RSS лента

Алақандай жердің бағасы аспандап тұр...

  • 27.04.2022, 04:01,
  • 505
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстанда алақандай жер бағасы аспандап тұр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«ҚАЗІР ШАРУАШЫЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСАЙЫН ДЕП, ӘКІМДІККЕ БАРСАҢ, ЖЕР ЖОҚ. АЛ, АЙНАЛАҒА КӨЗ ТІКСЕҢ БОС ЖЕР КӨП» ДЕП СЕНАТОРМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУДЕ МАХАМБЕТТІК ШАРУАГЕРЛЕР ДАБЫЛ ҚАҚҚАН БОЛАТЫН. ИӘ, БҰЛ ТЕК БІЗДІҢ ОБЛЫСТА ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ ЕЛГЕ ТӘН ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛЫП ОТЫР. БҮГІНДЕ КОСМОМОНИТОРИНГ ЖҮЙЕСІ АРҚЫЛЫ ЖЕРДІ АТЫНА АЛЫП, ИГЕРУСІЗ ҰСТАП ОТЫРҒАН АЗАМАТТАРМЕН ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР. БИЫЛ ОСЫ МАҚСАТТА АЙМАҚТЫҚ ЖЕР РЕСУРСТАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ДЕ ҚҰРЫЛҒАН.


ИГЕРУСІЗ БОЛМАУЫ ТИІС


Осыған дейін жерді түгендеумен айналысқан Атырау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың айтуынша, 2020 жылы 273,8 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал, 2021 жылы осы типтегі игерілмей жатқан 201,82 мың га жердің 17,67 мың гектарын іс-шара нәтижесінде пайдаға асыра бастапты. Сондай-ақ 87,08 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылса, 97,07 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Алдағы уақытта алған жерін не шаруашылыққа пайдаланбаған, не кері қайтармаған жеке тұлғаның ісі сотта қаралатын болады. Облыста 2021 жылдан бастап жерді қашықтан зондтау космомониторинг жүйесі іске қосылып, көлемі 2329,0 мың га құрайтын 2884 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлері цифрландырылған. Осы жылы жаңа жүйенің нәтижесінде ауыл шаруашылығының жайылым жерлері бойынша көлемі 251,3 мың га пайдаланылмай жатқан 497 жер учаскесі және көлемі 181,25 мың га тиімсіз пайдаланып жатқан (мал саны нормалық 20% жүктемеден төмен) 109 жер учаскесі анықталып, заңдылыққа сай тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.


ЖЫРЫ КӨП КЕЗЕК


Бүгінде Атырау қаласында 2005-2006 жылы жер кезегіне тұрған адамдарға жер учаскесін беру жұмыстары жүріп жатыр. Мәліметтерге назар салсақ, берілген жер көлемінен өтініш берушінің саны әлдеқайда көп. Мәселен 2016 жылы – 98300, 2017 жылы – 107833, 2018 жылы – 111764, 2019 жылы – 115309, 2020 жылы – 117864, 2021 жылы – 122185 азамат жер учаскесін алуға өтініш берген. Ал, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2016 жылы – 826, 2017 жылы – 2455, 2018 жылы – 1177, 2019 жылы – 789, 2020 жылы – 1488, 2021 жылы – 2716 жер учаскесі табысталған. Биыл облыс бойынша 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 92 мыңнан астамы Атырау қаласы бойынша кезекке тіркелсе, бүгінге дейін 54 жер учаскесі беріліпті.


– Биыл Атырау облысы бойынша тұрғын үй құрылысын салуға 2365 жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Соның басым көпшілігі, яғни 1800-ден астамы Махамбет ауданында берілмек. Бұл жерде «арыз беруші көп, берілетін жер неге аз» деген сұрақ туындауы заңдылық. Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жер учаскесі инфрақұрылымы жүргізілген дайын алаңнан берілуі тиіс. Орталықтандырылған су жүйесін жүргізу үшін міндетті түрде жарық болуы керек. Демек жер учаскесі берілетін алаң жарықпен қамтамасыз етілген жағдайда ғана дайын алаң болып есептеледі, – деді басқарма басшысы Әлібек Ермекқали.


Ел көлемінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізімі жасақталып, жаңа жүйе іске іске қосылды. Енді үйде отырып-ақ egov.kz порталы арқылы қалаған қала немесе елді мекеннен жер кезегіне тұра аласыз


БІЗДЕН САУАЛ:


– Жер учаскесін беру кезінде «Алтын алқалы», әртүрлі топтағы мүгедек жандарға жеңілдіктер қарастырылған ба?


– Қазіргі заңнамаға сәйкес жер кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі, осал топтағы жандарға әзірге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы ел аумағынан 10 соток жерді бір-ақ рет тегін алуға құқығы бар.


– Игерілмеген жерлердің ең көп аумағы қай ауданда анықталып отыр?


– Космомониторинг жүйесі бойынша ең көп игерілмеген жер аумағы Қызылқоға ауданынан анықталып отыр. Ол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Неге ол ауданнан десеңіздер, бұл жерде оның жер көлеміне байланысты. Мысалы, Жылыойда жер көлемі 3 млн. га.-ға жуық, Қызылқоғада 2 млн. га.-дан астам. Құрманғазы ауданында да осындай. Жер көлемі миллион гектарға жетпейтін Махамбет, Мақат сияқты аудандар да бар. Сондықтан жоғарыда аталған үш ауданда ауыл шаруашылығына берілген жер көлемі де ауқымды. Бүгінде түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Игере алмаймын» деп қайтарып жатқан да, игеруге талпынып, жұмыстанып жүрген тұрғындар да аз емес. Алдағы уақытта игерілмеген жер учаскесі иесіне айыппұл салынып, салық көлемі де өсетін болады.


– Биыл Махамбет ауданы бойынша қай жылы жер кезегіне тұрған азаматтар жер учаскесін ала алады?


– Бүгінде Махамбет ауданында 4088 адам кезекте тұр. Биыл жоспар бойынша 2007-2008 жылдардан бастап кезекке тұрған тұрғындарға 1808 жер учаскесі беріледі.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости