Олай дейтініміз, алақандай Атыраудағы бір ғана Мақат балалар өнер мектебінен еліміздің атын Еуропа мен Америкаға танытқан талай талант иелері түлеп ұшты. Сол игі үрдіс бүгінде жарасымды жалғасын тауып жатыр...
Біз бұл жолы бала болса да үлкен өнерге қанат қағып, Алматыдан арнайы шақырту алып отырған өнерпаз Нұрмұхамбет Айтбай туралы әңгіме өрбітпекпіз. Қазір ол аталған өнер мектебінің төртінші сыныбында оқиды. Алғашқыда 2020 жылы тек күйсандық мамандығы бойынша мектепке қабылданған жас дарын иесі кейін өз бетімен бірнеше аспапты меңгеріп алған екен.
Расымен де, домбыра – аспаптардың төресі. Сірә, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тіпті, 2018 жылы еліміздің тұңғыш президентінің жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі – арнайы Ұлттық домбыра күні болып та бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі: «Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз» деп көпшілікті ұлттық аспапты ұлықтауға шақырып отыр емес пе?!
Бір қызығы, «толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, Нұрмұхамбеттің анасы Әсем Ерімова да баласы тәлім алатын өнер ұясында хореограф болып еңбек етеді. Ол ұлына қай өнер саласын таңдау қажеттігін айтпаған, мұны өз еркіне қалдырған. Себебі, адам жүрек қалауымен өмір сүруі керек деп санайды.
Ақыры, талап пен таланттың тұлпарын кезек-кезек мінген жас дарын сан байқауда талай топ жарып, аудан абыройын асқақтатумен келеді. Бір емес, бірнеше ұлттық аспаптың құлағында еркін ойнайтын ол бүгінде өнер мектебі жанынан құрылған балалар оркестрінде өнер көрсетеді. Нұрмұхамбет қазір бір шығарманы бір күнде игеріп алатындай дәрежеге жеткен. Мұны Мақат балалар өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зарина Дүйсенова да растайды.
Бүгінгі таңда өнер саласындағы ең үлкен мектептердің бірі де бірегейі, бұл – Алматы қаласында орналасқан Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей. Аталған өнер-білім ұясының басшысы Нұркен Әшіров өткен жылы ауданға арнайы келіп, өнерлі өрендерді өз мектебіне қабылдаған болатын. Еліміздің ең талантты балалары білім алатын мектепке түсу оңай емес. Бұл ретте, баланың нотаны ғана білуі аздық етеді. Сонымен қатар, оның есте сақтау қабілеті, ырғақты сезіне білуі, музыка арқылы тыңдарманмен тілдесе алуы және басқа да қосымша мүмкіндіктері ескеріледі. Міне, осындай сүрлеуі сан сынақтан біздің Нұрмұхамбет те сүрінбей өтіпті. Арманын айға білеп, үлкен өнерге жолдама алған мұзбалақтың қайтпас мінезі мен ерекше еңбексүйгіш қасиеті оны осындай жоғары дәрежеге жеткізіп отыр. Енді ол ақ шашты Алатау бөктеріндегі ару Алматыға арман қуып аттанып кетуге дайын-ақ тұр.
...Иә, «өнерліге өріс кең» дейді халық даналығы. Олай болса, бүгінгі әңгімемізге арқау болған жас таланттың таудай талабына нұр жаусын деп тілейік. Күндердің бір күнінде Нұрмұхамбет «Мақаттан шыққан Моцарт» атанып жатса, түк таңқалмасымыз анық. Ендеше, өнерің өрге жүзсін, жас өрен!


