RSS лента

Қарапайым инженер сұлулық байқауын жеңіп алды! 

  • 17.10.2023, 19:06,
  • 302
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

36 жастағы атыраулық Аина Самигатова «Mrs. Globe Kazakhstan» байқауында жеңіске жетіп, «Mrs. Asia Globe-2023» атанды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Енді ол Қытайда өтетін ең сұлу әйелдер конкурсында Қазақстанның намысын қорғайды.

 

Халықаралық «Mrs. Globe Kazakhstan» байқауы елімізде осымен екінші рет өткізіліп отыр. Мақсат – отбасы құндылықтарын насихаттау, әйелдердің шығармашылық және әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіру. Еліміздің ең сұлу әйелі атануға 25 пен 50 жас аралығындағы 17 үміткер талпынды. Атыраудан екі аруымыз бақ сынады. Соның біреуі – Аина Самигатова. Ол НКОК компаниясында жоспарлау инженері болып еңбек етеді. Сондай-ақ, ол Атыраудағы үйсіз жануарлар қорының негізін қалағандардың бірі. Ол өз құрбыларымен бірге қала сыртынан үй жануарларына арнайы орын ашқан.

 

Ал, бос уақытында Аина би үйірмесіне барады, жүзумен айналысады және үлкен тенниске қатысады.

 

«Бұл – менің өмірімдегі ең алғашқы сұлулық байқауы. Мұнда арулардың тек сырт келбеті ғана емес, ақылы мен жан-жақты қабілеті және ең бастысы ел дамуына қандай үлес қосқаны сынға түседі. Мен төртаяқты достарымызға қалай қол ұшын беру керек жөнінде өз ұсыныстарыммен бөлістім. Әділ қазы алқасына бұл бірден ұнады. Олардың қатарында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Айша, сән сарапшысы Лилия және басқалары бода лды» дейді ол.

 

Айта кетейік, аталған байқаудың алғашқы кезеңі онлайн өтіп, үміткерлер өмірінің бір күнін көрсетуге тырысқан. Ал, ақтық сынға үміткерлер жарты жыл бойы дайындалған екен.

 

Енді Аина байқаудың бас тәжі – «Миссис жер шарын» ұтып алған Айбара Ғазизбен бірге Қытайға аттанады. Дүниежүзілік сұлулық байқауы 10 наурыз күні Хайнань аралында өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 80 әйел қатысады деп күтілуде.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости