Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, бес баласы бар отбасы бұған дейін көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде тұрған. Енді бұл отбасы мемлекет тарапынан берілетін жаңа пәтерді алғанға дейін төрт бөлмелі жеке үйде тегін тұрады.
«Баспана жылыту жүйесімен, тұрмыстық техникалар және күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдармен қамтамасыз етілді. Ең бастысы, балалар үшін кең бөлмелер бар» дейді Нұржан Ермұханов.
Бес балалы отбасының отағасы Самат Ерсариевтің мамандығы – сантехник. Ал, оның зайыбы Алтынай Хамзина «Атырау Су Арнасы» КМК-да бақылаушы болып жұмыс істейді.
«Біздің жеке үйіміз жоқ. Сол себептен, баспана жалдап келдік. Жалдап отырған үйімізден шығып қалып, бір жылдан астам мерзімде жертөледе тұруға мәжбүр болдық. Жертөленің аты – жертөле. Осы кезге дейін көп қиындық көрдік. «Өзіміздің баспанамыз қашан болады екен?» деп армандап жүрміз. Қоғамда қайырымды жандар бар екен. Қиындық көрген кезде қолдау білдірген қалалық әкімдіктегі қызметкерлерге және жанашыр жандарға алғыс айтамын. Мектеп те үйдің жанында тұр. Балаларымыз енді алаңсыз ұйықтайтын болды. Ең бастысы, соған қуанамын» дейді Алтынай Хамзина.