Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистегі әлеуметтік нысандарды аралап көреді, бірқатар кездесу өткізеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистегі әлеуметтік нысандарды аралап көреді, бірқатар кездесу өткізеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Алматыда Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинмен кездеседі деп жоспарланған.
Ол сапар аясында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта құжаттарды сақтау шартымен, мұрағат құжаттарын қалпына келтіру және микрофильмдеу кабинеттерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар бойынша жүргізілген жұмыстардың экспозициясы көрсетілді.
Президенттің Жарлығымен 2020 жылдың қараша айында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның жұмысына қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылды
ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар Орталыққа ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратураның арнаулы мұрағаттарынан беріледі. Орталық таяу уақытта барлығы 715 мыңға жуық істі қабылдап алады деп жоспарланып отыр. Мұнда құжаттарды құпиясыздандыру, қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады. Оларды зерттеу және ғылыми айналымға енгізу үшін тиісті жағдай жасалған.
Қазіргі уақытта тарихшы-ғалымдар мен орталық қызметкерлері «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдықты баспаға дайындап жатыр. Бұл басылым ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихының ғылыми көкжиегін кеңейтеді. Орталықтың қорында 1 миллион 132 мың іс сақталған.
Президент тарихымызды зерделеу ісінде Орталықтың жұмысы маңызды екенін атап өтіп, ұжымға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдады. Кездесуде ел бірлігін нығайту, қоғамдық құндылықтарды дәріптеу ісінде қаламгер қауымның атқаратын рөлі қарастырылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жазушылар Одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ екенін айта келіп, ақын-жазушылардың халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қоғамның бірлігін нығайтудағы еңбегі зор екеніне назар аударды.
Президенттің пікірінше, бүгінгі уақыт талабы басқа. Оқырманның талғамы, қоғамның құндылығы – барлығы өзгеріп келеді. Сондықтан шығармашылық ортаның жұмысы да бүгінгі заман талабына сай болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талғамына сай, іздеп жүріп оқитын қызық туындылар жазылуы керек екеніне айрықша тоқталды. Сонымен қатар жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты.
Мереке Құлкенов Президентке Жазушылар одағының жуырда өткен съезінде талқыланған маңызды ұсыныстар мен ұйымның алдағы жоспары жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, Жазушылар Одағының төрағасы Президентке «Мәдениет туралы» заңға қазақ жазушыларының шығармаларын басып шығаруға және кеңінен таратуға септігін тигізетін арнаулы нормалар енгізу жөнінде ұсыныс айтты.
Сондай-ақ қаламгерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Президентке ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарьяны қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұлттық ғылым академиясының қызметі мен жоспары жөнінде есеп берілді. Сондай-ақ ғылым саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мәртебеге ие болған Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымды дамыту ісінде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаты арасындағы өзара байланыстың нығаюына баса мән бере отырып, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін қолдану керек.
Президент отандық ғылымды дамыту үшін мемлекет қажетті жағдай жасап жатқанына назар аударды. Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді. Зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып, қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы қаржыландырылып жатқан ғылыми жобалардың өзекті әрі сұранысқа ие болуы, сондай-ақ экономиканың нақты секторларында іс жүзінде қолданылуы маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ҰҒА президенті Күнсұлу Закарьяға талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Кездесу соңында ол ғылыми интеллигенцияның елімізді дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтіп, Ғылым академиясы президентінің жауапты қызметіне табыс тіледі.