Бұл – ресми дерек. Яғни, сандар ғана. Ал, оның артында... талай тағдыр, талай отбасы тұр. Жазбаның мақсаты қиын да терең тақырыпты қозғау арқылы жантүршігерлік фактілерді көрсетіп, көңіл-күйді түсіру емес. Керісінше, суицид саны азайса, көмекті қажет еткен жандарға көңіл бөлінсе, проблемаларды шешудің өзге де жолдарын қарастыруға талпынса екен деген тілек қана.
СЕБЕБІ мен САЛДАРЫ
Аңғарғанымыз, тақырып төңірегіндегі статистика тіптен сүреңсіз. Биыл жарты жыл ішінде 18 жасқа дейінгі жастар арасында 105 суицид және 193 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет ету жағдайы тіркелген. Атырау облысы бойынша биылғы 9 айда 4 адам суицидке барған. Ал, 8 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ ниетке бекініпті. Көріп отырғанымыздай, көрсеткіштер «жасарып» барады. Мұның себебі көпті алаңдататыны сөзсіз. Өсіріп отырған ұрпағының мұндай қадамға барып, өмірмен қош айтысуы ата-анаға да ауыр. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебі де, салдары да сан түрлі.
Біріншіден, отбасы үшін үлкен қасірет. Статистикаға сүйенбей-ақ, өрімдей жас баланың қазасына қабырғасы қайысқан ата-анасы мен бауырларының күйзелістен айықпас дертке шалдыққандары да аз емес.
Екіншіден, қоғам бір мүшесінен айырылады. Ол ертең елінің дамуына өлшеусіз үлес қосатын үлкен қайраткер болуы әбден мүмкін еді... Басты сауал – балалар неге мұндай қадамға барады? Тәрбиенің осалдығы ма? Әлде... Осы «әлденің» астарында құпия көп. Бұл құбылысты талдап, қорытынды жасаған да ешкім жоқ. «Асылып қалыпты, көп дәрі ішіпті, секіріп кетіпті» деген қайғылы хабарлардың сап тыйылатын күні бар ма?.. Тақырыпқа қатысты жазбаларды талдап қарасақ, ең жиі тараған факторлар – депрессивті симптоматика, адамдардың тұлғалық ерекшеліктері, әлеуметтік оқшаулық, жалғыздық сезімі.
ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕ
Осы тақырыппен айналысатын мамандармен пікірлестік. Өкініштісі сол, жұрт кәсіби маманға жүгінбейді екен. Соның кесірінен мәселе ушыққан. Яғни, «маған көмек керек» деген жасөспірімнің, «ақыл айтыңызшы» деген ата-ананың аздығы. «Өйткені, психолог, психотерапевтке бару – көпшілік үшін өзін «дені сау емес» деп есептеумен бірдей» дейді мамандар. Жер бетінде жылына 800 мың адам өзіне қол салып, Қазақстандағы суицид саны 7,4 пайызға көбейген. Мамандар мұның жүздеген себебін алға тартады. Тіпті, түкке тұрғысыз сылтау үшін өмірін қиятындар да бар екен. Мысалы, зерттегенде басты себептер – жалғыздық, ортасынан қолдау таппау, күйзеліс, қарыз, жауапсыз махаббат, жазылмайтын дерт...
– Бұл мәселеде барлық кінәні ұстаздар мен психологтарға жабуға болмайды. Өйткені, мектеп оқушысына қатысты әңгіме болғанда, расы сол, алдымен мектепті, ұстаздарды кінәлайды. Олай емес, бұл – тұтастай қоғамның мәселесі. Әсіресе, отбасылық мәселелерді есепке алмаймыз. Суицидке себепші болатын мәселелердің өзегі көп жағдайда отбасындағы ахуалға тікелей байланысты. Баласына деген сенімсіздік, оған тым қатаң талап қою, баламен сөйлеспеу, бала алдында ата-ана міндетін орындамау, достары арасында қысымға ұшырауы осының барлығы жасөспірімге ерекше әсер етеді, – дейді ұстаздар қауымы.
Расында да, бұл пікірдің жаны бар. Өйткені, адам өз өміріндегі қиындық-кедергіге жасөспірім шақтан бастап бетпе-бет келеді. Әрине, бұл әлеуметтік мәселелерден, қоғамнан оқшаулану, айналасындағылардан түсіністік таппаудан басталып, басқа да себептерге ұласа береді. Мамандардың айтуынша, адам өміріндегі ең дағдарысты кезең жасөспірімдік шақ пен зейнетке шығатын уақыт екен. Не десек те, 15-19 жастағылар арасындағы суицид көбейіп тұрғаны қынжылтады.
БАЛАҢЫЗДЫ БАҚЫЛАҢЫЗ!
Тақырыпқа қатысты түйткілдерді тізбелей отырып, психолог-маман Ұлдай Рысмағамбетовамен тілдестік.
– Жан-дүниесі құлазып, кеудесі бос қалғандай сезінетін жан болмашыға үрейленіп, өз-өзіне кінә артуға бейім болады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Шыңыраудан шығудың жолы тек өлім деп түсініп, жаңылыс қадамға барады екен. Сондай кезде жақын-жуығы, әсіресе ата-анасы оның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беруі аса қажет. Өйткені, зерттеулер көрсеткендей, суицид жасағандардың 70 пайызы өз мақсаттарын қандай да бір формада білдіреді. Яғни, олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Суицидті жоспарлаған кейбір адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына жақсы көретін заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Немесе керісінше. Ештеңеге мән бермей, қызығушылығын жоғалтып, сүлесоқ күйге түседі екен. Мұндай көріністер алдағы бақытсыздықтың белгісі болуы әбден мүмкін, – дейді ол.
Балалар арасындағы суицидтің жиі кездесуінің бірден-бір себебі – жасөспірімдердің өз ортасындағы кикілжіңдер мен жауапсыз махаббат. Өз ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасы және ұстаздармен өзара қарым-қатынас – осының бәрі баланы қалыптастырады.
– Жастар ерекше қабылдағыш, әсерленгіш және жылдам бейімделгіш болғандықтан, жаңа құндылықтардың пайда болуы мен бұрынғыларынан бас тартуы қоғамның басқа таптарына қарағанда, бұл өтпелі әлеуметтік топқа қатты әсер етеді. Агрессиялық көңіл-күй, ашу-ызаға тым жиі берілу, қатыгездік, тітіркенгіштік сияқты сәттердің көп болуы «оған көмек керек» деген алғашқы дабыл белгісі. Сондай-ақ, оқшаулану, жақтырмай қарау да ата-ана назарынан тыс қалмауы тиіс факторлардың бірі. Кейде адамның жанында жақын адамы болып, оған жағдайды түсіндіріп, ашық сөйлесуі жетпей жатады. Мұның бәрі қауіптің алдын алу үшін ескерілуі тиіс. Қазіргі таңдағы маңызды қадамдардың тағы бірі – баланың әлеуметтік желідегі өмірін жіті назарда ұстау, – дейді психолог.
«ҚАУІПТІ АЙМАҚТЫҢ» ҚҰРСАУЫ
Отбасылық психолог Венера Мүтағалиқызы қауіпті қадамға бекінген жасөспірімдер де, ересектер де бірден өз-өзіне қол жұмсауға асықпайтынын айтады. Мұндай қадам туралы шешім қабылдаған адамда алдымен өлімге итермелейтін ой пайда болады екен. Мамандардың түсіндіруінше, ой арқылы жоспар жасап, ол әрекетке ауысатын көрінеді. Адамның басына өлім туралы ой келгеннен бастап әрекет жасағанға дейін олар айналасындағыларға «Мен өмірден шаршадым», «Менсіз жақсы болар еді», «Басқа әлемде өмір сүргім келеді», «Бас ауған жерге кетіп қалсам ба?» деген сөздермен, іс-әрекет арқылы өз ойынан хабар береді. Ал, жақын араласатын адамдар сол ескертуден қорытынды жасай білуі тиіс.
– Бірде ер адам қабылдауыма келіп, асылып қалуға әрекеттеніп, оның нәтижесіз болғанын айтты. Бұл қадамға отбасылық жағдайға байланысты барған. Көп мөлшерде дәрі ішіп, күйеуіне деген ренішін білдірген әйелмен де тиісті түсінік жұмыстарын жүргіздік. Анасының жалақысын букмекерлік кеңсеге тігіп, ұтылып қалған жас жігіт көпірден секірмек болып, райынан қайтты. Оларды біз тұрақты бақылауда ұстап, тиісті түсінік жұмыстарын жүргіздік, – деді ол.
Психолог адамдардың өз өміріне тым жеңіл қарайтынына қынжылады. Шынында, өмір ойыншық емес. Нағыз жігерсіз жан ғана мұндай сұмдыққа барады. Ал, қажырлы адамдар тығырықтан шығудың жолдарын саналы түрде іздеп тауып, келешегі үшін батыл қадамдар жасайды. Сонымен, суицид мәселесі неге елімізде тым өзекті? Қазақстан – өзіне-өзі қол салу жағынан әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәйектелген мәліметі.
Қалай десек те, адамның өз өміріне балта шабуы – қайғылы құбылыс. Ол жас та, жыныс та таңдамайды. Жалпы зерттеулер бойынша, өмірін қиюға әйелдер көбірек әрекет жасайтын көрінеді. Бірақ олар көбінесе аман қалып, ерлер олардан 3-6 есе көп өледі екен. «Әсерленгіш сезімі әйел затына тән. Сол себепті олар бірден суицид жасауда үзілді-кесілді әрекеттерге бара алмайды. Ал, ерлер кез-келген кеселге душар болса дәрігерге бармайды. Өзін-өзі емдеймін деп алдаусыратады. Жағдай ушыққан кезде ішімдікке салынады немесе есірткіге әуестенуі мүмкін» дейді мамандар.
Бұл – шексіз тақырып. Аталған мәселе қазір әлемді алаңдатып отыр. Біздің елде де мемлекеттік деңгейде сөз болып, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі туралы үлкен мінберлерде көтеріліп жүр. Адам өмірінен артық, одан қымбат ештеңе жоқ. Тіршіліктің таусылмас түйткілін түсіністік пен мейірім ғана тарқата алады. Айналаға мейіріммен қарау, балалармен ашық-жарқын сөйлесіп, ойларына құлақ түру арқылы өрімталдың өмірді сүйіп, өлім туралы ойламауына себепші бола аласыз!
Соңғы уақытта аса маңызды мәселеге ұғымдары да тақырыппен сабақтас. Қыркүйек айында өткен Мәжілістің жалпы отырысында балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Өз өмірін қиюға итермелейтін осынау қадамдар қазір қоғамда қатты алаңдаушылық туғызып отыр. Балалар психологиясын бұзатын амалдардың алдын алу туралы Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында баса айтып, «Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдау» жөнінде тапсырма жүктеді.
Аталған тақырып кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның күн тәртібінде ұдайы қаралып отырады. Арнайы жасақталған жоспарға сәйкес облыста психикалық денсаулық орталығының жанынан суицидологиялық жұмыспен айналысатын арнайы бөлім құрылған. Сенім телефоны да жұмыс жасайды. Келіп түскен қоңыраулардың көбі – Атырау қаласынан. Жалпы саны 243 қоңыраудың тек 2-уі ғана аудандардан. Хабарласқандар арасында жасөспірімдер жоқ.