RSS лента

Дәрігер жәбірленушіге қатысты жалған қорытынды жасаған

  • 20.09.2023, 16:46,
  • 651
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ru.freepik.com

Атыраулық бес полицей азаптау дерегі бойынша айыпталуда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Отырыста сот-медициналық сарапшысы тергеу ісіне қатысты дәрігер мен комиссиялық сараптаманың қорытындысымен келіспейтінін айтты. Бұл туралы бізге сот отырысына қатысқан Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің тілшісі Аңсаған Сайлауқызы мәлім етті.

 

Судья Зәуре Қазақбайдың төрағалығымен өтіп жатқан соттың бесінші отырысында сот-медициналық сараптамасын жүргізген сарапшыдан  жауап алынды. 

 

Еске сала кетейік, тергеу ісінде көрсетілгендей бұл оқиға 5 ақпан күні, шамамен сағат 19.00 – 20.00 аралығында болған.  Осыдан соң, жәбірленуші ретінде танылған Р есімді азаматқа сот-медициналық сараптамасы тағайындалып,  6 ақпан күні сарапшының тексеруінен өтеді. Тексеру барысында ол бір құлағының ауыратыны туралы шағым айтқан.

 

– Біз дене жарақатын сараптау үшін алдымен жарақаттың көлеміне және түсіне мән береміз. Мәселен, бір тәуліктің ішінде денеге жаңа түскен жарақат қызарып, ісіп тұрады. Ал, екі тәуліктен асқан жарақат  күлгін-жасыл түске ене бастайды. Сондай ақ,  жазылуы жақындаған жарақат сары түске ауысады. Жәбірленуші маған келгенде мен оның бет жарақатын күлгін- жасыл түсте көрдім. Атап өткен тәжірибені негізге алатын болсам жәбірленушінің бет жарақатын екі тәуліктен аса уақыт бұрын салынған деп пайымдадым. Одан соң, ол құлағының естімейтінін айтты. Мен құлағының сыртқы бетінен қызарған немесе көгерген жарақат көрмедім. Сосын оның шағымы бойынша құлағының ішкі бетін тексеру үшін лор-дәрігеріне бару қажеттігін айттым. Өйткені бізде арнайы аппараттар болмайды, біз тек сыртқы жарақаттарды анықтаймыз ,- деді сарапшы Ахмед Магомедов.

 

Ал, бес полицейдің адвокаты Руслан Жакупов сарапшыдан: «Медициналық сарапшы ретінде айтыңызшы, өзіңіз көргендей жәбірленушінің құлағынан көгерген, қызарған жарақаты болмады. Алайда, алдыңғы сот отырысында жауапталған лор-дәрігер қатты соққыдан құлақтың сыртына ешқандай жарақат түспей, бірақ ішкі пердесі тесілуі мүмкін деді. Олай болуы мүмкін бе?» деп сұрады.

 

«Әрине, мүмкін емес. Құлақтың сырты жұмсақ болғандықтан соққы салдарынан міндетті түрде жарақат түседі. Ең болмағанда құлақтың сыртқы бетінде із қалмаса да, арты көгереді. Ал, құлақ барабанын жару үшін жұдырық соққысы жұмсалады. Енді, өзіңіз ойлаңызшы жұдырық тигеннен кейін құлақтың сыртына жарақат түспеуі мүмкін бе? Құлақ пердесін тесуге жетерлік жеңіл соққының өзіне тегіс алақан жеткіліксіз. Оған вакумдық соққы қажет болады» деп жауап берді А.Магомедов.

 

Осы ретте судья аталған жағдайды нақтылау мақсатында сарапшыға сауал қойды.

 

«Алдыңғы сот отырысында лор – дәрігерден жауап алынды. Ол бір құлаққа тиген соққының әсерінен келесі құлақтың пердесі тесілуі мүмкін екендігін айтты. Сіз онымен келісесіз бе?» деді ол.

 

 Сарапшы Ахмед Магомедов болса,  «Жоқ, әрине, (күлді) келіспеймін. Басқа лор-дәрігердің кеңесіне жүгіну қажет сіздерге» деп қысқа қайырды.

 

Айта кетейік, Ахмед Магомедов тергеу ісі басталған алғашқы күні жәбірленушіге медициналық сараптама жүргізген. Оның қорытындысы бойынша, жарақаттар 1 күн бұрын болғанға ұқсамайды дегенге саяды. Алайда, айыптау тарапы бұл қорытындыны жоққа шығарып, қайталама комиссиялық сараптаманы Орал қаласына жолдаған.

 

Сот отырысында белгілі болғандай, сарапшы Магомедов қайталама комиссиялық сараптамаға қатыстырылмапты

 

Ал, полицейлердің адвокаты Руслан Жакупов бұл іс-әрекеттің заңсыз екенін айтты.

