Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Процесс онлайн режимде өтті. Алайда журналистерге сот процесін фото мен видеоға түсіруге тыйым салды.
Қорғаушы тарап олардың қызынан куә ретінде жауап алуды сұрады. Тергеу барысында да қыздан психолог, өкіл және мұғалімнің қатысуымен жауап алынған екен. Жәбірленуші тараптың адвокаты бұған қарсы болды, себебі бала әкесімен бір жылдан астам бірге тұрғандықтан, жауабын дайындап қоюы мүмкін деп санады.
"Жалпы жағдайды, баланың не ойлап жатқанын, үйде қандай әңгімелер болып жатқанын білмейміз және бұл сотқа баланы алдын ала дайындап қоюы мүмкін", – деді адвокат.
Жәбірленуші бұған дейін сотталушы оны қызының көзінше ұрғанын айтқан. Сондықтан айыпталушының адвокаты оны Үмбетқалиеваның сөзін растау үшін шақырғанын айтты. Судья өтінішті қанағаттандырды.
"Ол оны ұрды ма, жоқ па деген сұрақ туындады. Ол қыздарды тіпті туған күнімен құттықтаған жоқ. Қызым анасын көргісі келмейді", – деді сотталушы Ибрагимов.
Сот-медициналық сарапшы Нұрқаділ Орынбасаровтан жауап алынды. Оның 2023 жылғы 13 маусымдағы қорытындысында Ақмарал Үмбетқалиеваның бесінші сегізкөз омыртқасы сынғаны көрсетілген. Бұл МРТ және травматологтың қорытындысымен расталады. Сот-медициналық сарапшы әйел қатты, доғал заттан жарақат алуы мүмкін деген қорытындыға келген. Сондай-ақ жәбірленушінің оң жамбасынан көгеру түріндегі дене жарақаты анықталған.
"Көгеру қатты, доғал заттың әсерінен болуы мүмкін. Сынған жерде ешқандай көгеру немесе сызаттар табылған жоқ. Мұндай кезде адам қозғала алады, бірақ жүргенде ауырады", – деді Орынбасаров.
Сарапшы жәбірленушінің бұл жарақаттарды қашан алғанын нақты айта алмады. Сөзінше, сараптама кезінде жарақат жаңа болған, бірақ нақты күні анықталмаған.
Жәбірленушінің адвокаты жарақаттар тепкіден немесе баспалдақтан құлаудан болуы мүмкін бе деп сұрады. Сарапшы бұлай да болуы мүмкін деп жауап берді.
Омыртқаның сынуы денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян деп саналады.
Еске салайық, Атырау тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, оған қоса қазір Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген Ринат Ибрагимовқа қатысты мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі 11 жыл ұрып-соққан, балаларын тартып алған.