RSS лента

"Тоқсан төрттегі тасқын да тосыннан болды"

  • 09.04.2024, 11:01,
  • 167
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Елдегі соңғы жағдайға байланысты белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Атырауда соңғы су тасқыны 1993-1994 жылдары орын алған еді, - дейді ол. - Енді араға тура отыз жыл салып тағы да қайталанып отыр. Кезінде өңіріміздің атақты табиғат жанашыры Мұфтах Диаров бұл аймақтың о баста теңіз табаны болғанын айтып, қандай жағдайға да дайын болу керектігін талай ескерткен еді. Бірақ оның сөзіне құлақ асқан ешкім болмады.

 

Жалпы, қандай табиғат апаты болмасын, белгілі бір уақыт аралығында қайталанып тұратыны айтпаса да түсінікті жайт қой. Сондықтан оған әркез дайын болу керек. Мәселен, Құлсары қаласын су басады деген ой ешкімнің ойы түгілі түсіне де кірмеген шығар. Алайда, өкінішке орай күтпеген жағдай орын алып, тұрғындар тосылып қалды. Соған қарамастан, жергілікті әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, тұрғындар да белсенділік танытуда.

 

Менің ойымша, табиғат апаттарына адамзат басына туған қиындық емес, сабақ алу қажет сынақ ретінде қараған дұрыс. Себебі, құр айқайлап, қоғамды дүрліктіргеннен ештеңе шықпайды. Қайта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ортақ іске жұмылу керек. Бұл да осыған дейін болған коронавирус пандемиясы секілді үлкен сынақ болғалы тұр. Естеріңізде болса, ол кезде бүкіл әлем көптеген адамнан айырылып қалған болатын. Енді бүгін абырой болғанда адам шығыны жоқ десек те, азаматтарымыз бастарындағы баспаналарынан айырылып, өмір бойы маңдай терімен жинап келген дүние-мүліктері мен көліктері су астында қалды.

 

Сөз жоқ, қай мемлекет үшін де ең басты құндылық та, капитал да, бұл – адам өмірі, одан асқан байлық жоқ. Сондықтан бар күш адам өмірін сақтап қалуға жұмсалуда. Ал, шығын көлемі кейін де есептеле жатар. Ең бастысы, дәл қазір бекем бірлігімізді білдіріп, тату тірлігімізді танытуымыз қажет.

 

Халқымыз ежелден берекелі бірлігімен көптеген қиындықтарға қасқайып қарсы тұра білді. Бұл жолы да сол табандылығымыз бен төзімділігімізді танытуға тура келеді. Алда қандай сынақ тұрса да, дайын болуымыз керек. Бұл жер – ата-бабамыздың бізге аманаттаған мәңгілік мұрасы. Оны тастап кетуге болмайды. Өйткені, бұл Отанды сатумен бірдей болар еді. Ал, мұндай опасыздық – кешірілмейтін күнә. Ендеше, қасиетті Рамазан айында бір-бірімізге жанашыр болып, қолдау көрсетейік, ағайын!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости