RSS лента

«Айтыстың құлыншағынан Құлагеріне айналғым келеді!» (сұхбат)

  • 07.02.2024, 16:34,
  • 656
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жуырда үлкен айтыстардың бірінде 15 жасар баланың ересектерден қалыспай, әдемі айтыс жасағанына куә болған едік, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Сөйтсек, ол – Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сыныбында оқып жүрген Марсель Ерсайынов екен. Біз оны аталған білім ұясына арнайы іздеп барып, сұхбат алдық. Біз күтпеген қызық жағдай, дәл сол күн, яғни, 5 ақпан оның туған күнімен сәйкес келді!

 

АҚЫНДЫ ШАБЫТ ШЫҢДАЙД

- Марсель, алдымен өзіңді және отбасыңды қысқаша таныстырып өтсең...

    - Мен 2008 жылы Сафон ауылында дүниеге келдім. Әкем  Қарабалаев Қадірбек Ерсайынұлы қарапайым балықшы, ал, анам Қисамеденова Гүлзада Ерсайынқызы үй шаруасында. Отбасымда төрт баламыз. Ағам қаладағы медицина колледжінде оқиды. Сондай-ақ, өзімнен кейін інім мен қарындасым бар. Жалпы, нағашыларымның ішінде өнерлі жандар көп. Өзімнің әжемнің де дауысы әдемі болған деседі. Ол кісі мен екі жаста болғанда өмірден өткен...

 

- Есімің өзіңді өзгелерден өзгешелеп тұрады екен... Оны кім қойды?

    - Кіндік анам қойды. Оның өзінен білгенімдей, мен туған жылдары «Русское радионың» дәурені дүрілдеп тұрған екен. Соның диджей Марсель Гонсалес деген ең алғашқы жүргізушісі болыпты. Мүмкін, сондай өнерлі жан болсын деген шығар.

 

- Қай мектепте білім алдың?

    - Тоғызыншы сыныпқа дейін ауылдағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепте білім алдым. Шамамен үшінші сыныпта оқып жүргенде ойдан өлең құрастыра бастадым. Бойымдағы өнерді алғаш қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр апайым байқап, бағыт-бағдар беріп жүрді. Аудандық және облыстық мүшәйраларға белсенді қатыстым.

 

- Ең алғашқы жетістігің қандай?

    - Мұрат Мөңкеұлы атындағы аймақтық мүшәйрадан екінші орын алдым. Содан кейін облыстық Қадыр Мырзалиев оқуларынан тағы да екінші орынды қанжығама байладым. Сол кезде әділ қазы алқасындағы ағайлар мен апайлар облыс орталығында өнер мен білімге қатар үйрететін оқу орны бар екенін айтып, менің соған барғаным дұрыс болатынын айтып, ақыл-кеңестерін айтты. Осыдан соң ауылда жүріп қатты ойға баттым. Расымен де, бағымды сынап, Кіші өнер академиясына барсам, қалай болар екен, екінші жағынан, ата-анам жібере ме деп ойладым. Ақыры, ойлағаным орындалып, арман қуып Атырауға да келіп қалдым.


    Айтпақшы, айрықша атап өтер жайт, Алматыда өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық айтыста екінші орын иелендім. Бұл – менің өнер көрсеткен ең алғашқы үлкен сахнам болды. Сол кезде атақты Айтақын Бұлғақов секілді айтулы ақындардың алдында айтыстым. Ал, белгілі айтыскер Дидар Қамиев көрермендермен бірге отырды. Қатты қобалжыдым. Тіпті, саусақтарыма дейін құрысып қалды (жымиып). 

 

ӘКЕНІҢ ҚАНЫМЕН, АНАНЫҢ СҮТІМЕН...


- Ата-анаң өнеріңе қарсы болмады ма?

    - Олар менің өнеріме үнемі қызу қолдау білдіріп келеді. Негізі, ақындық өнер маған әкемнің қанымен келген. Өйткені,  ол да өлең жазуға құмар. Әлі есімде, кішкентай кезімде ол кісі өз өлеңдерін тек маған ғана оқып отыратын. Өзге ешкімге көп оқи бермейтін. «Айналайын, орманым, паналайтын қорғаным, жойылмасын түбірің, ұзақ бослын ғұмырың, уақытымды бөлемін, демалуға келемін, орман ішін кеземін, таза ауасын сеземін» деген өлең жолдары есімде қалыпты. Әкемнің заманында бүгінгідей мол мүмкіндіктер болмаған. Сондықтан атақты ақын болу өзіне бұйырмаса да, баласының үлкен сахналарда айтыс жасап жүргеніне іштей қатты қуанады деп ойлаймын.  

 

- Кіші өнер академиясына емтихансыз қабылданған екенсің...

    - Иә, мен «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты байқауға қатыстым. Өз өлеңдерімді жинақтап,  тапсырдым. Ұсынылған тақырып бойынша табан астында өлең шығардым. «Ақын-айтыс» мамандығының мұғалімі Өнербек Дәулекенов ұстазым сол кезде менің талантымды көзімнен-ақ таныған екен. Сол кісінің алдына барғалы бағым ашылды деуге болады. Ол – менің өнердегі кумирім. Өнербек ағайыма қарап бой түзеймін, ой түзеймін. Осылайша, тоғызыншы сыныптан бастап осы өнер-білім ордасында оқып жатырмын. 

 

СӘТТІЛІК СЫРЫ НЕДЕ?


- Оқуға түскелі бір ай өтпестен, республикалық айтысқа қатысып үлгеріпсің. Сәттілік сыры неде?

    - Жеңіс те, жетістік те тек білім мен еңбек арқылы келеді ғой. Мен де күні-түні тынбай білім алумен, еңбектенумен келе жатырмын. Осы жерге келіп өлең жүйесін қалай дұрыс құру керектігін үйрендім. Мәселен, «мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» секілді қазақтың қара өлеңдері 11 буынннан құралса, менікі одан асып кетуші еді. Сондай-ақ, бір ғажабы, мен бұған дейін домбыра шертуді де білген жоқпын. Оны да осында жүріп аз уақыт ішінде үйреніп алдым. Шүкір, осының бәрі өз нәтижесін беріп жатыр. Өткен жылы облыстық айтыста бас жүлдені жеңіп алдым. Махамбет бабамызға арналған «Арғымақтан туған қазанат» атты үлкен айтысқа қатыстым. 

 

- Сен тек айтыс ақынысың ба, әлде жазба ақындығың да бар ма?

    - Мен екеуін де қатар алып келемін. Жалпы, жазба ақындарға қойылатын талап – өлең жүйелі және ойлы болуы керек. Ал, айтыста ақынның суырыпсалмалық шеберлігі мен шапшаң ойлау қабілетіне көп көңіл бөлінеді. Екеуі де оңай емес. Өлең шығару үшін кітапты көп оқу керек. Рухани дүниең бай болса, халыққа берерің де мол болады. Сондықтан мен де сөздік қорымды көбейтуді мақсат етіп отырмын. «Ақын болып туып, шешенге айналады» деген сөз бар ғой. Болашақта мықты сөз зергері болуды армандаймын.

 

- Қазіргі өлеңдерге көзқарасың қалай?

    - Кейбір өлеңдерді оқып қарасақ, «аспандағы айға барып іздедім» деп асыра сілтеп жатады. «Сырты бүтін, іші түтіндері» де бар. Ондайлар ұтымды ұйқасқа құрылғанымен, ішінде іліп алар мән-мағына болмайды. Мүмкін, мұның бәрі өзгелерге еліктеуден де туатын болар. Иә, түсінемін, ақынның қиялында шек жоқ. Бірақ, менің ойымша, нағыз өлең шынайылықты талап етеді. Өйткені, өлең тек оны жазған адамға ғана тиесілі емес. Ол ең алдымен оқырман көңілінен шыға білуі керек. Өлең арқылы оқырманға мықты мотивация беруге болады. Яғни, бұл өнердің пайдалы жақтары көп, тек соны ескерген жөн деп санаймын. Қалай болғанда да, әр жазылған дүниенің қоғамға тигізер бір пайдасы болғаны жақсы ғой. Ал, бұл үшін өлең тек шындыққа ғана құрылуы қажет.

 

ШЫН ДҮЛДҮЛ ДЕМАЛМАЙДЫ...


- Айтыс деп жүргенде күнделікті сабақ үлгерімің төмендеп кеткен жоқ па?

    - Сұрағыңыз өте орынды. Мектеп қабырғасында жүргенде барлық сабағымды «беске» оқыдым. Кейін өнер жолын таңдаған соң, көп уақытымды, күш-қайратымды соған арнаймын. Қазір академияда 18 түрлі мамандық үйретіледі. Солардың бірі – «айтыс-ақын». Түскі мезгілге дейін өз мамандығым бойынша пәндер оқытылады, бұлар – әдебиет теориясы, сөз өнері және шешендік өнер. Ал, түстен кейін қарапайым сабақтар өтеді. Есесіне, уақытты тиімді пайдалануды үйрендім. Бір ыңғайлы жері, мен тұратын жатақхана мектепке жақын орналасқан. Ол жақтағы адамдар да мені қолдап-қолпаштап жүреді. Өз бөлмемде домбыра тартып, айтысқа дайындалып жатқан кезде де бәрі түсіністікпен қарап, сәттілік тілеп жатады. Осының өзі рухани күш-қуат береді.

 

- Сонда қай уақытта демаласың?

    - Менде демалыс жоқ деуге де болады. Тіпті, сенбі мен жексенбі күндері де босамаймын. Бұл уақытта футбол ойнаймын.

 

- Алдағы жоспарың қандай?

    - Қазір өнер даласында құлын болып шапқылап жүрсем, ертең құлагер болып жыр бәйгесіне түскім келеді. Адам армандай білуі керек деп ойлаймын. Мен де өз өнерімді өрістетіп, шығармашылықтың шыңына жеткім келеді. Алдағы уақытта Астана қаласындағы атақты Шабыт университетінде білім алғым келеді. Онда айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтың өзі дәріс береді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости