Жағдай мүмкіндік берген кезде олар Ауғанстанға қайта оралады. Бұл туралы 18 тамызда өткен брифингте БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дужаррик мәлімдеді.
«БҰҰ қызметкерлерінің бір тобы бүгін Кабулдан Алматыға, Қазақстанға барады, онда олар өз жұмыстарын қашықтықтан жалғастырады» деді ол.
Оның айтуынша, Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстаннан келген 100-ге жуық қызметкері жұмыс істейді, олар мүмкіндік болған жағдайда кері қайтады.
Сонымен қатар, Қазақстан СІМ мәліметінше, Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың ушығуына байланысты БҰҰ Қазақстанға Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі Миссияны (UNAMA) және БҰҰ-ның басқа агенттіктерін Алматыға уақытша көшіру туралы өтінішпен жүгінген.
Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты өзара іс-қимыл және ҚР-ның осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ үндеуін қолдау туралы шешім қабылдады.
18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы әкімдігімен, Құзыретті ведомстволармен және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша қажетті шараларды жедел түрде қабылдауда. Келген қызметкерлер халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорты мен иммунитетіне ие тұлғалар.
«Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін одан әрі қызмет етуі уақытша жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Қызметкерлердің тұруы, кеңсе, үй — жайларын жалға алу және басқа да шығындар толығымен БҰҰ бюджетінен қаржыландырылатын болады» деп түсіндірді Сыртқы саясат ведомствосы.