Осы уақыт ішінде ол домбырада ойнауды үйреніп, қазір елуден астам күйді жатқа біледі. Сырт келбеті жас көрінетін әйелдің жасы 57-де болып шықты. Бір қызығы, ол қалада велосипедпен қатынайды екен. Оның күйеуі осында шетелдік компанияда инженер болып жұмыс жасайды. Олар бөтен елге келген бойда қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тыйым-жоралғыларын, әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен дінін үйрене бастағандарын айтады. Тіпті, жергілікті театр мен филармонияға барып концерт тамашалауды дәстүрге айналдырған. Сондай ән әуелеп, күй күмбірлеген кештердің бірінде Дина Нұрпейісова атындағы Атырау халық аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлер кейіпкеріміздің жан дүниесіне қатты әсер етіпті. Атыраулық өнерпаздардың талантына тәнті болған ол алдына үлкен мақсат қойғанын айтады, бұл – қалайда домбырада ойнауды үйрену. Бірақ, қазақ тілінде бірде-бір сөзді білмейтін шетелдікті домбыраға үйрететін тәлімгер табылмаған...
«Мені домбыра сыныбының мұғалімі Ерлан Сақтанов сынақ мерзімімен алуға келісті. Басында өте қиын болды. Себебі, мен қазақша, ол ағылшынша білмеді. Алайда, екеумізді музыканың ғажап құдіреті жіпсіз байлап, жүректі баурап алды. Мен оның табандылығы мен талапшылдығына тәнті болдым. Шыдамдылығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Ол маған дәріс беріп жүргеніне төрт жыл болды. Тіпіт, пандемия кезінде де байланысымыз үзілмеді, сабағымыз онлайн-форматта жалғаса берді» дейді Сабина.
Ол домбыра сабағына күніне төрт сағат уақытын бөледі. Осы мақсатта бір емес, үш домбыра сатып алғанын айтады. Біреуі Атырауда, екіншісі – Англияда. Бізді таңқалдыратыны, оның аз уақытта күйшілердің бір емес, екі бірдей байқауына қатысып үлгергені! Ағылшындық азаматша күй атасы Құрманғазыдан бастап Дәулеткерей мен атыраулық дүлдүл Әзидолла Есқалиевтің күйлерін нақышына келтіре орындағанда, көрермендер орындарынан тұрып қол соққан. Осылайша, оған арнаулы жүлде де табыс етілді.
«Мені бәрінен бұрын Құрманғазының күйлері қайран қалдырады. Ұлы күйшінің өмірі де оңай өтпеген деседі. Ол бар ғұмырын әділетсіздікпен күресіп өткізген. Бойындағы бар арман-мақсаттарын күй арқылы жеткізген. Бұл дала билеушілеріне жақпаған. Ақыры бірнеше рет қудалауға ұшырап, темір торға да тоғытылған. Осының бәрі менің жүрегімді елжіретіп жіберді. Мен енді қазақ күйлері жөнінде ғылыми жұмыспен айналысқым келеді. Қазақ тарихындағы Құрманғазының саяси ролі туралы диссертация қорғауды ойлап жүрмін. Англиядағы студенттер бұл туралы тереңірек білсе екен деймін. Сол үшін де қазақ тілін жан-жақты меңгеріп алғым келеді. Осы мақсатта Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінен қазақ тілін меңгеріп шығуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, Құрманғазы мұрасын толыққанды зерттеу мақсатында қазақ ауылдарын аралау да ойымда бар» дейді ол.
Бұдан бөлек, ағылшындық азаматша қазақтың ұлттық тағамдарына да ғашық болып қалыпты. Әсіресе, бешбармақ пен құрттың дәмі аузынан әлі кетер емес...
«Мен қазір үйде де бешбармақ дайындаймын. Англияда тұрып жатқан балаларым да оны қатты жақсы көреді. Сол сияқты, шұбат пен қазыны да сатып алып тұрамын» дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, Сабина Германияда туған, Ұлыбритания азаматы. Мамандығы – дәрігер. Голландия мен Англия унвиерситеттерінде білім алған. Әйтсе де, мамандығы бойынша еңбек ету бақыты бұйырмағанын айтады. Жұбайының жиі жұмыс ауыстыруына байланысты, үнемі көшіп-қонумен келеді. Осыған дейін олар Ресей, Брунея мен Сирияда тұрып келген. Солардың ішінен оларға Қазақстан мен Сирия елдері айрықша ұнаған екен. Айтпақшы, Сабина ежелгі грек аңыз-әңгімелері бойынша бірнеше рет диссертация қорғаған.
«Қазақстандықтар өте жомарт және мәрт келеді. Қазақ халқының қонақжай қалпы қатты ұнайды. Қиындықта қол ұшын беруге дайын тұрады. Сондықтан да болар бұл жерде менің достарым өте көп. Олар өте белсенді және әрқайсысы әр салада қызмет етеді. Кейбірінің жеке кәсібі де бар. Мен күй байқауына қатысқан кезде олардың бәрі де келіп, қолдау көрсетті. Мен бұл үшін оларға өте ризамын» дейді Сабина.