– Біріншіден, тегін оқыту курстарымен қамтылатын еңбекке қабілетті азаматтар санын бірнеше есе арттыру жоспарланған, - дейді минисрліктегі мамандар. – Егер бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша азаматтардың жекелеген санаттары ғана оқытылып келсе (бұл шамамен жылына 500 мың адам), енді әлеуметтік санаты мен мәртебесіне қарамастан еңбекке қабілетті жастағы барлық азамат қамтылады (бұл 9 млн адамға жуық).
Атап айтқанда, мемлекет жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жұмыссыздар мен халықтың жекелеген нысаналы санаттары үшін қысқа мерзімді тегін оқыту курстарын ұйымдастыратын болады. Бұл ретте оларға оқытудың түрлі форматтары, оның ішінде skills.enbek.kz платформасында онлайн оқытуды ұсыну көзделуде. Бүгінгі күні бұл платформада 151 курс орналастырылған, оның 97-нен тегін өтуге болады.
Жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жаңа технологияларды енгізуді немесе жаңа өндірістер ашуды ескере отырып, біліктілікті арттыру, қайта бейіндеу курстарын ұйымдастырады. Оқыту жұмыс берушінің таңдауы бойынша жұмыс орындарында, оқу орталықтарында немесе білім беру ұйымдарының базасында өтетін болады. Азаматтар әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекет немесе жұмыс берушілер ұйымдастыратын тегін курстардан өте алады немесе ақылы курстарды өз қалауы бойынша таңдай алады.
Екіншіден, еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқыту сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдау көзделіп отыр. Ұлттық біліктілік жүйесін қайта жүктеу осыған бағытталған.
Жұмыс берушілер кәсіптік стандарттар арқылы білім беру бағдарламалары жаңартылатын жұмыс күшінің дағдыларына талаптар қоятын болады. Кәсіби біліктіліктерді тану орталықтары кәсіби біліктіліктерді, оның ішінде ресми, бейресми және информалды білім беру арқылы алынған мамандардың жекелеген дағдыларын бағалайды және тиісті сертификаттар береді.