RSS лента

Алдағы 10 жылда Қазақстанды не күтіп тұр?

  • 16.08.2023, 00:11,
  • 265
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Күнсұлу Закария Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керектігін айтады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ғылымның даму концепциясын құру мақсатында 30 жылда бірінші рет барлық салалық академиялардың жəне ғылыми қауымдастықтардың басын қосып «дөңгелек үстел» өткіздік, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Жиында ғылымдағы өзекті мəселелер талқыланып оның шешілу жолдары ұсынылды. Отыз жылдағы біздің үлкен жетістігіміз – білімді ұрпақ өсірдік. Жастар жаңа заманның технологиясын жан-жақты танып, шетелдік тағылымдамадан өтіп, білімді əрі білікті болып өсті. Біздің келесі қадамымыз – елдегі білікті жас ғалымдардың қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Білімді ұрпақтың ой-пікірін ортақ мүддеге топтастырдық, бұл – отандық ғылымды бірге дамытуға жасалған игі қадам. Академияның қарамағындағы төрт бағыт бойынша құрылған бөлімшелердің отандық белді ғалымдардан жұмыс тобын құрдық. Мұнда ғылымға, заңнамаға, ғылыми қонкурстарға өзгеріс енгізу туралы мəселелер талқыланып, шешімін табу жұмыстары жүргізілуде. Академияның міндетті жұмысы – Ғылым туралы Ұлттық баяндаманы дайындау. Бұл өз алдына зор жауапкершілікті қажет етеді. Оны жүзеге асыруда да елдегі белді ғалымдардан тұратын сарапшылар тобы жұмыс істеп жатыр. «Елде алдағы бес-он жылда не күтіп тұр? Су, электр тапшылығы болу қаупі бар ма? Қай саланы дамытса, елдің экономикасы жақсарады?» деген сұрақтарға форсайттық зерттеулер керек. Бұл мақсатта Академия үлкен жауапкершілігі мол істі бастады. Аз уақыттың ішінде жүзеге асқан басқа да ауыз толтырып айтарлық істер бар. Басты мақсат – Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы орындап, елдің игілігіне аянбай еңбек ету.

 

Ғылымды дамыту мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық ғылым академиясына жаңа статус берді, енді құрылым «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп аталады. Сонымен қатар, қазір «Ғылым жəне технологиялық саясат туралы» заң жобасы əзірленіп жатыр. Биыл ғылымға 150 миллиард теңге бөлінбекші. Ғылымды насихаттау, кадр дайындау, мұның барлығы өткен жылдармен салыстырғанда ғылымға əлдеқайда қолдау көрсетіліп жатқанын көрсетеді.

 

Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы күшін жойып, қазір жаңасы жұмыс жасауда. Бұл – Қазақстан Республикасында жоғары білімді жəне ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай ғылымды əкімшілендірудің жаңа моделін енгізу бағытындағы жұмыстар. Атап айтқанда, Академия ғылыми ойдың орталығы ретінде ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын əзірлеу, сараптамалық қызметті жүзеге асыру, форсайт-зерттеулер жүргізу, басқа да іс-шараларды жүзеге асыратын белді құрылым ретінде жұмыстарға кірісті. Мемлекет басшысы «...ғылым тұтастай алғанда ел экономикасына жұмыс істеуі тиіс» деген болатын. Қазір Академия ғалымдар мен бизнес өкілдерін өзара байланыстыру аясында инновацияларды енгізу жəне экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Құрылған күннен бастап, Академия елдің əр өңірінен келген 200-ден астам ғылыми жобамен танысып, саралап үлгерді. Оның 10-нан астамы Алматы қаласының проблемаларын шешуге арналғандықтан, жобалық ұсыныстар қала əкімінің тарапынан қолдау тапты. Биыл қыркүйек айына жоспарланған «Business and Science Event» шарасы ғалымдар, өнертапқыштар мен бизнес өкілдерінің басын біріктіріп, аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нəтижелерін коммерцияландырудың бастапқы қадамдарын жасауда дəнекер болмақшы.

 

Сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігін болдырмау, азаматтың мемлекеттік қызметшімен тікелей байланысын барынша азайту үшін мемлекет мүмкіндігінше көп қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беруге ұмтылады. Нəтижесінде мемлекеттік органдарға келушілер ағыны азаяды, ал мемлекеттік қызметшілерде құжаттарды талдап, дайындауға уақыт көбейеді. Бүгінде қызметтердің біраз бөлігі электрондық форматқа ауысқан, оларды электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Салада басқа да цифрландырылған біраз дүние бар. Мысалы, qazpatent.kz сайтының жұмысы қорғау құжаттарын алу кезінде ғалымдардың жұмысын жеңілдетті. Сонымен қатар елдегі оқу-ғылым саласы бойынша тестіден өтушілерге арналған Ұлттық тестілеу орталығының сайты бакалавр, магистратура жəне докторантураға түсуге мүмкіндік береді, орта жəне жоғары оқу орындарының оқу нəтижелерінің көрсеткіштері бағаланады. Келешекте Академияның порталын құру жоспарда бар. Оған ғалымдардың еңбектері, ғылыми зертханалық қондырғылар, ғылыми оқулықтар, басқа да пайдалы ақпараттар енгізіледі.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: əрекет ету уақыты» атты халыққа Жолдауына сəйкес озық ғылыми технологияларды беру мақсатында жыл сайын 500 ғалымға əлемнің жетекші орталықтарында тағылымдамадан өту, «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алу сияқты жұмыстарды айтуға болады. Академия Қытай, Ресей, Германия, Тəжікстан Республикасы сияқты елдермен ынтымақтастық жұмыстарын бастап кетті. Жас ғалымдар Қытайда өткен бүкілəлемдік форумға қатысып, жаһандық экология мəселесін бірігіп шешу жолдарын ұсынды, қазір нəтижелі жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ Ресей, Тəжікстан елдерімен білім алмасу мақсатында семинар, форумдар өткізу жопарланып жатыр.

 

Соңғы он жылда ғылымды қаржыландыру елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 0,13%-нан аспаған. Енді осы көрсеткішті ЖІӨ-ді 1%-ына жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, қазір ғылымның бюджеті 100 миллиард теңге шамасында болса, оны 1 триллион теңгеден асыру көзделді. Əрине, мұндайда елге ғылыми кадрлар даярлап, ғылыми-зерттеу мекемелерін жаңа материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жаңартып, экономиканы көтеруге ғалымдар аянбай қызмет ететініне сенім кəміл.

 

Бүгінде гранттық жəне мақсатты нысаналы қаржыландырулардың нəтижелері бойынша өңірлерде ғылымды ілгерілетуде Алматы, Астана қалалары жəне Қарағанды облысының ғалымдары белсенді. Ал, батыс өңірде ғылымның басым бағыттарының өсуі байқалмайды. Бірақ қайтсек те бұл проблема шешімін табуы қажет. Жаңадан құрылған Абай, Ұлытау жəне Жетісу облыстарында ғылымды дамыту арқылы жаңа өндіріс ошақтарын ашуымыз керек. Өңірлердегі өндірістік сектордың қажеттіліктеріне бағытталған коммерцияланатын жаңа жобалардың өсуі мен дамуына барынша қолдау қажет. Осы мақсатта қазір Академия делегациясы өңірлерді аралап, ғылыми мекемелер жəне жергілікті мемлекеттік атқарушы органдармен кездесіп, өзекті мəселелерді анықтап, оның шешу жолдарын жасақтауда.

 

Белгілі деректемелерге сүйенсек, елде 22655 ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы – жастар. Академия елдегі жəне шетелде білім алып жүрген талантты жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, Академия ғылымды дамытудағы 10 басым бағыт бойынша 1000-ға жуық белсенді, білікті жастан жұмыс тобын құрды. Бүгінде осы топтарда жас ғалымдарға қатысты мəселелердi шешу, ғылыми əлеуеттi бiрiздендiру бастамалары талқыланып жатыр.

 

Жаңа айттым, мақтан тұтар жас ғалымдарымыз бар. Олардың зерттеулерінің нəтижелері сүйсіндіреді. Солардың бірегейі – техника ғылымдары бойынша PhD Алтынай Қайдарованың инновациялық əзірлемелері. Жас ғалым Бельгиядағы KU Leuven университетінің постдокторанты ретінде инновациялық жобаларының бірі – протездеу мен робототехникада қолданылатын адам терісінің көптеген функциялары бар электронды теріні жасау. Ол жасанды аяқ-қолы бар жандарға жанасуды сезінуге, жұмсақ пен қаттылықты ажыратуға, өткір зат пен қатты ыстықты анықтауға мүмкіндік береді. Электронды теріні коммерцияландыру жолы өте қиын, дегенмен бұл əзірлеме медицинада төңкеріс жасап, көптеген адамдардың өмір сүру сапасын түбегейлі жақсартатыны сөзсіз. Тағы бір отандас жас ғалым – əлемдегі жалғыз кванттық офтальмолог Мұхит Құлмағанбетов қазір Гонконгтағы Кванттық офтальмология зертханасын (ҚХР) басқарады, оның жұмысына Нобель сыйлығының лауреаттары да қызығушылық танытып отыр. Мұхит кванттық физика мен офтальмологияны біріктіретін инженерлік технологияны жасау үстінде. Яғни, ол үш ғылымның – медицина, IT жəне кванттық физиканың тоғысында технологияларды дамытады. Əзірленген құрылғы квантталған фотонды қолдана отырып жұмыс істейді, фотонның бұл түрі жақында кванттық коммуникацияларда қолданыла бастады. Бүгінде Мұхит Академия жанынан құрылған жас ғалымдар жұмыс тобында отандық ғылымды дамытуға өз үлесін қосып жүр. Басқа да елдегі белді ғалымдардың еңбектерін тізбектей беруге болады. Өйткені барлығы да жоқтан жонып, отандық ғылымның дамуына аянбай еңбек етіп келді. Осындай ғалымдардың жұмысы Үкіметтен қаржыландырылып, жан-жақты қолдау жасалса еңбек бағаланар еді.

 

Қазақстан ғылымына деген сенімсіздіктің басымдығы, отандық ғылымды дəріптеудің төмендігі – қалың бұқараның қазақстандық ғалымдардың жетістігі, ғылыми əзірлемелерінің нəтижелері туралы бейхабар болуынан. Əлеуметтік желілердің қарқынды дамыған заманында ғалым блогерлердің санын арттыру, БАҚ арқылы елдің беделді ғалымдарын барынша таныту, ұлттық жəне жетекші телеарналарда арнайы бағдарламаларды көбейту, ғаламтор жүйесінде тиісті платформаларды ашу, ғылыми-насихаттау мақсатындағы журналдарды шығару сияқты жұмыстарды күшейту керек. Отандық ғалымдарды таныту арқылы Қазақстан ғылымына деген сенімділік артып, мəртебесі көтерілетіні анық. Осы жұмысқа ғылыми мекемеұйымдар мен БАҚ-тан бөлек, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер, əсіресе өңірлерде жүйелі түрде жұмыс жүргізген жөн. Себебі ірі мегаполистерге қарағанда өңірлерде ғылымның дамуы, отандық ғалымдардың жетістіктері, үні естілмей жатады. Осы мақсатта жаңа əзірленіп жатқан Ғылым туралы заңында, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде жəне ғылыми гранттық конкурстарда ғылымды насихаттауды талап ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескеретін жайт – өскелең ұрпақ тəрбиелеп отырған ата-аналар балаларын болашақта өзіне ғана жеңіл қызметке емес, елге пайда тигізетін мамандықтарға баулуы керек. Бұл астын сызып айтар бүгінгі күннің жəне болашақтың қажеттілігі.

 

Ғылымның жаңа идеялары форсайттық зерттеулердің нəтижелеріне негізделуі керек. Форсайт ұзақмерзімді болжаудың халықаралық технологиясына айналды. Осылайша, Жапонияда 9 Ұлттық Форсайт өткізілді, соның негізінде бірқатар мемлекеттік стратегиялар құрылуда. Қытайдың ұлттық форсайттарына əр бағыт бойынша он мыңдаған сарапшылар қатысады. Еуропаның əрбір елі өзінің форсайттарын өткізеді, мұндай жобалар Оңтүстік Африка, Бразилия, АҚШ-та жүзеге асырылуда. Осыған орай, Ұлттық Ғылым Академиясы ғалым-талдаушыларды жинап, осы зерттеулерді жүргізу əдістемесі бойынша білімдерін арттырып, Қазақстан ғылымының зерттеу жұмыстарын «Жасыл технологиялар жəне су қауіпсіздігі», «Цифрлық даму жəне киберқауіпсіздік», «Агротехнологиялар жəне азық-түлік қауіпсіздігі», «Геномдық технологиялар жəне биологиялық қауіпсіздік», басқа да бағыттар бойынша жүргізіп келеді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости