RSS лента

Бүгін – еріктілерге ерекше құрмет көрсететін күн

  • 05.12.2023, 12:11,
  • 271
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ru.freepik.com

Кешегі коронавирус пандемиясы кезінде атыраулық еріктілердің бірі Дина Темірғалиеваның ерлікпен пара-пар еңбегі әлі ел есінде, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл туралы "Атырау" газеті жазады.


– 2020 жылды ел Президентінің «Еріктілер жылы» деп жариялағанынан хабардармын, - дейді ол. – Өзім әуелден қайырымдылық шараларына қатысуға, қиналған адамға көмектесуге тырысып жүремін. Мүмкін, әжем Кариманың берген тәрбиесінің ізгі көрінісі шығар. Ол кісі «жетім көрсең, жебей жүр», «жерде бір жетім жыласа, аспанда мың періште мұңаяды» деген ұстанымның адамы еді. Бүгінде Whatsapp чатында, Facebook әлеуметтік желісінде әртүрлі қайырымдылық қорларының хабарламалары желдей есіп жүргені баршаға мәлім. Ауыр науқасы бар бүлдіршіндерді қолдау үшін, үйсіз-күйсіз жүрген жалғызбасты анаға көмек үшін деп келген сондай хабарламаларға өз басым көп болмаса да ақша аударуға тырысып жүремін. Қазір пәтер жалдап, азын-аулақ табыспен жүргендіктен, көп ақша аудара алмайтыным рас. Алайда, өзімнен артылған ақшаны адамдарға жақсылық үшін жұмсағанның несі айып? Мәселе азда немесе көпте емес. Мәселе – жұртқа деген жүрек жылуында. Кейде сол қайырымдылық топтары ақшаны жинап алып, жоқ болып кететіні де бар. Мен оған басымды қатырып жатпаймын. Көмек керек деді, мен қолда барыммен көмектестім. Оның не әңгімесі бар? Ал, дерт айналамыздағы адамдардың өміріне ауыз салып, ажал аузына апарып жатқан кезде мен сырт қала алмадым. Адамдардың қалай қиналғанын сырттай бақылап тұруға дәтім жетпеді. Сөйтіп, Facebook әлеуметтік желісіндегі Мира Есниязова сияқты жандарға үн қостым. Өзім ерлік жасадым деп ойламаймын.

 

Атырау волонтерлер штабының жетекшісі Әмина Жәрдемқызының еріктілер үшін ашқан Whatsapp чатынан «облыстық ауруханаға оттегі баллонын тасуға еріктілер керек» деген жазбаны көзім шалып қалды. Келесі күні ертемен аурухана алдына Асхат, Мира, Талғат және мен ғана жиналдық. Бұл 1 шілде еді. Аурухана маңы толған адам. «Жедел жәрдеммен» алып келіп жатқандар қаншама?! Біз оттегі баллонын тасуға медбикелерге көмектестік. Арнайы киім киіп, баллонды жоғары қабаттарға тасыдық. Түнімен ауруларға қарлығаштың қанатымен су тамызғандай болса да көмектесуге тырыстық. Талғат пен Асхат баллондарды жалғап, Мира екеуміз босаған баллонды сыртқа тасып, сырттан оттегі баллонын әкеліп, қолымыздан келген жұмыстарды жасадық.

 

Отбасымда анам екеуміз ғана. Әжем осыдан үш жыл, әкем алты жыл бұрын дүние салған. Ерікті ретінде ауруханада жүргенімді алғашында анама айтқан жоқпын. Уайымдамасын дедім. Алайда, әлеуметтік желі тұрғанда желдей ескен хабарға тосқауыл қою мүмкін емес екен. Бір аптадай уақыт өткенде анам хабарласып: «Қызым, сен қайда жүрсің? Өзіңді ойламасаң да, мені неге ойламайсың?» деп ренжіп сөйледі. Мен анама аурухана ішіне кірмейтінімізді, сырттан тамақ, баллон тасуға көмектесетінімізді айтып, сендірдім. Ол кісі сонда да келіспеді. Бірақ, менің айтқанымнан қайтпайтынымды білген соң, Жаратқан Аллаға дұға жасап, тілек тілеумен отырды.

 

Алғашқы күндері күні-түні ауруханада жүрдік. Бірақ шаршайтынымыз рас еді. Сөйтіп, бәріміз жиналып, 12 сағаттық жұмыс режимін таңдап, жүйелі түрде жұмыс жасай бастадық.

 

Бірде аурухана терезесінен әлдекімді іздеп жүрген қыз баланы кездестірдім. Есік алдында отырған медицина қызметкеріне бір адамның аты-жөнін қайта-қайта айтып, сұрастырып жүрді. «Кімді іздеп жүрсіз?» деп сұрап едім, жылап қоя бермесі бар ма?! Әкесі ауруханада жатыр екен. Бір хабарын ала алмай, сарсылып жүргеніне бірнеше күн болыпты. Аты-жөнімен іздестірген кезде ол кісінің хал үстінде жатқанын білдім. Кейін қайтыс болды... Сондағы қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің де әкем қайтыс болған еді. Әкесіздіктің не екенін мен жақсы білемін. Әлгі құрбымдай болып кеткен қызды жұбата алмай, екеуміз бірге егілдік...

 

Мира екеуміз әуелгі кезде мықшыңдап, көтере алмай тұратынбыз. Кейін адам өмірінің қыл үстінде тұрғанын көріп, әрі сол адамның өмірі оттегі баллонына тіреліп тұрғанын түсінгеннен кейін ауырлықты сезбейтін болдық. Жан қысылған кезде адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екен. Ең қымбаты – адамның жаны, адамның өмірі. Басқасын табуға болады, сатып ала аласың. Ал, адам ғұмырын сатып ала алмайсың ғой. Біз баллон әкеліп, аз да болса жанына араша түскен адам біреудің анасы, біреудің әкесі, біреудің сүйікті баласы болуы мүмкін. Сондықтан, кешігуге хұқымыз жоқ сияқты болып көрінетін.

 

Мен бала кезімде медицина қызметкері болсам деп армандайтынмын. Ақ халатты абзал жан болу жөніндегі арманым әлі де мені тастап кеткен жоқ. Провизорлық орталықта жүрген кезіміз маған соны түсіндіргендей болды.

 

Біздің қазақы қоғамға, менталитетімізге сәл ерсілеу көрінетін шығар, бірақ мен жан-жануарларды өте жақсы көремін. Әсіресе, қысты күндері аштан бұратылып жүрген мысықтар мен иттерді көргенде, немқұрайлылық таныта алмаймын. Қалтамдағы соңғы ақшама болса да қалбырдағы ет, шұжық сияқты тағамдарды сатып алып, тамақтандыруға тырысамын. Кейде бала мысықтарды, күшіктерді үйге алып кетіп, жуындырып, бағып-қағып, өзімнің таныстарыма беремін. Арамызда мейірімді адамдар көп. Олар тек қаңғыбас мысық-күшіктерді жинап жүр деген сөзден қашады. Еуропада бәрі басқаша ғой. Оларда қаңғыбас жануарларға арналған, арнайы жасақталған жылы сарайлар бар. Мен кейде: «егер қаражатым болса, сол өркениетті елдердегідей жануарлар үйін ашар едім» деп қиялға берілемін. Бәрімізге де сәл мейірім мен көңіл шуағының жетпей тұратыны рас қой...

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости