RSS лента

Журналистиканы меңгеріп, стилист болып кетті...

  • 09.03.2024, 16:07,
  • 317
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Шаш – әйелдің құпия қаруы, адамның ажары. Сол себепті әйел заты шаш сәндеуді дұрыс таңдап, жиі өзгертіп отырғанды жаны сүйеді. Ал мұндай істі өз ісінің нағыз мамандарына ғана сеніп тапсырған жөн, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі Atr.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде сән индустриясы шеберлерінің бірі, бұл іске әбден машықтанған кәнігі маман – шаш стилисі, Түркияда өткен Халықаралық «Beauty special-2023» конкурсының жеңімпазы Әйгерім Өткелбаеваның еңбегі зор.

 

Исатай ауданының Аққыстау ауылында туып-өскен Әйгерім Нұрланқызының негізгі мамандығы – журналист. Дипломын алып, журналистикада еңбек етпесе де тұрмыс құрып, бала сүйгеннен кейін өзін басқа саладан сынап көргісі келіпті. Осылайша оның таңдауы мен қалауы басқа саладан бұйырды. Қысқа мерзімді курстарды оқып алып, лезде тапсырыс қабылдаған ол қыз-келіншектерге шаш үлгісін таңдап, қиып, сәндеп, әрлеуге батыл кірісіп кетті.

 

Шаш стилисі – түрлі нұсқада шаш қиып, оны клиенттің қалауы бойынша бояп, сәндеу және оның бірнеше үлгісін жасауға қабілетті, стиль таңдауға көмектесетін маман. Мұндай мамандардың ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті жоғары, байқампаз, өте ұқыпты болуы керек. Ал, стилистің шаштараздан айырмашылығы – неғұрлым күрделі жұмыс түрлерін еш қиындықсыз орындай алады. Клиентке толық имидж жасауға көмектесіп, шаш үлгілерін модельдеудің әртүрлі әдістерін қолданады. 

 

– Алғашқы жұмысым тұтынушының көңілінен шығып, риза болғаны осы салаға деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Бұдан кейін менде бір ғана оқумен шектелу деген болмады. Әрі қарай өзімді шыңдап, дамыту үшін кімнен сабақ, дәріс алу қажеттігін көп ойландым. Зерттей, зерделей келе Қазақстандағы №1 шаш стилисі, бірқатар халықаралық конкурстың жеңімпазы, алматылық Ерлан Айнабековтың оқу курсынан бірнеше рет білім алып, біраз тәжірибе жинақтадым. Әрине, «болам» деген адам бір ғана оқумен тоқтамауы тиіс. Ұдайы ізденісті, өмір бойы үйренуді қолға алып, оны әдетке, әдеттен дағдыға айналдырғаны жөн ғой, – дейді Әйгерім.

 

Жаһандану дәуірінде әлемде барлық сала сәт сайын өзгеріп жатыр. Оның ішінен өзіңізге керегін алып қалу үшін зымырап жатқан уақыттың әрбір сәті маңызды. Әйгерім жылдың басын тағы да өз білімін жетілдіруден, кәсіби шыңдалудан бастады. Жуырда ғана Алматыға барып, белгілі шаш стилисі Ерлан Айнабектовтан «шаш қию интеграциясы» курсынан өтіп, тағы да кәсіби біліктілігін арттырып қайтты.

 

– Адам өзінің кәсіби өрлеуіне инвестиция құюдан еш тартынбауы қажет. Өйткені қазіргі заманда бұл аса қажеттілік. Екі күндік ақылы курстан менің үйренгенім, көріп, білгенім, көңілге тоқығаным аз емес. Ал білгеніңді өзгемен бөлісу де жақсы қасиет. Енді соңғы кезеңде алған білімім мен өз тәжірибемді Атырау қаласында 11 қаңтарда басталған жеке оқыту және шеберлік сағаттарында бөлісіп жатырмын. Бұл курстарда шашты қиып, түрлі әдіс-тәсілмен бояу, соның ішінде бразилиялық бояу, шашқа арналған майлармен жұмыс істеу, Airtouch қызметтері бар. Мұндай курстар «шашты сәндеу индустриясын меңгеремін» дейтін жандар мен «кәсіби біліктілігімді арттырамын» деушілер үшін таптырмас мүмкіндік, – дейді шаш стилисі.

 

Айта кету керек, Әйгерім – үнемі ізденісте жүретін еңбекшіл жан. Шетелдік мамандардан сабақ алуды да алға қойған ол былтыр Түрияның Анталья қаласында өткен Халықаралық «Beauty special–2023» конкурсына да қатысып, бас жүлдені иеленді. Әлемнің 14 елінен ең білікті стилистер бақ сынаған байқауда оза шауып алға шығуы оның өз ісінің нағыз шебері, мықты маман екенін аңғартады.

 

– Біз Түркияда конкурсқа қатысып қана қоймай, біліктілікті арттыру сабағынан да өттік. Арамызда шаштараздар, стилистер, мейкап шеберлері болды. Командамызда 15 қыз болатын. Байқау қорытындысында Қазақстаннан келген біз, яғни атыраулық команда үздік деп танылды. Командаға 11 миллион теңге табыс етілді. Бұл жеңіс менің бүгінге дейінгі үздіксіз дайындығымның, ізденісімнің нәтижесі екені сөзсіз, – дейді ол.

 

Әйгерім бүгінде Атырау қаласында сұранысқа ие, қазіргі тілмен айтқанда «хит» шаштараздардың бірі. Оның қызметін алу үшін қыз-келіншектер алдын ала кезекке жазылып қоюы керек. Клиенттің көңілінен шығатындай дүние жасау, әрине оңай емес. Шаштың әрбір стилінде бір сыр барын білген жөн, ол үшін асқан шеберлік қажет. Мұндай іс кез келгеннің қолынан келетін дүние емес.

 

Осы саланың қыр-сырын терең меңгерген Әйгерім қайырымды іс қылу, өзгеге қол ұшын созу деген жақсы қасиеттерді де бойына жинаған. Осындай жаны жомарт жан бүгінде көп балалы аналардың шашын тегін қиып, бояп, кератинді түзету, ботокс секілді шаш емдеу қызметтерін көрсетіп отыр.

 

– Әйел – әлемді тербейді. Ниеті мен ықыласы болса, олардың қолынан келмейтін іс жоқ. Сондықтан әйел заты үйде отырып қалмауы керек. Мен мұндай жандарды сән индустриясымен айналысуға шақырамын. Уақытты текке өткізбей, осы саланың қыры мен сырын үйреніп алғаны жөн. Шаш стилисі болу – еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие, қай кезеңде де қалыс қалмайтын нағыз табыстың көзі. Тек ерінбей әрекет ету керек. Ал әрекеттің артында береке болатыны белгілі, – дейді Әйгерім Нұрланқызы.

 

Расында да ол – өз бетімен ізденіп, жетістікке табан ақы, маңдай терімен жетуге болатынын өзгелерге дәлелдеген бүгінгі заманның нағыз креативті еңбек адамы. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген оның ата-анадан алған тәлім-тәрбиесі де мол. Қазір өз отбасында сүйікті жар, балаларына аяулы ана. Ал жан-дүниесімен сүйсіне атқаратын кәсібінде білікті маман. Алдағы уақытта Түркістан, Ақтау қалаларында жеке шеберлік сыныптарын өткізуді де жоспарлап қойған. Жеке сұлулық салонын ашу да ойда бар.

 

Шаш – адамның көркі. Ол әйелдерге сән беріп қана қоймай, парасатына да жол ашады. Сондықтан әрбір қыз-келіншек шаш стилін өзінің жас ерекшелігіне, бет пішіні мен лауазымына сай өзгертіп, соған сәйкес оның күтімін де ұмытпағаны жөн. Өйткені, әдемілік әйелдерге ешқашан да көптік етпейді.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости