Соңғы жылдары мектептің VI-VII сыныптарында оқитын қыздар көңілі қалаған жігітімен «кездесуге» шығатын болған.
Оң-солын айыра білмейтін жастағылар осы жүрістерін бойжеткендік, есейгендік деп түсінетінге ұқсайды. Сөйтіп жүріп, талай қыз кәмелеттік жасқа жетпей, жүкті болып қалып жатыр. Медицинада «ерте жүктілік» деп 13-18 жасқа дейінгі болатын жүктілікті атайды екен. Дәрігерлер бұл мезгілде қыздарда «өтпелі жас» кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу процесі жүретінін айтады. Оның үстіне олар – әлі бала, тұрмыс құрып, жүкті болатын жаста емес.
Осы себепті де жасөспірім қыздарда психологиялық дағдарыс орын алады. Көптің көзіне түспеу үшін ішін орамал, белдікпен қысып, өзіне де, ішіндегі нәрестеге қолайсыз әрекетке барады. Бұл сәбидің кемтар болуы немесе басқа да ақаулармен өмірге келу ықтималдығын жоғарылатады. Біздің ұлтта, мойындауымыз керек, қыз баламен анасының, ер баламен әкесінің ашық сөйлесуі кемшін. Егер атаана мен бала шын мәнінде сырлас, дос болса, онда, сөз жоқ, мұндай шалыс басқан қадамдар азаяр ма еді.
Өкінішке қарай, бұл тек бізде орын алып отырған проблема емес. Қай елде де жасөспірім қыздардың бұл қадамы көбінесе жүкті болумен аяқталады. Сөйтіп, олардың арасындағы жүктілік әйелдер арасындағы жүктіліктің 1,5 пайызын құрап отыр.
Амалсыздан суицидке барады…
Еліміздегі ерте жүктілік мәселесі үлкен мінберлерден де айтылып жүр. Осыдан біраз бұрын Парламент Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болған Майра Айсина және тағы бірнеше халық қалаулысы өздерінің депутаттық сауалдарында нақ осы жағдай туралы егжей-тегжейлі баяндаған болатын.
Онда: «…Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33 051 жүктілік фактісі тіркелген, оған қоса, 15 пен 18 жас аралығындағы қыздарға 9 906 түсік жасалған. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл деректер Батыс Еуропа елдерінің осыған ұқсас көрсеткіштерінен екі-үш есе артық. 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында түсік жасау көрсеткіштері әлі күнге дейін жоғарғы болып табылады және жылына 2 мыңға жуық түсікті құрайды.
…Ерте жүктілік жас қыздардың денсаулығына орасан зиян келтіреді, бұл өз кезегінде, қайғылы жағдайларға алып келеді. 15-18 жас аралығындағы қыздар жүкті болған және жүктілік кезінде туындайтын қиындықтар, көбінесе, өлім көрсеткішінің ұлғаюына себепші болады. Мәселен, дамыған мемлекеттердің өзінде жыл сайын 70 мыңға жуық жасөспірім қыздар көз жұмады…» делінген.
Өмір тәжірибесі көрсетіп жүргендей, дәріден уланып, жоғары қабаттан секірмекке ұмтылған қыздардың жүкті екендіктері белгілі болған. Отбасынан, ұстаздарынан, дос-жараны мен ағайынтуысынан ұялған қыздың осындай қауіпті де қатерлі жолды таңдайтыны қандай өкінішті десеңізші.
«Қызға қырық үйден тыйым»
Күнделікті өмірде көріп жүрміз ғой, үйіндегі ұл-қызының кіммен жүретінін, дос екенін, жақын араласатынын білмейтінін ата-аналар да болады. Балаға өте мұқият болған жөн. Әсіресе, қызды бағу оңай емес. Аталарымыз «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы», «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздерді тектен-текке айтқан жоқ. Болары болған соң, бармағын тістеп қалмасын деп сақтандырды.
Сондықтан, қыздарымыз жүгенсіз кетсе, мектепті, бірге жүретін құрбыларын кінәлаудан аулақ болайық. Ұл-қызға өмір сыйладық екен – оның дұрыс адам болып қалыптасуына, түзу жолмен жүруіне баскөз жасайық. Беймезгіл уақытта өрімдей қыздарымыз көше кезбей, үйде отырсын. Үлкендердің тәрбиесі оларды тәртіпке, сабырға, төзімге үйретеді. Ал, бұлар – оның болашақ өміріне ең қажетті қасиеттер.
«Өмірлік өкінішке қалмаңдаршы, қыздар!» (құпия хат)
«Мен бірінші курста оқып жүргенде бір жігітпен таныстым. Жастық қой, жігітпен жүргеніме мәз болдым. Аяғым ауырлағанда, ол тайқып шықты. Содан біреулердің айтуымен, 17 жасымда түсік жасаттым. «Ешкім ештеңе білмейді» деген ойдың жетегінде жүрдім. Оқуымды аяқтап, жұмысқа тұрдым. Тұрмысқа шықтым. Бірақ, ортада бала болмады. Жолдасымды білмедім, әйтеуір, мен өзімді кінәлаумен жүрдім. Жеті жылдан кейін ажырасып кеттік. Екінші рет тағы тұрмыс құрдым. Онда да солай. Соңғы күйеуіммен бес жыл тұрдым.
Не дейін, оларға ешқандай ренішім жоқ. Өйткені, баласыз өмір бола ма?! Әттең, сол кезде шалыс баспағанымда, алдағы өмірім басқаша болар ма еді. Осы ой менің жанымды талай жылдан бері жегідей жеп келеді. Әбден басыма тиген соң кейінгі сіңлілеріме айтарым: жігітпен қыдыруға ешқашан асықпаңдар. Алдымен оқып, білім алыңдар. Жұмыс жасаңдар. Ақыл тоқтатыңдар». ҚҰРАЛАЙ, 42 жаста (есімі өзгертіліп алынды)