Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұл туралы «Аманат» партиясының жетекшісі Ерлан Қошановтың төрағалығымен партия белсенділерінің қатысуымен өткен жиында талқылау өтті.
«Жолдауда Президент әдеттегідей, қазақстандықтардың ең өзекті сауалдарына нақты жауабын берді. Бұл бастау алған саяси өзгерістердің жалғасы. Президенттің сөзі мен ісі бір жерден шығатынының тағы бір дәлелі – осы. Алдағы сайлау науқандарының кестесі жарияланды. Мемлекет басшысы Президент мандатын қысқарту және ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде бастама көтерді. Мұның бәрі реформалар бағытының дәйектілігін және оның елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді», – деді Қошанов.
Ол Жолдауда әлеуметтік саясатты нығайтуға үлкен көңіл бөлінгенін атап өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыруды арттыруды, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды, сондай-ақ жастарды, балаларды және қарттарды қолдауды күшейтуді ұсынды.
«AMANAT» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық бастамаларын толық қолдайды. Президенттің Жолдауда ұсынған барлық реформалары – бұл елдің жаңа жағдайда дамуына тың серпін беретін прогрессивті әрі уақтылы шаралар», – деп атап өтті Қошанов.
Іс-шара барысында партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Бас директоры Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Жолдауында халықты толғандыратын өзекті мәселелердің барлық кешенін қамтыды деп есептейді. «Сондықтан біз Президенттің бағытын толық қолдаймыз», – деді ол.
Президент Жолдауын партияның облыстық филиалдарының жауапты хатшылары да қолдап, Мемлекет басшысының өз өңірлеріне қатысты мәселелерге де тоқталғанын атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына Жолдауды халық арасында ілгерілету және онда айтылған Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру үшін барлық партиялық ресурстарды жұмылдыру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.