Ол бұл жүлдені өз командасымен бірге жеңіп алғанын айтады. «Конкурсқа 14 мемлекеттен үміткер қатысты. Бір Қазақстанның өзінен түрлі қаладан 30 шебер бақ сынады. Жалпы, біз Түркияға біліктілігімізді арттыруға барған едік. Арамызда шаштараз, стилист, мэйк-ап шебері және басқалары да болды. Шеберлік сыныптарының арасында байқау өткізілді. Мен де қатысуға бел будым. Біздің команда 15 қыз-келіншектен құралған. Нәтижесінде, бірінші орын иелендік! Ал, жүлде қаражатын өзара бөлісіп алдық» дейді ол.
Бір қызығы, Айгерімнің мамандығы – журналист. Бірақ, университет бітірген соң бьюти-индустрия саласына кеткен. Енді, міне, жеті жылдан астам уақыттан бері сән салонында стилист-шаштараз болып еңбек етеді. Жарты жыл сайын әлемнің әртүрлі қалаларына барып, белгілі шеберлерден сабақ алады. Атыраулықтар оның қызметіне алдын ала төрт-бес күн бұрын жазылып қояды екен.
«Кейде таңғы сағат сегізден түнгі он екіге дейін жұмыс жасайтын кездерім де болады. Бастысы, бұл жұмыс өзіме қатты ұнайды, мен одан үлкен ләззат аламын. Қазір өз жеке салонымды ашуды жоспарлап отырмын. Әзірге маркетологтармен келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта атыраулық мамандарды оқыту да жоспарда бар» дейді шебер.