RSS лента

Қазақстанда ғылымға жол ашылуда

  • 08.08.2023, 12:51,
  • 367
  • 0
  • Автор:
Автор фото: newsroom.kz

Бүгінгі заманда ғылымды дамытпай, бәсекеге қабілетті ел болу өте қиын. Экономикалық тұрғыдан қуатты мемлекеттерге қарасақ, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, басқа да елдердегі ғылымның экономиканың дамуына елеулі ықпал етіп отырғаны айқын көрінеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Саламат Идрисовтың айтуынша,  Қазақстандада соңғы жылдары ғылымды дамытуға ерекше назар аударылуда.

 

– Əрине, жоғары білім жəне ғылым саласындағы өткен ғасырдың соңындағы тоқыраудың зардабы өзінің кері ықпалын тигізді, - дейді ол

"Atyray" газетіне берген сұхбатында. - Көптеген кəсіби білікті мамандар, əсіресе ғалымдар шетелге кетуге мəжбүр болды. 2011 жылы Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің кəсіби мерекесі пайда болды. Бұл тек қана мерекелік күн емес, ғылымның жəне ғалымның қоғамдағы орнын дəріптеуге жаңа саты болды. Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде 22 456 ғалым мен зерттеуші, 96 ғылыми-зерттеу институты бар. Биыл 12 сəуірде Президент жанындағы Ғылым жəне технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы мəжілісінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мəселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», - деп атап өткен еді.

 

Ғылым – көп қырлы, сан салалы, күрделі құбылыс. Бұдан бір ғасырдай бұрын ғылым тек арнайы зиялы топтың ғана еншісінде болса, енді ғылымды ұйымдастыру ғалым еңбегімен бірге жүретін арнайы салаға айналды. Бүгінде елдегі жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмысына жоғары мəн беріліп отыр. Кейбір жоғары оқу орындары зерттеуші университеттер ретінде статус та алды. Ұлы ойшыл Абайдың «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озады» деген сөзі баршаға мəлім. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» деп, өкініш білдіріп өткен де сол Абай бабамыз еді. Сондықтан, ғылыми-техникалық прогресс заманында университеттердің ғылыммен айналысуы бүгінгі күннің басты талабына айналды. Соңғы жылдары отандық ғылымның дамуына мемлекет Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдаулар көрсетіп отыр. Ғылымды дамыту, ғылым қызметкерлерін қолдау мақсатында тəуелсіздік жылдарында арнайы заңнамалық өзгерістер енгізілді. 1992 жылы алғаш рет «Қазақстандағы ғылым жəне ғылым-техникалық саясат туралы», 2011 жылы «Ғылым туралы», 2015 жылы «Ғылыми ізденістер нəтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңдар, «2023-2029 жылдарға арналған жоғары білімді жəне ғылымды дамытудың тұжырымдамасы» – осының барлығы саланы дамытуға арналған реформалар.

 

Республика бойынша ғылымды қаржыландырудың бірнеше кезеңі мен көзі анықталғанын атап көрсеткен жөн. Мемлекет тарапынан болып жатқан жұмыстар ғылыми-зерттеу қызметін жандандыруды, ғалымдарды ғылыммен айналысуға ынталандыруды көздейді. Тіпті оны қаржыландырудың – базалық, гранттық, мақсатты-бағдарламалық – үш тетігі де қарастырылған. Халықаралық ғылыми байланысты кеңейтуге де мемлекеттің мəн беруі айрықша көзқарас. Мысалы, мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бастап «500 ғалым» жобасы іске асып келеді. Кезінде бұл ұсыныс отандық ғалымдар тарапынан зор серпіліс туғызса, жылдан-жылға оның қатысушылары да көбейіп отыр.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости