де мені көре салып «апа, апалап» жүгіріп келді. Сондағы шаруасы – тиын-тебен сұрау. Бірақ, алдымен бала-шаға, тума-туыс, көршікөлемнің амандығын сұрап алып, өзінің тілеулестігін білдіреді. Мұнысы маған деген құрметі ме, әлде бірден ақша сұрағанша көңіл аулау ма – ол жағын білмеймін. Сосын жәймендеп үйреншікті әңгімесін жалғап: – Апашка! Болса, 100 теңге, болмаса... мейлі қанша болса да... - деп басын бір иығына қарай қисайтып, адам аяғандай кейіпке түседі. Оның мұндай түрін көріп, мен де тәсілін қайтармаймын. Қолымды қалтама салып, іліккен тиынды ұстатып кете барамын. Одан «Стройконтора» аялдамасынан түсіп, жұмысқа бет алған кезде Азаттық, №101 тұрғын үйінің бұрышында тағы бір қайыр сұраушы бар. Еуропалық келбеттегі ол егде тартқан, күтімсіздіктен сақал-мұрты аппақ қария. Оның өзге қайыр сұраушылардан ерекшелігі, өткен-кеткендерден дауыстап ештеңе сұрамайды. Үнсіз ғана алақанын жаяды да, тұра береді...

 

«Жәрдем етіңізші!»

 

Әр кезеңнің өзіндік болмысы бар. Кеңестік кезеңде жұмыс жасағысы келмейтін адамдарды «жатыпішерлер», «арамтамақтар» деп кінәлады. Рас, ол кезде еңбек еткісі келгендерге жұмыс та табылатын. Бір жұмыстан шығып жатса, екіншісі дайын тұратын. Соның өзінде еңбек етуге құлқы жоқтар аз емес еді. Ондайларды партияның тапсырмасымен белсенділер үйлеріне іздеп барып, түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартатын. Ал, бертін келе, әсіресе, 90-шы жылдары қайыр сұраушылар шамадан тыс көбейді. Сол кезде аялдамаларда, «Дина» базарының маңында мүгедектер арбасында отырған, астына картон қағаз төсеп алып, қара жерде жантайып жатқандардан аяқ алып жүргісіз еді. Кім білсін, жұмысы жоқ, расымен тоқырауға тап болғандардың үйінде ішер асы болмады ма екен?.. Уәж айту қиын-ақ.

 

Қазіргі күнде қайыршының түрі көбейді. Үлкен сауда орындары мен базарларға бара қалсаң, алдыңнан жәшігін ұстағандар шығады. Олар мүгедек сәбиге, ауру жігітке, дімкәс үлкендерге қайыр-садақа сұрайды. «Кім қанша бере алады?», «Сырт айналмаңызшы!», «Жәрдем етіңізші!», «Алла разылығы үшін!» деген олардың жан дауысын естіген адамның теріс айналуы мүмкін емес-ау. «Таз қарманса, бит табадының» керіндей, қалтасынан тиын-тебен алып, әлгі жәшікке салып жатқаны. Әрине, мұндайларды кінәлай алмайсың, тек бірде «ДЦП балаға көмектесіңдер!» деп жазып алған жәшіктен ақша алып, дүкеннен сауда жасап тұрған екі жасөспірімді көрген менің көңілім құлазып қалды. Олардың осы істері дұрыс па, бұрыс па – сену де қиын. Оның үстіне көпшілікті әлеуметтік желі арқылы алдайтындар да көбейді. Табыс табудың бұл түріне шындап кіріскендердің туған баласының атын жамылып, оны ауру дейтіндерін қайтерсің. Жалған есепшотпен қыруар қаражат жинап алатындар адал ниетті жандардан да, Құдайдан да қорықпайтындай.

 

Жуырда ресейлік бір әйел алдымен «қызым дімкәс» деп ақша жинаса, кейін өзінің обыр дертіне шалдыққанын айтып, шашын сыпырып тастаған күйі әлеуметтік желіге шығып, халықтан миллиондап ақша жинағаны әшкереленді. Ақыры алаяқтығы ашылған соң: «Отырған үйімнің ипотекасын төлей алмағандықтан, далада қалып қоятындықтан осындай жолға түстім, кешіріңдер мені!..» деп мойындауға мәжбүр болды.

 

Үйсіз жүргендер – шын қайыршы

 

Өмірдің өзі көрсеткендей, амалсыздан қайыршылыққа түсетіндер де жоқ емес. Біраздан білетін танысымыздың ата-анасы өмірден өткен соң, артта қалған бес-алты ұл-қызы әке-шешелерінің үйіне таласты. Күштілері әлсіздерін ығыстырып, ең соңында, өзі жалғызілікті, өзі аурулы бауырларын үйден қуды. Оған аға-жеңгелердің де, апа-жезделердің де жаны ашыған жоқ. «Шын мәніндегі қайыршы – үйсіз жүргендер» демекші, әлгі жігіт қас пен көздің арасында қайыршы кейпіне түсті. Құдайына қараған таныс адам ауласындағы сарайынан орын берді, өзгелері күнделікті тамағы мен киімін, жатын орын жабдығын ұсынды. Бір жекеменшік мекеме басшысы жұмыспен қамтыды. Сөйтіп жүргенде бір басы екеу болып, арада біраз уақыт өткенде әке атанды. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген сөз осындайдан қалған болар, кейін бәрі шүкірленді.

 

Жер шарында 100 миллионға жуық қайыршы бар екен. Өзге елді сөз етпегенде, өзімізде де жаман-жәутік киіммен жылу тұрбаларының асты мен үстін, құбыр құдықтары мен жертөлелерді паналайтын қайыршылар қаншама?! Олар талғажау етер асын қалдық салатын контейнерлерден тапса, біразы өткенкеткендерден сұрайды. Бар тапқантаянғанын ішімдікке жұмсап, суық күндері үсіп қалатындар, содан аяққолдары кесіліп, мүгедек болатындар да кездеседі. Осының бәріне немқұрайлы қарамай, тереңнен ойлар болсақ, сөз жоқ, олар да анасынан маскүнем не алақанын жайған қайыршы болып туа салған жоқ қой. Жұмыс жасады, ақша тапты, отбасы мен бала-шағалы, үй-күйлі болды. Тек тағдырдың талқысына түсіп, сынаққа шыдай алмады. Мүмкін жұмыссыздық, жарынан ажырасу, әйелі немесе баласының өмірден өтуі – осындай қайғылы жайттардың теріс ықпалы тиген шығар, бәлкім. Кім білсін...

 

Хадистер не дейді?

 

Бір күндік тамағы бар адамның тіленуі, қайыр сұрауы – харам; «Кімде-кім маған адамдардан ештеңе сұрамайтындығына сөз берсе, мен де оның жәннатқа кіретіндігіне кепілдік беремін» (Нәсаи); «Кімде-кім адамдардан ештеңе сұрамай жүретін болса, Аллаһу та’ала оны бай қылады. Қанағат еткен адамға Аллаһ жеткілікті» (Бәззар); «Халықтан ештеңе сұрамаңдар! Тіпті мисуакты бір рет қолдану үшін болса да сұрамаңдар!» (Бәйһақи); «Ашкөзді болудан, сұраудан сақтаныңдар! Сараңдық – кедейліктің нағыз өзі» (Табарани); «Ешкімнен ештеңе сұрама! Тіпті қамшыңды түсіріп алсаң да, ешкімнен өтінбей өзің түсіп ал!» (И.Ахмед); Хазіреті Әбу Бәкір түйемен кетіп бара жатқанда түйенің ноқтасы түсіп қалады, ол түйесін шөктіріп ноқтаны алады. Сол жердегілер: «Бізге айтсаңыз алып беретін едік, түйеден түсуіңізге қажеттілік жоқ еді ғой» дейді. Сонда Хазіреті Әбу Бәкір: «Расулуллаһ маған халықтан ештеңе сұрамауымды әмір етті» деді. (И.Ахмед);

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости