Сонымен, мамыр-маусым аралығында 800-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тауып, 1 600-ден астам адам жарақат алған. Қаза тапқандардың үштен бір бөлігі балалар. Бұл туралы Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы хабарлады.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі, яғни өлім мен жарақаттың үштен бірінен астамын құраған қолдан жасалған жарылғыштар болды. Ауғанстан бойынша Бас хатшының арнайы өкілі Дебора Лионстың айтуынша, ауыр шығындар ауылдық жерлердегі әскери іс-қимылдарға байланысты. Алайда, егер қақтығыс халқы көп қалаларға таралса, оның салдары бұдан да қиын болуы мүмкін.
Ұйым өкілдері ауған статистикасына алаңдаушылық танытып, қақтығыстың барлық тарабын бейбіт тұрғындарды соғыстан құтқару үшін бар күшін салуға шақырды.
Бұған дейін «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Ауғанстандағы ондаған аудандарды үкімет күштерінен алып, бақылауға алғаны туралы хабарланған болатын. БҰҰ мәліметтері бойынша, маусым айында Талибан ірі қалалардан тыс Ауғанстан аумағының 50-70%-ын және аудан орталықтарының 57%-ын басқарды, ширек миллионнан астам ауғандықтар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазіргі уақытта Үкіметтің негізгі күштері Кабул мен басқа қалаларды, шекара өткелдерін және маңызды инфрақұрылым объектілерін қорғауға бағытталып отыр.