 

– Айыптау тарапы алғашқы дәлелденген сараптаманы жоққа шығарып, ешқандай ескертусіз қайталама сараптама тағайындайды. Заң бойынша олар бізді сараптаманың қайта тағайындалуымен таныстыруы тиіс. Олар тіпті бізге айтпай жәбірленушіні жеке көліктерімен Орал қаласына алып кетеді. Ендігі тұжырым, алғашқы сараптама жәбірленушінің арызын жоққа шығарып тұрғаннан кейін, олар өздеріне ыңғайлы қорытынды алу үшін осылай негізсіз қайталама сараптама тағайындап отыр. Бұл дегеніміз - Прокуратураның өзіндік әкімшілік ресурстарын пайдаланған деген күмән туғызады, - деді ол сот отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында

 

Сонымен қатар, Руслан Жакупов айыптаушы тарап арызданушы Р.есімді азаматтың оқиғаға дейін 3 ақпан күні төбелеске қатысып, бір тұрғынды мүгедек қылғанын ескермей отыр дейді.

 

– Іс басталғалы тергеу ісі біржақты, айыптау бағытымен жүргізіліп келеді. Қорғау тарапының қайталама сараптама тағайындауы туралы, айыптаудың саралаудың негіздігі туралы өтінішхаттары қанағаттандырылған жоқ, біреуіде ескерілген жоқ. Жалпы жәбірленуші 3-ші ақпан күні Саламат деген азаматпен конфликтге келгені белгілі. Соның салдарынан Саламат Жексемалы ауыр дене жарақатымен ауруханаға түседі. Осы істі тергеу барысында полиция қызметкерлері үш адамнан жауап алады. Соның бірі – қазір жәбірленуші ретінде танылған Р. Ал олардың жанында болған екі азамат Саламат Жексемалы мен Р-ның арасындағы кикілжіңге куәлік етеді. Осыны анықтау мақсатында Р-нан жауап алынады. Ол 5 ақпан күні полицейлермен болған кездесуден соң, 6 ақпан күні полицейлер мені азаптады деп арызданып отыр. Алайда жәбірленушінің жауаптары қарама қайшылыққа толы. Ол өзіне қатысты азаптауларды әр кезде әртүрлі қылып сипаттайды. Оған қатысушылар туралы да әртүрлі жауап береді. Ал, тергеу болса оның әр түрлі жауабын сараптамайды. Куәлердің алғашқы жауаптарынан-ақ Саламатты кім соққаны айқын. Яғни, полиция қызметкерлерінің үстінен арызданған жәбірленушіге қатысты бір емес екі адам оның Саламатты соққандығы туралы куәлік етіп отыр. Бұл дегеніміз – полиция қызметкерлерінің бұл істе біреуді мойындатудың, азаптаудың қажеті жоқ екендігін білдіреді. Көп жағдайда мұндай мойындату фактісі куәсі жоқ қылмыстарда орын алатыны мәлім. Ал, мына жағдайда оқиға орнында болған екі танысы да Р.есімді азаматтың өзін ақтау үшін алдымен ойдан оқиға құрастырғанын да ашық айтып берді. Қудалау органдары бұл істің бәріне көз жұмып ауыр қылмыс жасаған азаматты тергеуді полициядан алып қойып, Антикорға береді. Әйтсе де, ол іс әлі шешімін тапқан жоқ. Тіпті тергеу ісі де тоқтап қалғанға ұқсайды. Яғни, мүгедек болып қалған азаматтың құқықтары қалпына келтірілген жоқ. Енді прокуратураның бұл іс бойынша мақсаты – қалайда бес полиция қызметкерін айыптау. Яғни өздеріне арызбен жүгінген, негізінен ауыр қылмысқа күдікті азаматтың түпкі мақсаты мен пиғылына тиісті баға беру мақсаты болған жоқ. Себебі азаптаулар бойынша іс жүргізу оған қатысты полицейлерді айыпты деп тану Прокуратура үшін Президенттің алдында үлкен көрсеткіш екенін білеміз. Яғни, сандық деректі статистиканы көтеру. Осыған дейінгі сот отырысында да бұл іс бойынша қорытынды берген дәрігердің жауаптары мүлдем миға сыйымсыз болды. Мұндай сөзге сеніп қалай айып тағуға болады? Сондықтан бұл істе шикілік жетерлік. Енді, сот төрайымы әділ қарайды, шикіліктерді байқап, сараптайды деп сенеміз, - деді Р.Жакупов.

 

Айта кетейік, 5 полиция қызметкері менің кінамды мойындату үшін азаптады деп арызданған Р есімді азаматтың өзі, 1 тұрғынды аяусыз соққыға жыққан деген күдікте. Қазір қалыпқа енді ғана келе бастаса да, мүгедек болып қалған С.Жексемалының ісіне қатысты тергеу әлі тоқтап тұр. Бұған дейін жәбірленушінің туыстары облыстық прокуратура алдына жиналып, өз наразылықтарын білдірген болатын. Саламат Жексемалының ісі тезірек тергеліп, төбелесті ұйымдастырғандар жауапқа тартылсын деп талап қойды. Құзырлы органдағылар, іс бақылауда деумен шектелді.

 

Маңызды тағы бір мәселе, 2023 жылдан бастап азаптауларға қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілеттің бәрі прокуратураға берілді. Бұл жұмыстар бойынша мемлекет басшысының өзі есеп алады. Күдікті 5 полицияның туыстары да, осы себеппен де прокуратураға, күдіктілерді соттаған тиімді деген пікірді алға тартады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости